Таразда көлік көшенің қақ ортасында қазылған жылу магистралінің шұңқырына түсіп кетті. Бұл туралы әлеуметтік желілерде видео тарады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
Ақпарптқа сәйкес, оқиға жексенбіде Төле би көшесінде болған. Мұнда магистральдық жылу желілерін қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Видеода жол талғамайтын көліктің жолдың дәл ортасында қазылған үлкен шұңқырға түсіп кеткені көрсетілген. Зардап шеккендер бар, соның ішінде балалар бар.
Видеода жүргізушілерге қауіп туралы ескертетін бірде-бір белгі жоқ екені айтылады.
Оқиғаның мән-жайын Жамбыл облыстық Полиция департаменті түсіндірді.
"16 маусымда сағат 17:50-де Төле би көшесімен Абай көшесі бағытында Lexus RX300 көлігінің жүргізушісі "3.1 Кіруге тыйым салынады", "1.23 Жөндеу жұмыстары" жол белгілерін елемей, жолдың жабық бөлігіне өтіп кеткен. Магистральдық құбыр жөнделіп жатқан жолда қоршалмаған шұңқырға түсіп кеткен", - делінген хабарламада.
Апат салдарынан жүргізуші, оның әйелі және кәмелетке толмаған екі баласы зардап шекті. Оларға медициналық көмек көрсетілді. Полицейлер мердігердің үстінен қылмыстық іс қозғады. Тергеуге дейінгі тексеру жүргізіліп жатыр.
Қала әкімшілігі мәліметінше, бұған дейін бұл жолдың жабылатыны туралы ақпарат әлеуметтік желілер мен БАҚ-та таратылып, арнайы жол белгілері орнатылған.