Әйелін ұрды деп айыпталған дипломат бүкіл мән-жайды түсіндірді

1898
Adyrna.kz Telegram
Фото: НеМолчи.kz
Фото: НеМолчи.kz

Әйелін ұрды деп айыпталған Қазақстан Республикасының Біріккен Арап Әмірліктеріндегі елшісінің көмекшісі қызметін атқарған Сәкен Мамаш бүкіл мән-жайды түсіндірді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Дипломаттың мәлімдемесін толығымен төменде ұсынамыз:

1. Өмірбаян

Соңғы кезде отбасымның мәселесі дүйім жұртқа жайылып жатыр, Құдай басқа салмасын, мұндай жағдайды ешкім қаламаса керек.

Әлі күнге дейін бала-шағамды қорғап, жанұямды сақтап қалғым келеді, алайда, өкінішке бұл үміттің шырағы ендігісі сөніп бара жатқандай.

Отбасы мен үшін қай кезде болмасын бірінші орында болды. Жанұямды Алланың аманаты деп қабылдап, олардың бүгіні мен ертеңіне барлық жауапкершілікті толық сезінемін.

Жұбайым Карина Құдай қосқан жарым, балаларымның анасы.

Күні кешеге дейін жанұядағы екі ересек адамды отағасы мен анасы деп санап, отбасымыздың бақыты үшін қолдан келгеннің бәрін жасап, шүкір жақсы өмір сүріп, болашаққа жоспарлар құрып келдік.

Сүрінбейтін тұяқ болмайды демекші, әрбір отбасыда ыдыс аяқ сылдырламай тұрмаса керек. Бұндай жағдайдың орын алғанына қатты өкінемін, жұбайыма да айттым, кез-келген күні қайта татуласуға дайынмын, ұлым мен қызымды сағындым.

Қателіктер екеумізде де болды, қазір тергеу жүріп жатыр, сот кінәлі деп тапса, еркек тоқты құрбандық дегендей, жауапкершіліктен қашпаймын.

Өз басым бұл жағдайды өмірдегі сынақ деп қабылдап, барынша сабақ алуға тырысып, түннен кейін күн шығар деп үміттенемін.

Хош, әкем қазақ, шешем қазақ, ауылымда жетінші, кенже ұл болып дүниеге келдім. Әке-шешем қара шаруа, өз еңбегімен адал асын тауып, балаларын асырады.

Жастайымнан асық атып, тай шаптырып, ағайынға қызмет етіп, ақсақалдардың қолына су құйып, қазақи тәрбие көрдім.

Мектеп табалдырығын ауылда аттап, есімде, дайындық сыныпқа барғанда екі әпкемнің арқасында көбейту кестесін жатқа біліп бардым, сабақ арасындағы үзілісте үлкен кластың ұл-қыздары менен көбейту кестесін сұрап, таңдай қағатын.

Құдай берген қабілеттің арқасында білімге жақын болдым, бесінші класқа қарай ағам жазылған орысша газет-журналдарды оқитынмын. Үйдегі, мектептегі кітапханалардағы қызық кітаптарды бірнеше қайтара оқып тастайтынмын. Ең сүйікті кітабым атамыз Бердібек Соқпақбаевтың «Балалық шаққа саяхаты» еді, оны кемінде жүз мәрте оқыған шығармын.

Сонымен, жетінші сыныптан соң білім қуып Алматыдағы мектеп-интернетқа оқуға келдім. Бір жылдан Анам марқұм «кенже баламның қиянда жүргені ауыр болды» деген соң Шымкенттегі мектеп-интернатқа ауысып келіп, сонда аттестат алдым.

Мектеп бітірген соң қайтадан Алматыға келіп, рахметтік Заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ ұлттық Заң университетінің ректоры Нағашыбай Шәйкеновтың әділдігі мен принципшілдігінің арқасында өз күшіммен Заң университетіне бюджетке оқуға түсіп, үздік бітірдім. Сосын екі жыл Әл Фараби университетінде магистратурада білімімді шыңдап, үздік диплом алдым.

