Түлектер төбелесі. Маңғыстаудағы жанжалдан кейін ата-аналар кешірім сұрады (ВИДЕО)

1339
Adyrna.kz Telegram

Маңғыстау облысы Бейнеу ауданындағы түлектердің ата-аналары 25 мамыр күні түс ауа Боранқұл ауылында соңғы қоңыраудан кейін болған жаппай төбелеске байланысты бірнеше видеохабарлама жолдады, - деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Ата-аналар балаларының қылығы үшін Қазақстан халқынан кешірім сұрады. Түлектердің әкелері мен аналары төбелес салдарынан ешкім зардап шекпеді деп сендірді. Олардың айтуынша, мұғалімдер, мектеп директоры және полиция қызметкерлері түсіндіру жұмыстарын жүргізген. Ешқандай шағымдар жоқ.

Түлектердің өздері де кешірім сұрады. Олар төбелестің қандай да бір «келіспеушіліктен» туындағанын айтты. Сондай-ақ олар ата-аналардан, мектеп басшылығынан және мұғалімдерден кешірім сұрады.

Естеріңізге сала кетейік, сенбі, 25 мамыр күні түс ауа Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданы, Боранқұл (бұрынғы Опорный) ауылында түлектер арасында жаппай төбелес болған еді. Оқиға видеоға түсіп қалып, әлеуметтік желіде жарияланған. Кадрда бірнеше ондаған жасөспірімнің төбелесіп жатқаны, олардың кейбірінің жиналғандарға тас лақтырып жатқаны көрінеді.

Облыстық полиция департаменті бұзақылыққа қатысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Кәмелетке толмаған 47 жасөспірім полицияға жеткізілді.

Пікірлер