Биік парасат иесі

1681
Adyrna.kz Telegram

Ұлттық журналистика майданында сайдың тасындай, адамгершіктің туын ұстаған кіл мықты журналистерді дайындап беріп отырған ұстаз, көсемсөз шебері қазақтың маңдайына біткен бақпен тең. Ұстаздың қандай болу керегін сөзі мен ісімен үлгі-өнеге ретінде көрсетіп келе жатқан Кәкен Қамзиннің тұлғасы биік. «Өзімнің дәрістерімдешәкірттеріме ылғи «адал болыңдар, ақ болыңдар, біреудің ала жібін аттамаңдар, тура биде туған жоқ, міне, принцип осындай болуы керек журналистердің деймін. Бар ойлайтыным олардың ертеңгі күнмен, келер шақпен қалай қауышар, қалай табысары. Жүздері жарық болсын деймін де», - дейді ұстаз бір сұқбатында. Кәкен Қамзиннің қазақ журналистикасын оқытуда деген айқын әрі ерек азаматтық ұстанымының арқасында қазақ халқының әдеби-мәдени, тарихи мұрасын мақтанышпен жалғастыратын, насихаттайтын қаламгер шеберлерінің жаңа буындарын қалыптастыруға негіз болды. Ұлттық тәлім-тәрбие, эстетикалық талғам мектебі, сана дәстүрін қалыптастырған Алаш мектебінің жолын жалғаған азат ұстаздың еңбектері мен мақалаларына шолу жасап, ұлттық журналистикаға сіңірген еңбегін бір бағамдап көруге тырыстық.

Кәкен Хамзаұлы Қамзин - филология ғылымының докторы, профессор, көрнекті жазушы, көсемсөзгер. Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі. Белгілі журналистика теоретигі. 100-ге жуық ғылыми мақала мен 4 көркем прозалық шығарманың авторы. Шығармашылығын өз уақытында қазақ әдебиетінің классигі Ғ.М.Мүсірепов, ҚР Мемлекеттік премиясының лауреаты Р. Тоқтаров, белгілі әдебиет сыншысы С. Әшімбаевтар жоғары бағалаған. Кәкен Хамзаұлының ғылыми ізденістерімен Түркия, Ресей, Ұлыбритания, Германия, Италия, Қытай, Моңғолия, Өзбекстан ғылыми жұртшылығы таныс. Кәкен Қамзин 1949 жылы 13 маусымда Жетісу облысы, Үйгентас ауданының Қарлығаш ауылында дүниеге келген. Алматыдағы 9 қазақ орта мектеп- интернатын бітірген. Мектепті аяқтаған соң 2 жыл ұжымшарда жұмыс істеді. 1968-1973 жылдарыҚазақ мемлекеттік университетініңжурналистика факультетін үздік бітірген. Қазақмемлекеттік телерадиокомитетінде, «Жазушы» баспасында, «Вечерняя Алма-Ата» газетінде, «Парасат» журналында қызмет атқарды, «Қазақмемлекеті» республикалық газеті бас редакторының бірінші орынбасары қызметінде болды. 1994 жылдан бері Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де жұмыс істеп келеді. 1999 жылы оқытушы- педагог профессор Т. Қожекеевтің жетекшілігімен «Семипалатинские областные ведомости» газетіндегі «Е.П.Михаэлистің журналистік қызметі» тақырыбында кандидаттық диссертациясын қорғады. 2004 жылы доцент атағын алды. Өзінің ғылыми қызметін жалғастырып 2010 жылы «Қазақпублицистика жанрының эволюциясы» тақырыбында докторлық диссертациясын сәтті қорғады. Қазір ҚазҰУ-дің журналистика факультетінің профессоры. Жазушының қаламынан «Жұлдыздар жылай ма?», «Біздің ауылдың жігіттері», «Тымық түн» атты повестер мен әңгімелер жинағы шыққан. 2002 жылы «Е.П.Михаэлистің журналистік қызметі» атты монографиясы жарық көрді. Бірқатар туындылары орыс, неміс, қарақалпақ тілдеріне аударылған.