Екі дипломды қолыма алып, еліме қызмет етейін деп арман қуып Астанаға келдім. Әуелі бір мекемеде контрактпен істеп жүріп, жарты жылдан соң Сыртқы істер министрлігіне құжат тапсырдым. Министрліктің басшылығының объективті қарастырып, кәсіби бағалауының арқасында дипломатиялық қызметке қабылдандым.

Қызмет ете жүріп, дипломатия саласына өте қажетті болады деген ниетпен өзге тілдерді жетік меңгеруге тырыстым. Атап айтқанда:

1. Ағылшын тілін жетік білемін, дипломатиялық деңгейде сауатты жазып, сөйлей аламын.

2. Орыс тілін де жетік меңгергенмін. Сөйлеу, жазу, дипломатиялық қарым-қанытас деңгейім де жоғары.

3. Түрік тілін де жетік меңгергенмін. Сөйлеу, жазу, дипломатиялық қарым-қанытас деңгейім жоғары, еркін жұмыс істеймін.

4. Арап тілін де жақсы меңгергенмін. Қажетті материалдардың бәрімен жұмыс істей аламын.

5. Қазақ тілі өзімнің Анамның тілі. Қазір сіздерге жағдайымның бәрін қазақ тілінде жазып отырмын.

Сонымен жиырма жылдай мемлекеттік қызметте жұмыс істеп, басшылықтың оң бағалауының арқасында Минскте, Брюссельде және Әбу-Дабиде Елшіліктерде қызмет атқардым.

Көріп отырғандарыңыздай, қарапайым ауыл отбасынан шықтым, ешқандай «жәке-көкем» жоқ, өмір жолымда Құдай қолдап, әділ адамдар көбірек жолығып, елге қызмет етіп, отбасыма адал асын тауып келемін.

Қысқаша өмірбаяным осындай ағайын, келесі бейне жазбаларда басқа да тақырыптардың бетін ашамын.

2. Отбасым туралы

Жұбайым Каринамен сүйіп қосылдым. Анасы Жанарға рахмет, бізді қолдап, қызын өз қолымен ұзатты.

Карина екеуміз де әкесіз жетім өскенбіз, екі жарты бір бүтін болдық.

Отбасы құра салысымен Карина құрсақ көтергенде, Құдай бізге жақ, бірден нәресте берді, қолдағаны ғой деп қатты қуандым.

Араға екі жыл салып, ұлдың ізін ала қызымыз дүниеге келді, өзімізді бақытты жанұя сезіндік.

Отбасы мен үшін қай кезде болмасын бірінші орында болды. Жанұямды Алланың аманаты деп қабылдап, олардың бүгіні мен ертеңіне барлық жауапкершілікті толық сезінемін.

Ұлым мен қызым менің өмірімнің мәні, жалғасы, шежірем емес пе!? Оларды қазақи тәрбиемен, иманға жақын, адал, білімді, мейірімді етіп тәрбиелеуді армандадым.

Алайда, қазіргі іс насырға шауып, отбасымның шаңырағы ортасына түскенде, балаларымның тағдыры не болады деген сұрақ түн ұйқыдан айырып, жанымды жегідей жейді.

Ажырасқан соң, олардың басқа еркектің қас қабағына қарап жалтақтап, еңсесі түсіп, мүсәпір күй кешерін көзге елестетсем, жүрегім қан жылайды.

Ұл мен қызымды Астанадағы үш бөлмелі пәтеріме жайғастырып, мектебіне, киім кешегіне қарасып тұрамын.

Әкесіз өскен баланың тағдыры келесі бірнеше ұрпаққа теріс әсер етпесіне кім кепіл?

Ұлымнан допрос алыпты, енді ол өзін өмір бойы кінәлі сезініп өтетінін ойлаған адам болар ма екен?

Ұлым мен қызымның есі кіріп қалды, «біз отбасыда төрт адамбыз, бірге тұруымыз керек» дейді, оларды көрмегелі көп болды, сағыныш өзегімді өртейді, олар да сағынады әкесін, бұл қалай болғаны, мен олардың әкесі емеспін бе?

