“Мені бір-біріне сыйға берді”. Шымкент тұрғыны желіде үндеу жариялады

1867
Adyrna.kz Telegram
Фото: видеодан алынды
Фото: видеодан алынды

Әлеуметтік желіде Шымкент тұрғыны «Ділмұрат ахиге» және оның уағыздарын тыңдап өмірде адасып қалған әйелдерге үндеу жариялады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

«Өзімнің және балаларымның қауіпсіздігі үшін атымды айта алмаймын. Мен Шымкент қаласының тұрғынымын. Намаз оқуды бастап, оның ақыл-кеңесін тыңдап, деструктивті ағымның жігітіне үйлендім (Ділмұрат ахи – Ә.Р.). Мен сізді тыңдап жүрген сәләф жігітке тұрмысқа шықтым, ол өзін сенің шәкіртің деп атады. Көп ұзамай ол тағы бір сәләфті өзінің ағасы санап, мені оған зат ретінде берді. Содан кейін объект ретінде бұл екіншісі мені үшіншіге, үшінші төртіншіге жалғап кете берді. Әр некеден бала тудым», – дейді ол.

Видео авторы Ділмұраттың сөзін тыңдаған көптеген қыз-келіншектердің бірнеше рет тұрмысқа шығуға мәжбүр болғанын айтты. Соның салдарынан балалар тірі жетім, күйеусіз  көшеде қалып отыр.

«Бір сәләфқа барып, “бұған кім кінәлі” деп сұрақ қойсаң, “тағдыр ғой, сабыр сақта” дейсіздер. Қайдағы тағдыр? Керісінше, тағдыр емес, керісінше бұған сіздердің істеп жатқан қателіктеріңіз, надандықтарыңыз кінәлі.

Сіз бізге имамдарды тыңдамаңыз деп отырсыз. Имамдар адасып кетті дейсіз. Демек, олар емес, сіз адасқандарсыз. Шет елге қашып жүрген сенсің, елге іріткі салып жатқан сенсің, қазақ қыздарын, әйелдерін тура жолдан тайдырып, шүберекке түйіп, кейін лақтырып жатқан сенсің. Қыздарға өтінішім: Сәләф ағайындардың алдап-арбауына, азғыруына көнбеңдер. Оларға үйленбе. Жұмақ қақпасы ананың табанының астында. Менің көз жасым мен балаларымның көз жасы үшін о дүниеде сен жауаптысың, Ділмұрат. Өзге қыздардың көз жасына сен жауаптысың», – дейді әйел.

Пікірлер