Қырғызстан кеден қызметі басшысының бұрынғы орынбасары Райымбек Матраимовқа қатысы бар депутаттар қызметінен босатылды. Бұл туралы елдің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитетінің төрағасы Қамшыбек Ташиев айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі «АКИпресс»-ке сілтеме жасап.
«Жогорку Кенешті «тазалау» аяқталды. Енді парламентте жемқор шенеунікпен кеден арқылы қызметтес болған немесе ортақ бизнес жасаған адамдар жоқ»,—деді ол.
Жогорку Кенештің VII шақырылымының жұмысы барысында 18 депутат әртүрлі себеппен өз мандатын тапсырды. Алайда олардың арасында қай саясаткердің Райымбек Матраимовпен істес болғаны белгісіз.
Бір ай бұрын Қырғыз ҰҚК басшысы ел парламентін жемқор депутаттардан тазартуға уәде берген болатын.
«Парламентке халқына қызмет етуге дайын адамдар, өз елінің патриоттары келуі керек», - деді Қамшыбек Ташиев
Еске салайық, 2024 жылғы қаңтардың аяғында Райымбек Матраимовқа Ұлттық қауіпсіздік комитеті іздеу жариялап, оның миллиардтаған сомдық жылжымайтын мүлкі мемлекет меншігіне өткізілді.