Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев және Абай облысының әкімі аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, мәдениеттанушы, шығыстанушы ғалым, I дәрежелі «Барыс» орденінің иегері, дипломат Мұрат Мұхтарұлы Әуезовтің дүниеден өтуіне байланысты оның отбасы мен жақын туыстарына көңіл айтты, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
“Мұрат Мұхтарұлы ұлт руханиятының алға басуына, қазақ ғылымының көкжиегін кеңейтуге бар саналы ғұмырын арнаған зиялы, парасатты тұлға еді. Қазақ әдебиеті мен мәдениетін, тарихын терең зерделеп, соңына өлшеусіз мол мұра қалдырды. Қазақстанның халықаралық дәрежедегі беделінің артуына өзінің саяси-қоғамдық істерімен зор үлес қосты. Ғибратты ғұмыр кешіп, кемел де кемеңгер әке жолын лайықты жалғаған Мұрат Мұхтарұлының жарқын бейнесі мен қадірлі есімі халқымыздың жүрегінде мәңгі сақталады. Марқұмның иманы саламат, жаны жәннатта болсын”, – деп жазылған Президент жеделхатында.
Абай облысы әкімінің көңіл айтуы әкімдіктің Facebook-тегі парақшасында жарияланды:
«Белгілі жазушы, мəдениеттанушы-ғалым, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Мұрат Мұхтарұлы Əуезовтің қайтыс болғаны туралы суық хабарды зор күйзеліспен қабылдап, барша Абай елінің атынан отбасы мен жақындарына қайғыра көңіл айтамын. Мұрат Мұхтарұлы ұлттық мəдениетіміздің дамуы мен халқымыздың рухани кемелденуіне еңбек сіңірген қайраткер, асылдың сынығы, тектінің жалғасы болған дара тұлға еді. Ол өмірінің соңына дейін қоғамдық шараларға белсене араласып, өзіне ғана тəн азаматтық ұстанымын көрсете білді. Мұрат Мұхтарұлының құнды шығармалары, игі істері мен жарқын бейнесі қазақ елінің жадында мəңгі сақталары анық. Марқұмның жатқан жері жарық, топырағы торқа, иманы саламат болсын” деп жазды Нұрлан Ұранхаев.