Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығының директоры Гүлнәр Нұрланованы қабылдады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеп.
“Кездесу барысында Президент ана мен бала денсаулығын сақтау саласы мемлекетіміздің басты басымдығы саналатынын атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев отандық денсаулық сақтау жүйесінің алдында жүкті әйелдер мен балаларға медициналық көмектің қолжетімділігін әрі сапасын арттыру, ана мен бала өлімін азайту, балалардың мүгедектігін ерте анықтау және алдын алу жөнінде маңызды міндеттер тұрғанын айтты. Мемлекет басшысы перзентханалардың инфрақұрылымын нығайту және олардың жұмысына озық стандарттар мен әдістемелерді енгізу қажеттігіне ерекше назар аударды” делінген хабарламада.
Гүлнар Нұрланова Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығының қызметі мен жетістіктері және жүзеге асырылып жатқан жобалары туралы мәлімет берді. Сондай-ақ Орталық еліміздегі туа біткен жүрек аурулары бар науқастарды бақылаудың толық циклі жүргізілетін жалғыз мекеме екенін жеткізді. Мұнда жыл сайын 200 кардиохирургиялық ота жасалады. Перзентханада дүниеге келетін нәрестелер саны 9000-ға, оның ішінде мерзімінен бұрын туғандар шамамен 3700-ге жетеді.
Президентке фетальді хирургияға қатысты революциялық жоба енгізіле бастағаны жөнінде баяндалды. Медициналық көмектің аталған бағытына сәйкес, туа біткен даму кемістіктерін коррекциялау үшін балаға құрсақ ішінде жатқанда операция жасалады. Жоба дені сау баланы дүниеге әкеліп, ана бақытына бөленуге мүмкіндік береді.
Қасым-Жомарт Тоқаев дәрігерлерді қолдау мәселелеріне арнайы тоқталып, олардың қоғам үшін сіңіріп жатқан еңбегі маңызды екенін атап өтті. Президент биыл медицина қызметкерлерінің мүддесін қорғауға және дәрігер қызметінің мәртебесін арттыруға бағытталған заңға қол қойғанын еске салды. Сонымен қатар алғаш рет «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» мемлекеттік наградасы бекітілді.