"Құжат тапсырылды": Арман Шораев Мәжіліс сайлауында бақ сынамақ

7531
Adyrna.kz Telegram

Қоғам белсендісі Арман Шораев Orda Life YouTube-каналына берген сұхбатында Мәжіліс сайлауына түсетінін мәлім етті, деп жазады "Адырна" ұлттық порталы.

"30 пайыз можаритарлық округтерден өтеді дейді. Ол да жақсы жаңалық қой. Бірақ қазірдің өзінде анадан-мынадан қыздар-жігіттер хабарласып: "Әкімшілік өздерінің кандидаттарын дайындап жатыр. Үйтіп жатыр, бүйтіп жатыр. Бізді жібермейді ғой" дейді. Билік тарапынан үлкен қателік осы. Егер шынымен кез-келген азамат ешқандай бұғаттаусыз сол сайлауға түсе алса, сайлауда жеңіп шықса, ол билік үшін де, басқалары үшін де абырой болар еді. Өйткені, білесіздер соңғы 20 жыл біздің Парламентте тек қана биліктің сөзін сөйлейтін азаматтар отырды. Оның нәтижесін бәріміз көріп отырмыз. Егер Парламентке керісінше билікке қарсы сөйлейтін, халықтың мұның айғайлатып айта алатын азаматтар келсе, онда бізде былтырғыдай қанды қаңтар болмаушы еді. Газдың бағасынан басталды. Ол қарапайым халық үшін үлкен проблема. Бірақ та, өкінішке қарай депутаттар үн шығарған жоқ. Былтыр жаздан бастап қысқа дейін сол газдың бағасы күннен-күнге өсіп бара жатқанда бірде-бір депутат "әу" деген жоқ.  Сондықтан халық өзі ешкім оны қорғамағасын, ешкім оның мүддесін жеткізбегесін далаға шықты. Оның соңы қантөгіске айналды", - дейді  Шораев.

Арман Шораев Мәжіліс сайлауына өзінің туып-өскен Ақмола облысынан емес, елордадан қатысатынын айтты.

"Сайлауға туған елімнен  түспеймін. Өйткені туған елімде аузым күйген. Мен осыдан 20 жыл бұрын соңғы можаритарлық сайлауға қатысқанмын. Сонда қызық оқиға болған. 12 балама кандидат болдық. Бірінші турда 70 пайыз алдым. Бірақ та әкімшілік 3 тәулік маған берген бюллетендерді жоққа шығарып, 2 турға да жіберген жоқ. Можаритарлық жүйе бойынша облыстардан шығу қиын. Өйткені әр елді-мекенде сайлау учаскесі бар. Анау ауылда, мынау ауылда деген сияқты... Ақмола облысы - халқы аз болса да, үлкен облыстардың бірі. Әр учаскіге аз дегенде 2 бақылаушы қою керек. Сондықтан бұл болмайтын нәрсе. Өзімнің нағашы жұртым тұратын Зеренді ауданы әлі есімде... Сол кезде бүкіл ауданның маған дауыс бергенін білемін. Бірақ та, аудан әкімі түңіліп, сайлау комиссиясынан шықпай, үйтіп-бүйтіп мүлдем маған бір дауыс бергізбеді. Берген дауыстың барлығын жоққа шығарды. 20 жылда ештеңе өзгерген жоқ. Сондықтан мен Астана қаласынан бақ сынаймын",- деп мәлімдеді қоғам белсендісі.

Кеше Арман Шораев ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына үміткер ретінде құжаттарын тапсырды.

"Арман мырза Астана қаласының 2-ші округына құжаттарын тапсырды!",- деп жазды журналист Дина Елгезек.

"Адырна" ұлттық порталы 

Пікірлер