3. Материалдық жағдай туралы

Зайыбым Карина мені экономикалық зорлық жасады деп айыптады, соған орай бірқатар мән-жайлардың басын ашайын.

Екеуміз отбасы құрғалы не жеймін, не ішемін демеді, қалаған киімін алып беріп жүремін, шынын айтқанда менен де жақсы өмір сүрді. Отбасымда сен, мен, сенікі, менікі демедім, отбасым, жан жарым, біз, біздікі деп жүрдім. Себебі біз бірміз.

Карина ұзатылғанда Қаржан ауылындағы бір-екі жеңгем «әй, қыздың жасауы, киімі деген болушы еді, ең болмаса ыдыс-аяқ келмеді артынан» дегенде, (әйел затын түсінесіздер ғой) «мен мал мүлік емес, жан жарымды алып жатырмын, бұндай әңгімені қойыңыздар» деп, тоқтау салған едім.

2014 жылы Астанадан Брюссельге 4 жылға кетерде, екеуміз де бір қабат киіммен бардық, сол жақта еуропалық киім-кешек алдық.

Еуропаның Карина қалаған көп жерін аралаттым, Канары, Испания, Италия, Греция, Кипрде апталап демалдық, Бельгияға жақын Франция, Париж, Германия, Голландияға қыдыру көрші ауылға барып келгендей болатын.

Есімде, Грецияға шуба алуға барғанда, Каринаға бір шуба, маған бір жағалы пальто аламыз деп жоспарлап, күні бойы аралап, бір қарасам Каринаға 6 мың евроға екі шуба сатып алыппыз. Мен өзіме ештеңе де алмадым. Соған бола берсінші, менің жан жарым ғой дедім. Мұны айтқанға мені айыптамаңыздар, майдаланып отыр деп сөкпеңіздер! Каринаның өз жеке басына қатысты экономикалық жағдайды көтеріп отырғанына айтып отырмын. Мен одан ештеңені де аяған емеспін, аямаймын да.

Алтын бриллиант дегендерді кемінде екі үш қабаттан тақты.

Қолында жаңа Айфон, менде самсунг, көп жігіттерде сондай-ау осы.

Әбу-Дабиде жүргенде Каринада өзінің кредит картасы болды, қажетін сатып алып жүретін. Тырнақ істететін және әйелдер баратын басқа да салондарға барып жүрді.

Үйдің әр бөлмесінде косметиканың түр түрі үйіліп жататын, макияж, визаж дегендерді ұнатады, өз бетіне әртүрлі сурет салып жүретін.

Музыкамен әуестеніп, оларды жүздеген долларға бірнеше рет сатып алып, өлең жазып, ән шығарды, дауыс жазу мен аранжировка да арзан емес.

Астанада жүргенде ақылы актерлық курстарға барып, өзін актриса сезініп жүретін. Ағылшын тілінің және авто жүргізу курстарына барды.

Аш қалған емес, күні бойы кухня мен холодильник өз қолында, одан қалса аптасына кемінде 2-3 рет қалаға шығып, ресторандарда бірге тамақ ішеміз. Өзі 50 килодан асып кетсе, семіріп кеттім деп, диетаға отыратын.

Дубайға қыдыру, шопинг, пляж, аквапарк, океанариум, технопарктер, зоопарк, сафари парк, мейрам немесе демалыс күндері қонақүйлерге бару, ресторандардан, отбасымнан ақшаны аямадым.

Үйде төрт адам болсақ, жұбайымның киім-кешегі қалған үшеуіміз - мен, ұлым, қызымдікін қосқандағыдан екі есе көп шығар. Осы жолы елге көшіп келерде киім кешек, ойыншықтар, техника т.б. бәрі 15 қораппен келдік, соның 8-9 қорабы Каринаның киім-кешегі.

