Қазақ спортшылары Канадада чемпион атанды

2342
Adyrna.kz Telegram

Әлемнің мықты каратистерін жинайтын Dageki World Full Contact Karate Championship-2024 додасына Қазақстаннан қатысқан спортшылар командалық есепте 1-орын алды.  Алтын медаль алған тәжірибелі спортшы азаматтар  ішінде 17 жасар Диана Есжанова да бар.

Еліміздің намысын қорғап Канадаға барғанҚазақстан құрамасында 21 спортшы болса, оның он бірі Қарағандыдан барған.  17-19 мамыр аралығында өткен чемпионатта ұлттық құраманың жас өрендері жалпы саны 9 медаль иеленсе, оның төртеуі – алтын, екеуі – күміс, екеуі – қола. Осылайша жалпыкомандалық есепте Қазақстан Жапонияның алдына түсіп, 1-орынға жайғасты.

Монреаль қаласында өткен спорттық шараға  12 мемлекеттен әлемнің 800-ге жуық ең мықты спортшылары жиналды. АҚШ, Жапония, Канада сынды алпауыт елдердің ортасында қазақ спортшылары барын салды. Барлық бәсеке тікелей эфирде трансляцияланып, әлемнің түкпір-түкпірінде отырған жанкүйерлердің делебесін қоздырды.

Осындай айтулы сында алтыннан алқа таққанбіздің каратистер – Тимур Райымбеков, Артём Редин, Мұхтар Әбішев және Диана Есжанова.

Он жеті жасар Диана Есжанова – Қарағанды экономика, құқық және бизнес колледжінің 3-курс студенті.  Бапкерлері  Диананың қайсар мінезіне тәнті болғанын айтады. «Диананың Ақжолтай Ағыбай батырдың тікелей ұрпағы екенін жақсы білеміз. Дәл осы халықаралық сында Диана жас болса да, өжет рухымен, табандылығымен және мықты физикалық дайындығымен ерекше көзге түсіп, топ жарды», дейді бапкері Т. Райымбеков.

«Бірінші бәсекеге АҚШ спортшысымен түстім. Оны жеңген соң, Канадалық спортшымен бақ сынастым. Ата-анам және әжем Қанағат Тарғынқызы мені  батырларға тән өр рухта тәрбиелеген. Ерік-жігерімді қайрап, жеңісті қолдан бермедім», дейді алтын қыз Диана Дулатқызы.

Қазақстан құрамасының келесі мақсаты – 2024 жылдың 1-2 тамызында Астанада өтетін Азия чемпионатында лайықты өнер көрсету. Айта кетер болсақ, Канадада өткен соңғы «Dageki 2016» чемпионатында Қазақстан 1 алтын, 2 қоламен оралған болатын.

Алма Сайлауқызы

Пікірлер