Журналист жалпыадамзат қоғам өмірінің ажырамас бөлшегіне айналған ақпарат дүниясының негізгі атқарушы органы. Журналистика қоғам айнасы. Журналист зерттеуінің негізгі нысанасы - көкейтесті факті, құбылыс, оқиға. Жолаушы аптап ыстықта суды қалай қажетсінсе, әсілінде, қазіргі заманда ақпараттың дәрежесі де сол деңгейге орнықты. Бұл ойдан қандай сауал туындайды? Ұлттық журналистиканы қалыптастыру, нығайту мақсатында журналистің бойында болуы тиісті қасиеттер мен жазу машығының алдыңғы орынға қойылуын бағамдауымызға толық негіз бар. Рухани құндылықтарды, ұлттың қадір - қасиетін бойына сіңірген, әдебиеті мен мәдениетін, тұтас тарихын жалаң біліп қана қоймай, оның мән маңызын жете түсіне білетін, аманатқа қиянат жасамайтын, ізденімпаздық, зеректілік, сыни ойлау, талдау, салыстыру, зерттеу қабілеттерімен танылған адам қажет. Иә, маман емес, ең алдымен, адам қажет. Осы салаға, ұлттық журналистиканың қалыптасуына бар ғұмырын арнаған Кәкен Хамзаұлы. Ұстаздың шекпенінен шыққан шәкірттері сусындаған білімнің өнімінен, уақыт ағынымен, тәжірибенің молдығынан, өресі биік аға буындардан тәлім тәрбие алып, маман болып шығады. Журналистке қойылатын талап емес, қажеттіліктер, жаңару, өзгеру, өңделу, толқынмен бірге тербелу сынды критерийлер қатары арта түспесе, кемімейді. Сахнаның киесі бардай, баспасөздің де соған орай киесі бар. Екеуінің де діңгегі халық. Халықтың сауатын арттырып, жақсыға үйір қылатын, жоғары гумандыққа тәрбиелейтін, ұлттық құндылықтарды жауһар жазбаларымен қазақтың рухын жандандырып, ұлттық мәйекті санаға сіңіру де тікелей журналистердің құзыретінде жатыр. Қарусыз майданда, журналистерге, жаманмен күресіп те, жақсылықты жаюға тырысып бағу да керек. Кәкен Қамзиннің дерегіне сүйенсек, журналистика ғылымы төрт діңгекке сүйенеді: теория мен тәжірибе, дәрісшілік пен тәрбие беру континуумына. Төртеуінің басы ұйысқанда ғана, бір-біріне демеу болғанда ғана ұлттық журналистиканың түтіні түзу шығады. Жазудың идеологиялық құрал екені әлімсақтан белгілі. «Қай елдіңбаспасөз мықты болса, сол елдің болашағы мықты» - деп М.Дулатұлы айтқанына еріксіз жүгінеміз. Кәкен Қамзиннің бір ерекшелігі әр мақаласын тың формада, ұтқыр тәсілмен беруінде жатыр. Әр әңгімесі, әр мақаласы жүрекпен жазылған, өмір тынысын терең түсініп отырып суреттейді, ал оқырман сол жұмбақтан өзіндік пәлсапа түйеді. Шынайы қаламгер өзінің биік эстетикалық концепциясын шындыққа тура қарай отырып, бүкпесіз ашық жеткізетіні белгілі. Қаламгер ретінде өз кезеңіндегі, өз дәуіріндегі сөз өнеріне барлық мүмкіндігін пайдаланады, өзіндік өрнегін салады. Кәкен Қамзин «Қазақ әдебиеті» газетінің 45-46 нөмірінде жарияланған «Халқымыздың ішін де, сыртын да байыпты ағартуымыз керек» атты мақаласында: «Қазірсананы қаражат, бизнес билей бастады. Мораль, адамгершілік, ұлттық тәлім-тәрбиежол бетіне шығып қалды. Батыстың өмірсүру моделі (саяси-экономикалықконвергенция, ғаламдастыру, білім менғылым саласындағы бұлғақ) ұлттыққұндылықтарды, қазақы игіліктердіобъективті түрде мансұқтауда. Бөгденің«тәттісін де», «дәмдісін де» еш талғаусыз, сұрыптаусыз жұта берудің зардабын әлі талай тартармыз. Құсармыз. Заманалы реализмнің сипаты да, тұрпаты да нақ осындай... Біз тап қазір халқымыздың ішін де, сыртын да байыпты мақаммен ағартуымыз керек. Әсіресе, жас ұрпақтың. Ұлттық бояумен, ұлттық таныммен, ұлттық болмыспен», - деген ой айтады. Біріншіден, ағартушылық мақалалар оқырмандардың көкжиегін кеңейтуге көмектеседі, оларға әртүрлі мәселелер бойынша жаңа ақпарат пен көзқарастарды ұсынады. Екіншіден, мұндай мақалалар тәрбие мен білім беру құралы бола алады. Олар оқырманға моральдық құндылықтар, этика және дұрыс мінез-құлыққа баулиды. Бұл әсіресе жас ұрпақтың мінезі мен адамгершілігін қалыптастыру үшін өте маңызды. Кәкен Қамзин «Ақиқат» журналының 2008 жылғы 9-нөмірінде «Мақалдан мақалаға дейін» атты зерттеуінде «мақала» терминінің түп-тұқиянына, этимологиясына ешкімнің назары аумағанын айта келіп, мақала сөзіне алғаш болып анықтама береді: «Мақала дегеніміз авторды, қоғамның белсенді бөлігін толғандырған ой мен оның қағаз бетіне түскен таңбасының үйлесімі, құнды, байсалды пікірдің көлемді көсемсөзге айналуы. Мақаланың өн-бойын идея көктеп өтетіні рас. Идея болғанда, қандай идея? Индивидтік һәм әлеуметтік сананы, адамгершілік, рухани әлемнің көсегесін көгертетін идея».

Кезекті соны «Қазақ журналистикасытеориясының іргетасын қалаған кім?» атты танымды, зерттеу мақаласы жарық көрген. Автор сөз өнерін қадірлейтін, сөздің парқын бір қазақтай білетін Ілияс Жансүгіровты қазақ журналистикасының тұңғыш теоретигі деп тұжырымдай келе, ресми құжаттарды негізге ала отыра, бұл теорияны аксиомаға ұластырады. «Біз биолог әріптестеріміздің өсімдіктер атауларын ақаусыз сөйлетерде І.Жансүгіровтің «Жетісу суреттеріне» әлсін-әлсін жүгінетінін жақсы білеміз. Ал, журналистика терминология саласында даоның ізашар болғандығын, тыңнан жолсалғандығын біз әлі толық білмейді екенбіз. Мәселен, «Сөз бастары. Айдар» тараушасына көз салайықшы. «Газет оқитын адам алдымен сөздің басынан көз салады. Қойылған атын, тағылған айдарын (рубрикасын К.Қ) абайлайды. Бәрін қыдырады. Қай жерде сөз басы көзін тартып, көңілін алса, соны оқиды. Сөз басы солаң, күңгірт, жансыз, көтерем, қимыжық болса, ол жазылған нәрсе қанша маңызды болса да оқылмай қалады... Расында, сөзге адами айдар тағу қиын жұмыс. Оған ойлы, милы тәжірибе, шеберлік, шешендік керек. Олай болса, айдар, қалыптау деген терминдердің иесі кім деген сұраққа біз дәл қазір еш бөгелместен Ілияс Жансүгіров деп жауап бере аламыз», - дейді көсемсөзгер. Расында, газет шығару ісінің әрі өнегелі өнер, шығармашылық үдеріс, күрделі технология екені туралы қазақ тілінде тұңғыш теориялық тұжырым жасаған Ілияс Жансүгіров деп білеміз. Бір қызығы, бұл туралы деректің Орталық мұрағатта барын, оның дипломдыққа жұмысқа әбден татитынын төртінші курстағы жас шәкірт болған Кәкен Қамзинге тарих ғылымының докторы, профессор Қ.Н.Бекхожин шет жағалап сездірген. Ол туралы автор: «Сол студенттік кездегі ізденістен қалған екі-үш құжат бұрқыраған қағаздарымның арасынан бүгіндері шыға келгенін қайтерсіз. Содан міне, отыз бес жылдан кейін баяғы тақырыпқа қайта оралып отырмын», - деп белгі береді өз жазбасында.

Профессор «Ұлттық журналистикатеориясының төлбасы» атты 2016 жылы жарық көрген мақаласында қазақ мәдениеті мен ғылымына үлес қосқан Болат Сарыбаев пен Шора Сарыбаевтарды тілге тиек ете келе, осы екі тұлғаны тәрбиелеген, өсірген жеткізген әке деп Шамғали Сарыбаевты бұқараға алғашқылардың бірі болып таныстырады. Автордың айтуынша, ол кісі отбасы тәрбиесімен ғана емес, ұрпақ тәрбиесімен, ұлттық ақпараттық кеңістікті жетілдіру өнегесімен айналысқан алаш азаматтарының бірі. «Ш.Х.Сарыбаев журналистика тарихы, басылымды безендіру, журналистика жанрлары, қазіргі «Журналистикаға кіріспе» деп аталатын пәндерге де ат ізін алғаш салғандардың бірі. Зерттеушінің «Газет деген не?», «Газет түрлері», «Газет шығу уақыты», «Газетке тілші болу үшін», «Газетке жазғаның неге басылмайды?», «Қытайгазеті», «Бұрынғы Рим газеті», «Ресей газеті», «Газет ісінің алға кетуі», «Шеттілдік газетінің шығуы» сияқты тақырыптары әлі күнге дейін көкейтесті. Ғалым ақпараттық кеңестік аспаны шығыстан ашылғанын қадап айтады», - дей келе, Шамғали Сарыбаевтың аты баспасөздің классик білімпаздарының қатарында тұруы тиіс екенін нақтылап айтады.

Қаламгердің бас міндеті оқиға сараптамасын барынша ілгерілету, мейлінше тереңдету, талдамалық мәтінге өз пікірін қосу, басқалардың пікірін назардан тыс қалдырмау.

Кәкен Хамзаұлы - «Е.П.Михаэлистің журналистік және әлеуметтік қызметі» атты еңбегінде Е.П. Михаэлистің «Семипалатинские областные ведомости» газетінің редакторы қызметіндегі елеулі істерін де ғылыми айналымға енгізген тұңғыш қазақ ғалымы. Е.П.Михаэлистің журналист, редактор, ғалым, өлкетанушының көпшілік ғалым назарынан тыс қалған қырлары, міне, осындай. Оның әлі де ашылмай жатқан көмбесі мол. «Шетел архивтеріндегі, әсіресе, Гумбольдт атындағы Берлин университеті мұрағатындағы еңбектері, неміс ғалымдарымен жазысқан хаттары қаншама. Соның бәрі Қазақстанға, қазақ елі мен жеріне қатысты. Оны табу, зерттеу болашақтың ісі, жаңа көзқарастағы жас зерттеушілердің міндеті», - дейді ол.

Кәкен Қамзин мен Мұрат Шаймаранның «Бір қаланың тарихы» хикаятындағы әлеуметтік сатира» атты 1999 жылы жарық көрген бірлескен зерттеу мақаласына ден қойсақ, мінсіз қоғам моделін іздеген әлем ұстазы - әл-Фарабидің көксеген жағымды қоғам жобасын бүгінгі қоғаммен байланыстырып, мән-маңызын аша түседі. Сондай-ақ бүгінгі заманның кейбір ел тұтқаларының сын-сипатын контрасты бояумен, тотияындай ащы сықақпен ажарлап берген зерттеушілердің пікірін беріп, өзіндік үн қосады.

Профессордың «Газеттегі жарнамалық ақпараттың тарихи негіздерін оқыту әдістері» атты мақаласы өміршең. Мақалада қазақ тілінде осы аса қажетті сала бойынша бірде-бір оқулықтың, оқу құралының жоқтығынан жарнама индустриясын қалыптастыру, дистанциялық жарнама, жарнамаға психологиялық адаптация, яғни бой үйрету, товарлардың образын жасау сияқты бағыт-бағдарларды тыңнан зерттеуге тура келетініне тоқталады. Мақалада «Газеттегі жарнамалық ақпарат» атты курсты оқытудағы ерекшеліктер айтылады. Бұл туралы Кәкен Қамзин: «Жарнаманың коммерциялық бет-ажары, сонымен қатар эстетикалық, этикалық, өнери жақтарын, тілі мен стилін жіліктей отырып, кеңінен сөз етуге талпындық. Қазақстандық жарнаманың ұлттық пішініне, логотипіне, дизайнына әрдайым студенттер назарын аударып отырдық. Біз өзіміздің дәрістерімізді, практикалық сабақтарымызды өткізу барысында Аластер Крамптонның «Жарнамалық мәтін шеберханасы», Делл Денисон мен Линда Тобидің «Жарнама жөніндегі оқулығын», Л.Н.Федотованың «Жарнама әлеуметтік кеңістікте», Е.Н.Асеева мен П.В.Асеевтің «Жарнамалық науқан» сияқты кейінгі бес жыл аралығында шыққан зерттеулеріне жол аштық», - дейді. Расында, осы пән бойынша қазақ тілінде лайықты оқулық жазу керек-ақ деген үлкен ойдың туындағанын жасырмаймыз.

