Петропавлда үйін жарып жіберген 95 жастағы зейнеткер қайтыс болды

1613
Adyrna.kz Telegram

Петропавлда үйін жарып жіберген 95 жастағы зейнеткер қайтыс болды. Бұл туралы СҚО денсаулық сақтау басқармасының өкілдері айтты, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы. 

Ақпаратқа сәйкес, зейнеткер 26 мамырға қараған түні қайтыс болған.

Қарияның денесінің 60 пайызын күйік шалған. Дәрігерлердің сөзінше, мұндай жағдайларда тері некрозы (дене тіндерінің бұзылуы) болады.

Еске сала кетейік, 22 мамыр күні Петропавлда әйелімен жанжалдасқан қария өзін өлтірмек болып газ баллонын жарып жібергенін хабарлаған едік.

Көршілерінің айтуынша, зейнеткер бақшасына картопты кімнің отырғызғанын ұмытып қалып шу шығарған көрінеді.

Жанжал қала шетіндегі жер үйде болған. Көршілері екі рет гүрс еткен жарылысты естіген. Осы сәтте баспананың күлі көкке ұшып, өрт тұтанған. Жанұшырып жүгірген қарияның әйелі көршілерден көмек сұрапты. Әжейді 94 жастағы зейнеткер әбден сабап тастаған екен. Денесінде сау тамтығы жоқ ол қарияның газ баллонын жарғалы жатқанын айтқан. Көршілері полиция мен өрт сөндіру қызметіне хабар берген. Олар келгенше, үй түгел жанып кетті.

Ал газ баллонын жарған үй иесі басын аман алып шығып, қораға тығылып үлгеріпті. Оны құтқарушылар жедел жәрдемге тапсырған. Зейнеткер сол сәтте есін білгенімен, ауруханаға келген соң жағдайы нашарлап, жансақтау бөліміне жатқызылған еді.

Пікірлер