Алматыда жас жігіт тұрғын үй кешенінің маңында жасы үлкен күзетшіге шабуыл жасады. Бұл туралы желіде видео тарады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
Оқиға "Столичный" тұрғын үй кешенінің маңында түсірілген. Кадрлардан ер адам көліктен түсіп, әуелі оны итеріп, сосын қарт күзетшінің ішінен ұрғанын көруге болады.
Куәгерлер мұны тоқтату үшін бірден жандарына барған. Жүргізушінің бұл әрекетіне дейін не болғаны айтылмайды.
Алматы полиция департаментінің баспасөз қызметі видеоға қатысты түсінік берді.
"Осы факті бойынша тексеру жүргізіліп жатыр. Құқық бұзушы ұсталды. Оның іс-әрекеттеріне құқықтық баға беріледі. Ер адам алған дене жарақаттарының ауырлық дәрежесін анықтау мақсатында сот-медициналық сараптама тағайындалды", - делінген хабарламада.