Қытайда өмір бойына сотталған қазақ қызының жағдайы белгілі болды

34422
Adyrna.kz Telegram
Сурет: ҚР СІМ баспасөз қызметі
Сурет: ҚР СІМ баспасөз қызметі

Қытайда өмір бойына сотталған қазақ қызының жағдайы туралы СІМ мәлімет берді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы ҚазАқпаратқа сілтеп.

Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров ведомствоның баспасөз  мәслихатында  Қытайда сотталған Қазақстан азаматшасы Ақжарқын Тұрлыбай туралы айтты.

«Соңғы 6-7 жылда әлеуметтік желіде неше түрлі ақпарат шықты. Біреуін де растаған жоқпыз. Сондықтан оған қатысты ақпаратты растай алмаймын. Егер қандай да бір сұрақтарыңыз болса, Бас прокуратураға хабарлассаңыз болады. Экстрадицияға осы мемлекеттік орган жауап береді», - деді СІМ ресми өкілі.

БАҚ өкілдері СІМ-нен Ақжарқын Тұрлыбайдың соңғы рет қашан байланысқа шыққан сұрады. Бұл сұраққа Айбек Смадияров қысқа жауап берді.

«Біз байланыстамыз, жағдайы жақсы», - деді ол.

Еске сала кетейік, Ақжарқын Тұрлыбай — 2014 жылы наурызда ұсталған Қазақстан азаматы. Оған шекарадан 4,5 келі есірткіні алып өтпек болды деген айып тағылды. Ол кезде отандасымыз 20 жаста болған еді. Келесі жылы маусым айында Қытай соты қазақ қызын өмір бойына бас бостандығынан айырды. Сотта Ақжарқын шетелдік досы алдап кеткенін айтып, кінәсін мойындаған жоқ. 2016 жылы сот шешімі жойылып, іс қайта қарауға жіберілген болатын.

Пікірлер