Зайыбымның өзі айтып жүргендей, Еуропада айлық жоғары, кең жүрдік, Астанада қаражат мол емес, көрпемізге қарай көсілдік. Әбу-Дабиде күн ыстық, жүрек қысылады, көшеде Еуропадағыдай ашық-шашық жүре алмайсың, айыппұл салады. Бәлкім бұл мән-жайлар да жұбайымның жанына батқан болар.

4. Ақша туралы

Жұбайым Карина өз сөзінде ақша мәселесін көтеріп өтті ғой, сондықтан оған да түсінік бере кетейін.

Қолым аузыма жеткелі жақындарыма көмектесіп, оған қоса қайыр-садақа да беріп келемін. Бір қолың бергенді екінші қолың білмесін дегендей, жарияламаушы едім. Туысқан менікі болғандықтан, бауырға көмектесетін уақыттар болады, көмегімді беремін. Алайда, менің туысқандарымның бәрі маған мәселесін артып, жерге қарап отырған жайы жоқ. Кәсіппен де, өздерінің шаруаларымен де тыңғылықты айналысып жүр. Құдайға шүкір, бәрінің де жағдайы жақсы.

Әуелі туған ауылымдағы жетім-жесір, мұқтаждарға азық-түлік таратып, 15-20 балаға мектепке сөмке мен форма, мейрамдарда сыйлық беріп жүрдім. Бірнеше жылдан бері осылай көмегімді көрсетіп келемін.

Осыдан он жылдай бұрын таныс жігіттер «Шектеусіз Үміт» деп аталатын ДЦП балаларды оңалту орталығын ашып, сол кезден бері жыл сайын ақша аударып келемін. Жылына 1000 доллар беріп тұрамын деп өзіме планка қойғанмын.

Ағайын ағамның шиеттей мектеп жасындағы үш баламен жесір қалған 2-ші топтағы мүгедек жеңгеміздің отбасына да қол ұшын созып тұрамын, алдыңғы жылы ипотекасына 2 миллион теңге қостым, оған қоса жылына бірнеше рет тағы жіберіп тұрамын. Ол жеңгеме айтушы едім, менің ақша бергенімді ешкімге айтпаңыз, тіпті балаларыңыз да білмесін, өздерін қарыздар сезініп, жасық өспесін деп айтып кетемін.

Ағайын-туғанға осылайша қолғабыс көрсетемін. Үш рет қайтарымсыз көмек бергенім есімде – анам ракпен ауырғанда, әпкем операцияға түскенде, 7 балалы қарындасым үй саламын дегенде ақша бердім, бәрін қосқанда 4-5 миллион теңге болар.

«Жұбайыңның анасына өз анаңдай қара» деген бар, қайын жұртыма үйленгелі жыл сайын қаражат беріп келемін, есептегенім жоқ, дегенмен ең аз дегенде 15-20 мың доллардан кем емес. Қайын енемнің операциясына, қайын әпкемнің оқуына бердім, жәй жәрдем ретінде де қолына ұстаттым. Қайын енем, өзі жалғызбасты,  рахмет айтқан кезде «маған Құдай береді, бермесе сізге бере алмас едім», сондықтан алғысты жоғары жаққа айтыңыз дедім. Қайын енемді Бельгияға да, Әбу Дабиге де билетін алып беріп шақырып, қыдыртқаным бар.

Хош, сонымен соңғы 1-2 жылда жұбайым Карина қайыр-садақаңды тоқтат дей бастады. Каринаға «бізде Құдайға шүкір жағдай жақсы, қайыр-садақа отбасымызға сауап, қорған болады, саған да, марқұм әкеңе де тиеді» дедім.

Қайын енем маған «меценат» деп мазақ ат қойып, ол да қызымен бірге қысым жасай бастады. Жалпы, қайын енем біздің отбасының істеріне қатты араласты. Ол кісі өзі Ресейде үйде отырады, бірақ біздің ұсақ түйектер істерімізге дейін өзінің ақыл-кеңесін аямайды.

