“90-жылдарға түсіп кеттік пе?” Депутат елдегі заңға қарсы жайттарды қатаң бақылауға алуға шақырды

1387
Adyrna.kz Telegram

Бүгін, 12 маусым күні өткен мәжіліс отырысында депутат Нартай Сәрсенғалиев елде орын алған заңға қайшы соңғы жайттардың қауіптілігін атап, ішкі істер министріне сауал жолдады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Депутат Атырау қаласында болған кісі өлімі мен Алматы облысындағы көкке оқ отқандардың бассыздығын атады. Министрліктен аталмыш жайттарды қатаң бақылауға алуын сұрады:

“Үйлену тойының құрметіне серуенге шыққандар автомат пен тапаншадан оңды-солды оқ жаудырып, қаруды кезекпен алып оқ атып қызық қуған. Қымбат көлік, көп ақша заңды белден басуға мүмкіндік беретін бассыздыққа әкелмеуі керек, бұл бұлжымас қағида емес пе? Алайда ауылдың ортасында жауған оқтап қорқып қашқан қарапайым халықты да, тәртіп  сақшыларын да көзге ілмеген ойсыз тойшылдар құдды бір 90-шы жылдарда жүргендей қаруды қалағанынша қолданған. Онысын абырой көріп видео-фотосын әлеуметтік желіге жүктеген. Бұл дегеніңіз Тәуелсіз елдің Заңын елемеудің, жазасыз қалатындарына сенімді болудың көпе-көрнеу көрініс емес пе?” деді Нартай Аралбайұлы.

Сондай-ақ ол, жақын күндері мектеп түлектерінің бітіру кештері болатынын, аталмыш кештерде тәртіпсіздік орын алмауын, адам шығынының алдын алу қажет екенін еске салды:

Аз күнде орта мектеп түлектері, түрлі оқу орындарының бітірушілері аттестат, диплом алу кештерін жаппай атап өтеді. Сол кезде де отшашу жасап, автокөлікпен жарысып жастарымыз апатқа ұшырап жазым болмауы үшін барлық жағдайды жасау керек. Түлектермен, ата-аналармен түсіндіру жұмыстарын жүргізген жөн” деп қосты ол.

Ішкі істер министрі Ержан Сапарбекұлына қоғамдық тәртіпті сақтау шараларын күшейтіп, түлектердің кештерінде заңсыздық орын алмауы үшін рейдтер жүргізу қажеттігін атады ол. Онымен қоса:

“Прокуратура, Сот-тергеу органдары Алматы облысы Еңбекші қазақ ауданының Түрген ауылында болған оқиғаны саралап, оған қатысы бар азаматтарға заңға сай қатаң жаза кесуі керек. Ішкі істер министрлігі қарапайым азаматтардың қолындағы қару-жараққа инвентаризация жүргізіп, олардың заңға сәйкес келмейтіндерін тәркілеу қажет. Және осы саланы реттейтін нормативтік-құқықтық актілерді қатаңдату керек” деп атап өтті Нартай Сәрсенғалиев. 

Пікірлер