"Бүйрегін езіп, бас сүйегін сындырған". Әскерде екі жыл бұрын көз жұмған сарбазға қатысты жаңа дерек шықты

1744
Adyrna.kz Telegram
Фото: ашық дереккөзден
Фото: ашық дереккөзден

Әскерде екі жыл бұрын қаза тапқан мерзімді сарбаздың денесіне пышақ жарақаты мен соққылардың ізі анықталды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Алмас Шахимовтың туыстары марқұмның денесіне эксгумация жасатып, қорытындысын алты ай күткен. Сараптама нәтижесінде сарбаздың денесінен пышақ жарақаты мен түрлі аяусыз соққылардың ізі анықталды.

Шахимов Алматы қаласында әскери борышын өтеуге кеткен. Алайда араға екі ай салып сарбаздың отбасына қаралы хабар келген. Екі жыл бұрын өлімнің ресми себебін жазатайым оқиға деп хабарлаған. Ресми деректерде сарбаз оқу жаттығу кезінде өзгелерге қауіпсіз жерге баруға көмектесіп, өзі қатты дауылдың әсерінен құлаған метал жабдықтың астында қалып, мерт болды делінген. Марқұмның анасы әскерилердің айғақтарды жойып жібергенін айтады.

“Алғашында бізде көптеген айғақ дәлелдер болғандықтан эксгумация жасатуға қарсы болдық. Алайда әскерилер кейін барлық айғақтарды, ұлымның әскери киімдерін, полигондағы бейнежазбалардың бәрін жойды.

Мәйіт сараптамасынан оң жағынан үш пышақ жарақаты, қылқындырған іздер, 26 дене жарақаты анықталған. Оның бүйрегін езіп, бас сүйегін сындырып, темекіні арқасына басып,  сөндірген”, – деп қосты анасы.

Марқұм сарбаздың анасы баласына әскерилердің несие рәсімдеткенін хабарлаған.

“Алмасты әскерге көзіне ота жасалған соң бірден алып кетті. Олар дәрігерлердің отадан соң жарты жыл физикалық күш салуға болмайды деген тыйымына қарамады. 27 мамыр оны алып кетті. Мамырдың 28-і күні ұлым Алматыға жетті. 29-да әскери бөліміне жетіп, 30-да оның атына несие рәсімделген”, – деді анасы.

Ұлттық гвардия тіпті сарбазға ерлігі үшін марапат та берген. Марқұмның жақындары бұл марапаттан бас тартқан. Себебі олар Алмастың шаңды дауылдан өзгелерді құтқарып емес, біреудің қолынан мерт болғанына сенімді.

Айта кетейік, 2022 жылғы 9 тамызда сағат 20:55 шамасында қатты дауыл көтеріліп, жел салдарынан сарбаздар орналасқан шатыр қалашығы бүліне бастаған. Қатардағы А.Н. Шахимов әріптестерінің қауіпсіз орынға шығуына көмектесіп жүріп шатырдан соңғы болып шыққан кезде, шатырдың темір жақтауы басына тиіп жарақат алған деп хабарланған болатын.

Пікірлер