Қуғын-cүргін құрбандары. Құнды құжаттар сақталған мұражай

2341
Adyrna.kz Telegram
Коллаж: adyrna.kz
Коллаж: adyrna.kz

Елде саяси қуғын-сүргін мен Ашаршылық құрбандарына арналған бірнеше музей бар. Соның бірі – Шымкенттегі  саяси қуғын-сүргін құрбандарының қалалық мұражайы.

Оңтүстіктегі мұражай – Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейі елдегі ашаршылық құрбандары мен саяси қуғын-сүргінге ұшыраған тұлғаларға арнап ашылған тұңғыш мекеме. Ол 2001 жылы 2 қарашада ел тәуелсіздігінің 10 жылдығына орай құрылған. Шымкент қаласы «мегаполис» мәртебесін иеленгенше музей Оңтүстік Қазақстан облыстық саяси қуғын-сүргін құрбандары мұражайы деп аталды.

Бүгінде  Шымкент қалалық Оңтүстік Қазақстан облыстық саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінде өткен ғасырдың 30-32 жылдары атылған 2500 адамның есімі жазылған. Мұнда мемлекет және қоғам қайраткерлерінің және жаппай қуғын-сүргіннің құрбандары болған адамдардың құжаттары мен суреттерін сақталған. Мұражай қызметкерлерінің сөзінше, сол жылдары 135 мың адам қудаланып, 25 мыңнан астамы атылған.

- 1930-1950 жылдары ГУЛАГ жүйесі болған. Мына картадағы қызыл нүктелер - еңбекпен түзету лагерьлері. 26 нүктесі болған. Жиырма алтыншы нүктесі Ақмоладағы АЛЖИР лагері болған. Оңтүстік өңірі бойынша жазықсыз жазаланғандар мен атылғандардың архивтік құжаттары мен фотолары бізде сақталған. Оңтүстікте 7 мыңға жуық адам қудалауға ұшыраған. Оның екі мыңнан астамы атылған. Олардың ішінде жәй ғана қарапайым мұғалімдер, дін өкілдері, шаруалар да айдауға кетіп отырған, - дейді мұражай қызметкері Айжан Тұрсынбекқызы.

«АЛБАСТЫСАЙ НЕ ҚАЙТПАС»

Оңтүстіктегі қуғын-сүргіннің бір айғағы — Қасірет мемориал кешені болып табылады. Бұл кешен 1998 жылы ашылған. Оңтүстікте атылған 2500-дей адамның ішінде 100-ден астам мұсылман діни қызметкерлері, молдалар, ишандар ату жазасына кесілген.

- Қала аумағында орналасқан Қасірет мемориалы бар. Қуғын-сүргінде атылғандардың тең жартысының сүйегі сол жақта жатыр. Атылғандарды көмбеуге бұйрық берген. Сол 30-40-50 жылдары ол жерді «Албастысай» деп атаған екен. Өйткені, осы атылған кісінің біреуі бірден мерт болса, ендігі бірінің жаны қиналған. Сол ыңырсыған дауысты естіген жолаушылар «мынау Албастысай екен» деп кеткен. Сол аймаққа 1991 жылы «Қайтпас» атауын берген. Ал 1997 жылы осы кісілердің әруақтарына арнап, мазарат етіп сол мемориалды тұрғызған. Біздің музейде атылған, қуғын-сүргіннің құрбандары болғандардың құжаттары, суреттері болғанымен, олардың сүйектері қайда қалғаны белгісіз. Жазалалғандардың арасында тек қазақтар емес, өзге ұлт өкілдері де атылып отырған, - дейді фото суреттермен таныстырған мұражай қызметкері.

«50 ТҮРЛІ ҚИНАУ ТӘСІЛІ»

Шымкенттегі музейдің бірінші қабатында «Репрессия» мүсінімен қатар «Азаптау бөлмесі» де экспозицияланған.