«Талдамалы журналистика» атты оқу құралында қазіргі талдамалы журналистиканың шығармашылық болмыс-бітімі, оның жаратылыс пен қоғамдағы орны туралы тиянақты тұжырым жасалады, қоршаған ортаны бейнелеудің талдамалық ерекшеліктері мен әдістеріне назар аударылады. Ең маңыздысы, автор баспасөздегі талдама мен сараптаманың сипатына, мақсат-міндетіне, талдаманың негізгі түрлеріне арнайы тоқталады. Бұл еңбектегі ұстаздың мына бір пікірін адамгершілік әрі кәсіби ұстанымыз ретінде қолданамыз: «Журналистика қашанда адамгершілікпен, эстетикамен, биік талғаммен, көркемдік түсінікпен тығыз байланысты. Ол қасиетті адам бабалар генінен, тәрбиесінен, өмір тәжірибесінен, оқу-тоқудан жұқтырады. Көп оқымаған, көкжиегі қысаң жан жатаған, жалбақтағыш болып қалыптасады. Қазақ даналық мектебінің қарғысқа бергісіз бір тәмсілі кешенің ғибратын тыңда, наданның қол астында жұмыс істе. Желбуаз, күмпілдек, жанның серігі жағымпаз пен жандайшаптар». Кәкен Қамзиннің «Меніңше, айдынды адамның білсем, көрсем, байыбына барсам деген өз санасына, психологиясына сай талдамалы журналистика өмір шындығын танудың ерекше құрамдас бөлігі болып қала береді. Яғни талдамадан шынайы таным туындайды. Кеше де солай болған, бүгін де солай, ертең де солай болмақ. Журналистиканың осы талдамалы әдісі ғана аудиторияға болған оқиға себебінің бүкіл тізбегін, оның даму  келешегін (перспективасын), оның адам мен әлем үшін құндылығының қандай екенін  аңдата алады» - журналистерге айтқан үндеуінде астарлы маңызды мән бар. Талдамалы журналистика атауының өзінде көп нәрсені аңғартып тұр. Журналистер жазбалары арқылы күллі халықты тәрбиелейді, халыққа бағыт бағдар бере алады.

«Қазіргі журналистика - саналы жанның   әлеуетін ашуға, қоғамдық қатынастарды жетілдіруге, қоршаған ортаны философиялық тұрғыдан тануға болысатын, шығармашылық  әдіс-амалды дамытуға көмек қолын созатын жанашырлық сипаты басым бірден бір пән. Сол себептен салыстырымдылық қағидаты, генетика заңдары, табиғи сұрыптау әдісі, гравитация райлары, болжамдық математика амалдары, түрлі-түрлі алгоритмдер   қисындық һәм қолданбалы масс-медиаға да жат емес».  Журналист белгілі бір салаға мамандануы керек, әр саланың білгір маманы болатындай, тұтқиылдан келетін сұраққа жауап бере алатындай қабілетті болса, біздің БАҚ тың ақпараттық әлеуеті де үстем болатыны анық.  Салалық журналистиканың еліміздің болашағына сіңіретін пайдасы туралы сөз қозғар болсам, әр журналистің белгілі бір салаға бағыттануы нұр үстіне нұр болар еді деп пайымдаймын. Себебі, қазіргі ақпараттық соғыс, ақпараттық қауіпсіздік заманында біздің журналистерге өз ісінің білгірлері болып қалыптаспағы керек. Бұл тұста кәсіби білім беру, шеберлікті шыңдау, сауаттылықты арттыру, мамандыққа баулу  журналистерге керек бірінші қатарлы қажеттіліктер. Талдамалы журналистикамен айналысатындар фактінің мәніне үңіледі, оның орын алу себептерін, даму перспективасын ашып көрсетуге тырысады.  Кәкен Қамзин журналистердің құбылысты, оқиғаны жан жақты, мейлінше жеріне жеткізе талдауды әсте мақсат тұтпайтынына тоқталады, ең басты қатер осыдан бастау алып отыр.  