Оларға қаржылық мүмкіндігім болғанына шүкір, қалтама қарап қайыр беруді жалғастыра беремін дедім. Бір жағынан, өзімнен де бар шығар, қайыр, садақа, қанағат дегендерді оның жүрегіне жеткізе алмадым-ау. Мүмкін, менің осы әрекеттерім де қателік болған шығар...

5. Отбасылық кикілжің туралы

Арыдан бастасам, өзім енді естіп жатырмын, қайы ненем мен жұбайым былтыр көктемнен бері ажырасуға шешім қабылдап қойған екен. Онысын маған айтпайды, білдірмейді, ойнап күліп, дайындалып, қолайлы сәтті күтіп жүргендей.

Кейін ойлап қоям, бұлар бұрыннан ажырасуға шешім қабылдап, осы сәтті ыңғайлы деп шешіп, арандатушы арнайы операция жасаған ба деп. Ойлап отырсам денем түршігіп, ордалы жыланға тап болғандай күй кешемін. Ресейліктер спец-операция жасауға мастер емес пе!?

Біз еркек байғұс аңғал келе ме, әлде мен ғана аңқаумын ба, жұбайымның ондай көңіл күйін тіпті байқамаппын. Қалай аңғарасың, әйелің еш шағымданбастан, жаныңда ойнап күліп жүрсе.

Былтыр жазда өзі барғысы келген Италияға он күнге апарып, күздегі туған күніне бриллиант жүзік пен алтын сырға сыйлап, биылғы 8 мартқа жергілікті «Мальдивы» деп атайтын аралдағы қымбат виллаға апардым. Мен ажырасу туралы ойласам, осыны жасар ма едім!?

Жұбайым Карина ресейлік азаматтықтан әлі шықпастан, оған қоса ұл-қызымды Ресейге әкетуге шешесіне құжат дайындап қойғанын айтты. Бұл маған өте ауыр тиді.

6. Қосымша сұрақтар

Жұбайым Карина интервьюде көтерген жекелеген сұрақтарға жауап беру қажет шығар.

Жыныстық зорлау туралы. Бұл сұрақ бойынша қысқа қайырған жөн болар. Ешқандай жыныстық зорлау болмаған. Ерлі-зайыпты ретінде қалыпты қарым-қатынастар болды.

Эмоционалдық зорлық туралы. Мәселен, жылда 365 күн болса, соның ішінде 1-2 рет кішігірім кикілжің болып тұрған шығар, бір бірімізге ренжіп, өкпелеп жүретіндей. Карина ішінде күйзеліс, қорқыныш, ыза, өкпе толды деп маған бір айтпапты.

Біресе 10 жыл қорлық көрдім дейді, біресе 2018 жылдан басталды дейді. Онысын қайдам, менен жақсы өмір сүрді, жұмыс істемейді, не жеймін, не ішем демейді, үлде мен бүлдеге оранып жүрді.

«Некуда бежать» дейді. Жыл сайын Қазақстанға келіп тұратынбыз, анасы былтыр Әбу-Дабиге келді. Шетелде жүргенде Елші бар, басқа әріптестер бар, ешкімге арызданбаған. 2022 және 2023 жылдары жаз кезінде мен Әбу Дабиде жұмыста, Карина өзі Астанада менсіз айлап тұрды, қолын ешкім байлаған жоқ.

7. Көзге шөп салу туралы

Жұбайымның көзіне шөп салмағанмын. Бұл зинақорлық, үлкен күнә. Карина негізсіз кінәлаған бухгалтер әріптесімнен кешірім сұраймын, Карина мені қызғанған соң қате қорытынды шығарып, ол келіншекті бекер айыптады. Мұны әйелге тән қызғаныш деп қойғанмын.

Мені бір алкогольге жақын адам етіп сипаттағаны ұят болды. Менде ішімдікке деген бір қажеттік жоқ, бірнеше жылдап татып алмаған кездерім болды. Кей-кейде дипломатиялық қабылдауларда, той-томалақта бірлі жарым шарап боп тұрады.

Қызғаныш туралы. Қызғаныш сезімі жақсы көретін еркекке тән емес пе, мен бір бас салып қызғанып, болар-болмасқа жұбайымды қудалаған емеспін.