- Бұл жерді «Азаптау камерасы не сұрақ-жауап камерасы» дейміз. Сол жылдары билік көздеген адамдарын түннің ішінде үйлерінен алып кетіп, осындай камераға әкелген. Жасалмаған күнәні мойнына ілу үшін елу түрлі қинау, азаптау тәсілдерін қолданған. Соның бірнешесі қайнаған жұмыртқаны денеге салып, сақал-мұртты біртіндеп жұлу, тырнақтың асытна ине тығу, тістерді жұлу сынды жантүршігерлік тәсілдер болған. Осындай азаптаулардан соң құрбандар жасамаған істі «өз мойнына» алып, қол қойып берген. Сол арқылы  үштіктің үкімімен сотқа дейін жеткізілмей, атылып отырған. Мысалы, Ахмет Байтұрсынұлы он жылға жуық түрмеде отырды. Оны 1937 жылы 8 желтоқсан күні 58-ші бап бойынша «халық жауы» деп атқан, - дейді қалалық музейдің қызметкері Айжан Тұрсынбекқызы.

Мұражайдың бірінші қабатында атылғандар мен жазықсыз жазаланғандардың фото-құжаттары ілінген. Суреттің жанында ҚарЛаг пен АЛЖИР лагерлерінен әкелінген топырақ та мұражайда сақталған.

МҰРАЖАЙДАҒЫ «ТАҒЗЫМ»

Құрбандарды еске алу мұражайы екі қабаттан тұрады. Бас бөлімде қақ ортада тікенді сыммен қоршалған Сталиннің бейнесі қойылған. Жанында қуғын-сүргінде қаза болған зиялылар Ахмет Байтұрсынов, Жүсіпбек Аймауытов, Мұстафа Шоқай, Тұрар Рысқұлов, Мұхамеджан Тынышпаев, Мағжан Жұмабаев сынды бірнеше ұлы адамдардың портреттері ілінген.

Мұражайдың екінші қабатында орналасқан "Тағзым" залы саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған. Онда атылғандардың есімі жазылған тақтайша тұр. Яғни, Қазақстанның оңтүстік өңірінің тумаларының есімі жазылған. Бөлменің ішкі бөлігінде репрессия жылдары өртелген Құран кітаптың жанбаған беттері сақталған.

Шымкенттің қақ ортасында орналасқан мұражайдың тағы бір ерекшелігі – кинотеатр. Мұнда арнайы бөлмеде отыз шақты адамға арналған кинозал бар. Оған кіріп қуғын-сүргін кезеңіне айналған деректі фильм мен басқа бейнежазбаларды көруге болады. "Алжир" деректі фильмі де осы мұражайда көрсетіледі.

Шамамен, музейге жыл сайын 15 мыңнан астам адам келіп, экспонаттармен танысады. Келушілердің басым бөлігі – мектеп оқушылары.

Тарихтың қайғылы беттері – миллиондаған адамның өмірін жалмаған ашаршылық пен қуғын-сүргін. Кеңестің солақай саясаты салдарынан қазақ жерінде 26 лагерь ашылып, құрбандар сонда жіберілген.  Кеңестік республикада репрессия 1928 жылдан басталған. Халық жадында "Ұлы жұт", "Ашаршылық", "Нәубет", "Зобалаң", "Зұлмат" деген атаулармен есте қалған ашаршылық Қазақстанда 1931-1933 жылдары болды. Миллиондаған адам қаза тапты, түрлі аурулар пайда болды, ел Ұлы жұтты бастан кешірді. Соған орай 1920 жылдардың аяғы - 1950 жылдардың басы жаппай саяси қуғын-сүргін жүргізілген. Қазақ елінде алдымен Алаш қайраткерлері тұтқындалды. Оларға "ұлтшыл" деген айып тағылды. Кейіннен қарапайым шаруа, ауыл мұғалімі, жұмыссыз не қара жұмысшы да Үкіметтің қаһарына ілініп, «халық жауы» атанды.

Сымбат Наухан,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер