БҚО-да 40 медициналық нысанның құрылысы басталмақ

5776
Adyrna.kz Telegram

Биыл Батыс Қазақстан облысының денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыруға жергілікті бюджеттен 94 млрд. теңге бөлінді. Оның ішінде 82,1 миллиарды әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры (ӘМСҚ) арқылы берілсе, 11,9 млрд. теңгесі ДСБ арқылы бөлінген.

Облыста Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі (ТМККК) және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) шеңберінде 56 медициналық қызмет көрсетуші ұйым бар оның ішінде 37-сі мемлекеттік болса, 19-ы жеке медициналық ұйым. Биыл облыс 3,1 млрд. теңгеге 26 медициналық жабдық сатып алу жоспарлап отыр. Сонымен қатар облыстағы медициналық ұйымдар үшін «КПО б.в» компаниясының қаражаты есебінен жалпы сомасы 25,3 млрд. теңгеге 1273 медициналық жабдық сатып алынбақшы.
Айта кетейік былтыр денсаулық сақтау басқармасы халықты уақытылы әрі сапалы медициналық қызметпен қамтамасыз ету үшін 630 жаңа заманғы медициналық жабдық және 81 бірлік автокөлік сатып алды. Десе де облыста әлі күнге дейін ескі емдеу мекемелері бар. Оларды қазіргі заманға сай ету мақсатында биыл 11 медициналық нысан күрделі жөндеуге жабылады. Олардың 2-уі облыс орталығында болса, төртеуі Бокей Ордасы, тағы бесеуі Жаңақала ауданында.
Жалпы соңғы жылдары облыстағы емдеу мекемелері әлдеқайда жаңарып қалды. Былтырдың өзінде 22 денсаулық сақтау нысанына күрделі жөндеу жүргізілді. Оның алтауы «Ауыл-ел бесігі» жобасы аясында жөнделсе, Тасқала аудандық ауруханасының қаражаты есебінен Айнабұлақ ауылына жаңа медициналық пункт ғимараты сатып алынды.
«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық пилоттық жобасы шеңберінде биыл 40 медициналық нысанның құрылысы басталмақ. Оның 38 алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету нысандары болса, Казталов және Бөрлі аудандарында екі ауданаралық аурухана құрылысы жүзеге асырылады.

Былтыр облыста 12 медициналық нысан пайдалануға берілді. Оның сегізі ФАП болса, төртеуі дәрігерлік амбулатория. Өткен жылы жаңа меднысанға ие болған ауылдарға келетін болсақ алғашқысы Бөкей ордасы ауданы Мұратсай ауылы. Одан бөлек, Бәйтерек ауданы Новенький, Жаңақала ауданы Қызылоба, Жәнібек ауданының Жақсыбай, Қамысты ауылдары. Сонымен қатар Казталов ауданының Қараөзен, Сырым ауданының Өлеңті, Теректі ауданының Барбастау, Бөрлі ауданының Аралтал, Бәйтерек ауданының Асан, Казталов ауданының Бостандық, Теректі ауданының Сарыөмір ауылдарында жаңа емдеу мекемесі ашылды.

Медициналық-санитарлық алғашқы көмек объектілерінің «Қадамдық қолжетімділігі» жобасы шеңберінде жалпы тәжірибе дәрігерлерінің 418 учаскесі жұмыс істейді.

Пікірлер