Менің әке шешемнен бастап, ағайындарыма да ғайбат тіл тигізді, оны бір Құдай өзі кешірсін. Ағайындарым да алдағы уақытта өз уәждерін айтатын болады. Күтіңіздер! Әлі көп нәрсе айтылады. Себебі, бәрін де айтуға тура келді.

8.Тұжырым

Сүрінбейтін тұяқ болмайды, әрбір отбасыда ыдыс аяқ сылдырламай тұрмайды. Отбасын сақтау үшін ыдыс-аяқтың сылдырына сабыр сақтап қарап келген жанмын.

Өзімді судан таза сүттен ақ деуден аулақпын, дегенмен, отбасыда екі ересек адам болса, бірі періште, екіншісі 100 пайыз кінәлі болатын жағдай жоққа жақын шығар.

Қазір тергеу жүріп жатыр, сот кінәлі деп тапса, еркек тоқты құрбандық дегендей, жауапкершіліктен қашпаймын.

Өз басым бұл жағдайды өмірдегі сынақ деп қабылдап, барынша сабақ алуға тырысып, түннен кейін күн шығар деп үміттенемін.

Сайып келгенде, бұндай жағдайлар қазіргі қазақ қоғамы үшін өте өзекті болып тұрған сияқты. Отбасының күйреуі, бала шағаның тірі жетім қалуы, бәрі-бәрі салдары орасан болуы ықтимал күрделі мәселе екеніне келісетін шығарсыздар.

Қазақ отбасының тағдыры дәл қазір бір жолайрықта тұрғандай болып көрінеді. Батыс еуропалық үлгіге ұмтыламыз десек, ерлі-зайыптылардың әрқайсысының бөлек бюджеті, жанұя құру кризисі, бала туу көрсеткішінің күрт кеміп, еуропалық деңгейге құлдырауы әбден мүмкін. Бұл бізді түбі құрдымға жібереді.

Орысша айтқанда «в сухом остатке что имеем?» демекші, бұндай істердің түп мақсаты отбасыдағы түсініспеушіліктер мен кикілжіңнен әйелдің ішіне жиналған эмоционалдық кегін алып беру болғаны ма?

Бұл ретте, көкейімді бірнеше сұрақтар мазалайды:

• Біз неге отбасы мәселесінде қазақтың дәстүрлі амалдарын ұмытып кеттік, мың жылдық құдалар, ақсақалдар, ағайынгершілік, аға-жеңге, дос-жаран қайда қалды?

• Біз неге билер соты, қоғамдық сот, ұжымдағы әріптестер, медиациялық татуластыру сынды қоғамдық жұмсақ билікті қолданбаймыз?

• Біз неге отбасының ішкі мәселелерін жар жаһанға жариялап, одан хайп қуып, тіпті ләззат алуды әдетке айналдырдық?

• Біз неге отбасы институтының мәнін төмендетіп, қоғамның, халықтың аса маңызды құраушы бөлігі әрі құндылығын кейінгі орынға қоятын болдық?

• Біз неге әрбір жанұяны нығайтуды, орнықтыруды, қолдауды, жарастыруды ұмытып, мәселенің себебімен емес, салдарымен күресіп кеттік?

• Біз неге балалардың тағдыры, тірі жетімдік, олардың психологиялық травмалары, жалпы бүгіні мен ертеңін бірінші кезекте ойламаймыз?

• Біз неге екі адам қатысатын отбасылық кикілжіңде әйелдің рөлін, тілі, сөзі, қолы, тірлігі, ой-пиғылы, тіпті кейде провокациясы, басқа да іс-қимылдарын ескермейміз?

• Біз неге әкенің отбасыдағы аса маңызды рөлдерін - отағасы, қорғаны, асқар тауы, берік қамалы мәртебелерін ұмытып барамыз?

Құрметпен:

Қазақстан Республикасының Біріккен Арап Әмірліктеріндегі елшісінің көмекшісі қызметін атқарған Сәкен Мамаш.

Пікірлер