Бүгінгі публицистикадағы аргумент көрінісін ғылыми теориялардағы аксиомаға теңейді. «Аргументке қоса мақалада нақты фактілер іске жегіледі. Оның басты міндеті автордың пайымдары мен дәлелдерінің реалды негізі бар дегенді шегелеу. Одан кейін журналист өз пайымдаулары мен ойларын өмірлік тәжірибесін сөйлету арқылы дәлелдейді. Фактілермен жұмыс істеу, фактілерді жұмыс істету барысында, қандай да болмасын жағдайда, автордың азаматтық ұстанымы (позициясы) үлкен рөл атқарады», - деп жазады.

«Қазақ көсемсөзі жанрларының кемелдену үдерісі» атты монографиясында қазақ көсемсөзі жанрының өзіндік даму жолын, өсіп-өркендеуін   кеңістік пен уақыт аясында, қоғам аяқ алысы және жаратылыс үдерісі контексінде қарастырады. Басты назар аударарлық тұсы, публицистика жанрларының жаңа жүйесі гиперақпараттық айналыстағы баспасөз, телевизия мен радио мәтіндерінің ұлттық көрінісі ретінде тұжырымдалып, журналистика пішіндерінің түрленуі бүгінгі ғылым дамуы биігінен сараланған. Кітапта қазақ тілінің қажеттілігін арттырудың төте жолы осы тілде сөйлесетіндердің санын көбейту мәселесі көтеріледі. «Журналистиканың негізгі пәні қоғам және қоршаған орта. Ауылдық (нағыз қазақы) менталитет, ұлттық сана сияқты ұлы мәселелерге журналист кейіпкер іс-әрекеті, берекелі қызметі арқылы соқпақ салады, олардың көкейтестілігі ешқашан төмен түспейтінін шығарманың бүкіл болмыс-бітімімен аңғартады. Тақырыптың дұрыс таңдалуы, идея мен мазмұнның жымдаса өрілуі, мәтіннің логикалық өрістеуі әрі-беріден соң композиялық орнықтылығы қамтамасыз етеді». Бұл еңбегі туралы филология ғылымының кандидаты, профессор Клара Қабылғазина: «Кәкен Қамзиннің ғалымдығы, білімдарлығы өз алдына бөлек әңгіме. Жеке басының қанағатын, жеке басының уайымын ойламайтын ардақты әке де. Жеке басының қамынан гөрі ұлттың қамын алдыңғы орынға қоятын адам. Кәкен кез келген ақпаратты салыстыра отырып оқиды. Өзінің пір тұтатын тұлғаларының бірі Әнуар Әлімжанов. Сол кісінің ауылынан шыққан, әкесі де таныған. Кәкеннің ғылымға бейім болуына да әкесінің сіңірген еңбегі зор. Кәкен Қамзин ғылыми докторлық жұмысын қазақ публицистикасын зерттеуден бастады. Еңбегін бағзы көне публицистикадан, орыс публицистикасынан бастап зерттеп, зерделеп жақсы еңбек жазып шығарды», - деп сыр шертеді.

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығыныңиегері Арасанбай Естенов «Бір суреттің сыры» атты мақаласында Жыл сайын Желтоқсан  көтерілісі қарсаңында түрлі газеттерде  жиі жарияланатын суреттің сырын ашады және сол кездегі 37 жастағы ұстаздың жанашырлығын тілге тиек етеді. «Өңіміз түгілі, түсімізге кіріпкөрмеген осындай көрініске тап болып, аузымызашыла аң-таң болып тұрған бізге  Кәкен Қамзинағамыз көмекке келді. Жігіттер! Бір-бірімізден көз жазып қалмайық. Шетке шықпай, көбіне осы орта тұста болайық. Көрдіңдер ме? деп иегімен қос қапталдағы биік үйлердің жоғарғы балкондарына құзғынға  ұқсап «қонақтап» алған формалы фотосуретшілерді нұсқады. Айтпағым: бізді анау-мынау  бәле-жаладан құтқарған Кәкен Қамзин ағамыздың жоғарыда тілімізге тиек еткен «тасқамал»  қорғаныс тәсілі менақыл-кеңесі еді. Сонда отыз жеті-ақ  жастағыКәкен ағамыз мұның бәрін қайдан біледі деймізғой. Сөйтсек, «көп жасағаннан сұрама, көпті көргеннен сұра» дегендей, Кәкеңнің  көпті көрген азамат екенін қайдан білейік. Жаныңда жүрген адамның кім екендігі  міне, осындай қиын-қыстау кезеңде ашылады екен. Байыптап, барлап, суыртпақтап сыр тартып байқасақ,  бұл ағамыздың бірінші көрген құқайы емес көрінеді. Сонау 1976 жылы Целиноград қаласында өткен студент-жастар шеруі жайлы ұзынқұлақтан еміс-еміс қана еститін едік», - деп толғана жазады.

