Павлодар, Қызылорда, Орал өлкесінің оқушылары Маңғыстауда экспедиция жүргізді

1302
Adyrna.kz Telegram

«Туған елге тағзым» экспедициясы аясында Павлодар, Қызылорда, Орал қаласының  оқушылары маңғыз Маңғыстаудың әсем табиғатымен тарихын зерттеді. Ақтаудағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде өткен зерттеу бағытындағы өлкетанулық экспедициясына 74 оқушы қатысты.

 Жоба аясында экспедициялық топ Маңғыстау өлкесінің флора, фауна, тарихын, мәдениетін, инновациялық объектілерін, архитектуралық құрылыстарын, зерттеді.

Жобаның алғашқы күндерінде Орал және Қызылорда, Павлодар қаласындағы Зияткерлік мектеп оқушылары  Қабиболла Сыдиықов атындағы Маңғыстау облыстық кітапханасымен танысты. Олар кітапхана құрылысымен, ондағы өлкетану бөліміндегі кітаптар жайында ақпарат алды. Өлкенің қалыптасуы мен дамуындағы өлшеусіз еңбек еткен, заңғар жазушы Әбіш Кекілбаев атындағы Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану мұражайын да тамашалады.

Зияткерлер бір аптаға созылған шара барысында Маңғыстау өлкесімен жақын танысып, ақпарат алу үшін Ақтаудағы өнеркәсіп орындарына барды. Олар Ақтаудағы «Kaz Fruit» азық-түлік сақтау базасына, «Ақтау түйеқұс» фабрикасы,  «Kazakh Osseter» компаниясына саяхаттады. Сонымен қатар, жас зерттеушілер Қазақстандағы кешенді өнеркәсіп орындарының бірі, аммиак және аммиак селитрасын өндіретін жалғыз кәсіпорын «ҚазАзотқа», және жол битумын өндіруге бағытталған «Caspi bitum» мұнай өңдеу зауытының жұмысымен танысты. Сондай-ақ, өңірдегі ең үздік оқу ордасы  Шахмардан Есенов атындағы университетінің  әскери-теңіз академиясымен танысып, соңғы технологиямен жабдықталған оқу орнына қызығушылық танытты.

Жоба бағдарламасына сәйкес, оқушылар Маңғыстаудағы ХІІ-ХVІІ ғасырларға жататын діни сәулет ескерткіші саналатын Қараман ата жер асты мешітіне барды. Жас зерттеушілер жер астындағы мешітпен, қорыммен танысып, ата-баба рухына тағзым етті.

Маңғыстауда құпиясы әлі ашылмаған жерлер өте көп, соның бірі «Торыш» шатқалы. Оқушылар тарихы миллион жылдан асатын шатқалды өз көздерімен көріп, таңдасты. Сапар соңында табиғаттың ерекше үлгісі болған «Ақеспе» алқабын да тамашалады. 

Назарбаев Зияткерлік мектептерінің ұйымдастыруымен 2012 жылдан бері жүзеге асып келе жатқан дәстүрлі «Туған елге тағзым» экспедициясы биыл Ақтау, Семей, Қарағанды, Түркістан, Көкшетау, Өскемен және Павлодар қалаларында жүзеге асты. 

Пікірлер