Алматылықтар мен қала қонақтары жарты жылда 130-дан астам концертке барды

993
Adyrna.kz Telegram

2024 жылдың І жартыжылдығында еліміздің мәдени астанасы халыққа бай мәдени бағдарлама ұсынған. Осы кезеңде қала тұрғындары мен қонақтары үшін 130-дан астам концерт ұйымдастырылды. Ол *концерттерді тамашалау үшін шамамен 820 мың адам билеттер сатып алған.

Тек Республика сарайында алты ай ішінде 105 коммерциялық концерт өткен және 224 340 көрермен билет сатып алған. Тағы бір маңызды жайт - билеттерді сату жұмысы almaty-ayenderi.kz порталында, яғни еліміздегі жалғыз мемлекеттік онлайн-сату сервисінде және Республика сарайының кассаларында жүргізілген.

Соңғы жарты жылда Республика сарайында аншлагпен және бірнеше сеанста өткен қазақстандық әртістердің ТОП-10 концерті: «МузАРТ» тобы, Orda тобы, Мақпал Жүнісова, Amre, Бағжан Октябрь, Тұрар Ыдырыс, Kalifarniya, Ғазизхан Шекербек, NE PROSTO ORCHESTRA және Tynda music симфониялық оркестрлері. Сондай-ақ еліміздегі негізгі концерт залының сахнасында жарты жыл ішінде Blue, C.C. Catch, K-Maro сынды басқа да шетелдік әртістер тамаша өнер көрсетті.

«Әр концерт – кәсіби мамандардың үлкен еңбегі. Біз ивент-компаниялар мен әртістерге, сондай-ақ іс-шаралрдың жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан барлық құрылымдарға алғыс айтамыз. Мәдени іс-шаралар халыққа мерекелік көңіл-күй сыйлайды, одан бөлек мәдениет және туризм салаларының дамуына тікелей ықпал жасайды. Сол арқылы қаламыздың экономикасын арттыруға кешенді түрде әсер етеді», - деп атап өтті Алматы қаласының Мәдениет басқармасы.

Қаңтар айынан бері Almaty Arena көпфункционалды кешенінде қазақстандық және шетелдік танымал әртістердің 12 кеші өтті. Jason Derulo, Вера Брежнева, «Ирина Кайратовна» тобы және Қайрат Нұртас, Баста, МОТ, Мирас Жүгінісов, ANNA ASTI, Mustafa Sandal, Nickol Sherzinger& T.I. және Scorpions тобының өнерін тамашалау мақсатында Almaty Arena-ға 78 950 көрермен келген.

2024 жылдың бірінші жартысында Б.Шолақ атындағы Спорт және мәдениет сарайында және «Сұңқар» халықаралық шаңғы трамплиндер кешенінде 5 концерт өтті, онда «Дос-Мұқасан» ансамблі, Urker, Dequine, Ghetto Dogs, SHIZA, Amre, ALPHA тобы, Қазыбек Құрайыш, Қанай, Adil, Dosekesh, il 'HAN, Ұланғасыр Ками, All Davay, Nazima, abdr, Айау, Даррем, Мераб Амзоев, Иванушка Int., На-на топтары және басқа да әртістер өнер көрсетті. Аталған нысандарда өткен концерттер мен фестивальдерге 17 500 адам келген.

Сондай-ақ мегаполисте жыл басынан бері Наурыз мейрамына, Қазақстан халқының бірлігі күніне, Жеңіс күніне, Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған концерттер және The Spirit Of Tengri фестивалі Open Air форматында өтті. Ашық аспан астында ұйымдастырылған ауқымды мәдени шараларға жүздеген мың алматылық пен қала қонағы барды.

Айта кетейік, жуырда күзде басталған театр маусымы аяқталады. Алдағы уақытта еліміздің мәдени астанасында ұсынылған қойылымдар туралы айтып, маусымды қорытындылайтын боламыз.

 

Пікірлер