Қазақтың ұмыт қалған қандай дәстүрлері бар?

175
Adyrna.kz Telegram

Дәстүрдің озығы бар,  тозығы бар деген. Бүгінде байырғы қазақы салт-дәстүрлер көмескіленгені жасырын емес. Жаңа заманның жаңашыл ұрпағы ата-баба дәстүрінен алшақтағандай. Өйткені, кейбір дәстүрлер ұмыт қалып барады.  Салт-дәстүр естіні жаңғыртуға негізделген, сондықтан оны көкейге түйіп, қаперде ұстаған артық етпейді.

Қазақ қашанда құдайы атайтын болған. Құдайы атау, бұл қауіп-қатерден сақтану үшін жасалатын ырым.  Оның ежелгі атауы «Асқарбас» деп аталған. Қиындықтан аман-есен шыққан адам ауыл-аймағына құдайы тамақ берген. Арнайы құрбан шалған. Асқарбасқа шалынатын малдар: бозқасқа (қой), көкқасқа (жылқы), қызыл-қасқа (сиыр). «А, Құдайым оңдасын! Мені осы қиындықтан құтқара гөр! Ақсарбас!», деп  атағанда, адам  қай малын айтса, соны құдайыға союға тиіс болған.

Келесі бір көнерген дәстүр бұл - ат тұлдау.  Бұл ер адам қайтыс болғанда жасалатын дәстүр. Мұндай  кезде дүниеден қайтқан адамның мінген жылқысын күзеп, жылдық асына сол малды сойған деседі.

Ырымшыл халықтың тағы бір ескірген дәстүрінің бірі- аунату.  Балам, есті адамға ұқсасын деп ырымын жасау бұрыннан келе жатқан салт-дәстүр.

Сол себепті, ертеде үйіне келіп қонақ болған, қонып кеткен адамдардың отырған, жатқан жеріне «баламыз осы атасына тартсын, бойына осы атасының қасиеттері қонсын» деп балаларын аунатып алатын болған. Елге, ағайынға сыйлы азамат кіндік қаны тамған туған жеріне келгенінде халық, туған-туыстары, дос жарандары оны сол жердің топырағына аунатып алған. Шыңғыс Айтматов үйіне Мұхтар Әуезов келгенінде, ол отырған орындыққа ұлын аунатып алған көрінеді.

Бүгінде салт-дәстүрді шатастырып, мәнісін бір деп санайтындарда жетерлік. Осы орайда, ара –жігін ажыратып алу керек. Байғазы мен көрімдікті бір деп ойлап жататын тұстар аз емес. Әсілінде, байғазы балаға беретін сый. Жеткіншек ұл-қыздар жаңа зат алғанда берілетін сыйды айтып жатады. Ал, көрімдік тірі жанға берілетін сый.

«Үй алма, көрші ал» деген қазақтың есті дәстүрі ескіргелі қашан.  Қазіргі кезде ерулікті ернеумен шатыстырып, «бүйректен сирақ шығаратындар» жетерлік.  Жалпы, ерулік ауылға я болмаса, қалаға жаңадан қоныс аударып келген үй иелеріне берілетін ас. Бұның түпкі мәні қойы қоралас, ауылы аралас қазақы сыйластықты жоғалтпау болып табылады.

Бұл қатарда «қазан шегелеу» деген дәстүрде бар.  Тура мағынасында емес әрине.  Жақын туыс, әзіл-қалжыңы жарасқан адамдардың үйіне екі-үш адам бірге барып: «Осы үйдің қазанын шегелей келдік» дейді. Бұл олардың түстеніп, ет жеуге келгендігі. Үй иесі оған әзілмен жауап қайтарып: «Жақсы болды, қазан шегелейтін адам таба алмай отыр едік» деп қонақжайлық танытады, әйелі ет асып қонақасы береді.

 

 

 

Пікірлер