Құқықтық мәдениет – дегеніміз адамның жеке басының құқығын білудегі ой өрісі, дүниетанымы. Құқықтық мәдениеттің тірегі – құқықтық тәрбиеге байланысты. Бұл дегеніміз адамның құқыққа және құқықты білуге бағытталған құндылықтар мен идеялар жүйесі. Азамат өз құқығын білуі бүгінгі таңда аса маңызды.
Құқықтық мәдениеттің негізгі элементтері қандай?
- Құқық пен құқықтық нормаларға деген көзқарасты қалыптастыратын сенім
- Құқықтық сауаттылық – негізгі заң ережелерін білу және түсіну
- Заң талаптарына сәйкес келетін практикалық әрекеттер
Құқықтық мәдениетке қарама-қайшы ұғым бұл – құқық бұзушылық. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 15 сәуір күні тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты заңға өзгеріс енгізді. Бұған себеп, ел ішіндегі отбасылық-тұрмыстық құқық бұзушылықтардың жиі орын алуы. Осы орайда айта кететін жайт, құқықтық мәдениеттің дамуы барысында құқық бұзушылыққа немқұрайлы қарамау – бізді жарқын болашаққа жетелейді. Ал бұның негізгі кепілі – тәрбие. «Отан отбасынан басталады» демекші құқықтық білімнің қалыптасуы да отбасындағы тәрбиеге, адамның араласатын қоғамдық ортасына, достарына байланысты болуы мүмкін. Отбасында дұрыс тәлім тәрбиеге қанығып өскен адам заңға қайшы, теріс әрекеттерге баруы екіталай. Сол себепті отбасы тәрбиесіне де аса көңіл бөлген жөн.
Қазақстандағы құқықтық мәдениет 1991 жылы тәуелсіздік алғаннан бері елеулі өзгерістерге ұшырады. Еліміздің әртүрлі аймақтарындағы құқықтық мәдениеттің ерекшеліктерін атап айтар болсақ, Солтүстік және Шығыс аймақтардағы Ресей құқығының тарихи ықпалына байланысты құқықтық нигилизмнің жоғары деңгейін байқауға болады. Ал, Оңтүстік және Батыс өңірлерде үлкенді сыйлау мен рулық ғұрыптан көрінетін дәстүрлі қазақ құқығының айқын әсері қалыптасқан. Орталық Қазақстанға келер болсақ, әртүрлі аумақтардың ерекшеліктерін біріктіретін анағұрлым теңдестірілген құқықтық мәдениет.
Мемлекет халықтың құқықтық санасын арттыру мақсатында түрлі шараларды жүзеге асыруда. Мектеп пен университеттің оқу бағдарламаларына құқықтық білім беру жүйесі енгізілген. Құқықтық пәндер бастауыш мектептен бастап жоғары оқу орындарына дейін білім берудің барлық деңгейінде оқытылады. Бұл құқықтық білімнің негізін қалап, құқықтық сананы жастайынан қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар осы құқықтық білімнің деңгейін көтеру мақсатында ел ішінде түрлі семинарлар мен түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады. Оған қоса, құқықтық білім беру жүйесін құру үшін мемлекеттік органдар, қоғамдық ұйымдар және бұқаралық ақпарат құралдары брошюралар, плакаттар, телерадио хабарлары, интернет-ресурстар және оқу іс-шаралары арқылы құқықтық ақпаратпен халықты хабарландырып отырады.
Құқықтық мәдениетті тек қана құқықпен шектеліп қалған дүние ретінде қарамай, біз оны рухани және ұлттық тұрғыдан да қалыптастыруымыз қажет. Мұның барлығы бір-бірімен өзара тығыз байланыста болуға тиісті. Құқықтық мәдениет – мемлекет пен қоғамның маңызды элементі болғандықтан, бұл қоғамдағы адамдар арасындағы қатынастарды және олардың мемлекетпен өзара әрекетін реттейтін құқықтық білімдердің, сенімдердің, құндылықтардың, мінез-құлық нормалары мен ережелерінің жиынтығы.
Құқықтық мәдениетті дамыту – бұл барлық мүдделі тараптардың: мемлекет, азаматтық қоғам, оқу орындары мен бұқаралық ақпарат құралдарының қатысуын талап ететін үздіксіз процесс. Бірлескен күш-жігер арқылы ғана заңды құрметтейтін әділ қоғам құра аламыз!
Айгүл Мұратқызы