Кәкен Қамзин «Журналистиканың басты кейіпкері - шындық» атты мақаласында: «Шындық категориясының реалистік  сипатын ашу индивидтің басты парызы. Ұлы Абайдың:

«Ұқпассың, үстірт қарап бұлғақтасаң,

Суретін көре алмассың, көп бақпасаң,

Көлеңкесі түседі көкейіңе,

Әр сөзін бір ойланып салмақтасаң, деп шындыққа жетудің технологиясын да, оның индивид санасына трансформациялануын да аңғартып кеткен», - деп шындықтың сипатын ашуды оған тереңінен бойлау арқылы ғана жетуге болатынын түсіндіреді. Журналистика болашақ олигархтар мен банкирлерді  тәрбиелемейтінін, ол ең алдымен отансүйгіштерді, ұлттық идеяны қадірлеушілерді әлпештейтінін жазады. «Халқымыздың сымбаты бұзылмаған көсемсөзі, асыра бағалағандық емес, тәрбиелеушілерді тәрбиелейді», - дейді ол.

Кәкен Қамзин - өз шәкірттері үшін білікті тәлімгер және өнегелі өмірдің нақ үлгісі. Ұстаз жазу және талдау дағдыларын қалыптастырып қана қоймай, шәкірттерінің бойында этика мен қоғам алдындағы жауапкершілікке тәрбиелейді. Мұндай ұстаз журналистика саласында терең білімге және салада кең тәжірибеге ие. Ол теорияны оқытып қана қоймайды, сонымен қатар студенттерге заманауи журналистикада сәтті жұмыс істеуге мүмкіндік беретін практикалық дағдыларға баулиды. Өзінің кәсібилігі мен жұмысына деген құштарлығының арқасында  студенттерін де журналистикадағы ұлтқа қызмет ету жолында қажетті аналитикалық ойлауды, шығармашылықты және қарым-қатынас дағдыларын дамытады. Заманға сай техникалық дағдылардан басқа, ұстаз журналистикадағы этика мен моральдың маңызына баса ден қояды. Ол шәкірттеріне ақпараттың дұрыстығын саралап, бағалауға, объективті болуға және басқа адамдардың құқығы мен мүддесін құрметтеуге үйретеді. Осылайша, ол журналистика саласындағы кәсіпқойларды ғана емес, сонымен қатар өз жұмысы арқылы қоғамға оң өзгерістер енгізе алатын көсемсөз көшбасшыларын да қалыптастырады. «Журналистика ең алдымен, шығармашылық. Біз осы туындыгерлік деген құдыреттен айрылып қалғандаймыз. Әрине, монтаждау бар, контент жасау, әрлеу бар. Оны компьютерге сеніп тапсыруға болады. Ал жазу өнерін, сөйлеу өнерін қалай тапсыра аласың? Бұл өте бір нәзік нәрсе», - деген ойы оралып отыр.

Журналистің шығармашылық шеберлігі қатып қалған қағида аясында дамымайды. Халықтың қайғысын бөліспеген адамның оның қуанышында бірге болуға құқығы жоқ сияқты, журналистке де осы принципті ұстанып, журналистика негіздерін осы бір сөзден бастап, тұла бойына сіңіргені абзал болады. Ұстаз студенттеріне әр сабақтың соңында «Азатсыңдар!» деуші еді. Кәкен Қамзиннің ұлағатты сөзін естіген, оны жанына бойлатқан төл шәкірттері ұлттық баспасөздің көсегесін көгертетуді місе тұтады. Сөзімізді Кәкен Қамзиннің мына бір сөзімен қорытындылағымыз келеді: «Жоғары мәртебелі Журналистика алдында, Конституция алдындағыдай, билік басындағылар да, қарашалар да тең. Демократияның, есейген елдің сипаты баламалы пікірге құлақ түру, жарыспалы ойдан үрікпеу».

Бағдат СҰЛТАНҚЫЗЫ

Пікірлер