Серікзат Дүйсенғазының марқұм ұлының ісіне қатысты сот үкімі шықты

1771
Adyrna.kz Telegram
Фото: ашық дереккөзден
Фото: ашық дереккөзден

Белгілі ақын Серікзат Дүйсенғазы ұлының қазасына қатысты сот шешімі шықты. 12 мамыр күні Ақмола облыстық соты қауіпсіздік ережелерінің сақталмауы салдарынан демалушы қаза болған «Елікті» тау шаңғысы базасының басшысын 4 жылға бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Сотта жасөспірімнің трассаға нұсқаусыз және қауіпсіздік ережелерін түсіндірусіз шығарылғаны, онда қозғалыс белгілері, қорғаныс торлары, ескерту белгілері, қорғаныс төсеніштері, ағаштардың алдындағы қоршаулар болмағаны анықталды. Сонымен бірге, шаңғы базасында медициналық персонал, күтпеген жағдайлар туындаған кезде іс-қимыл алгоритмі, тау шаңғысы трассасы мен аспалы жолды пайдалануға рұқсат беру құжаттары жоқ болып шықты.

Жаза тағайындау кезінде сот сотталушының жас баласының болуын ескеріп, қылмыстық жауапкершілікті жеңілдеткен.

«Зеренді аудандық сотының үкімімен тау шаңғысы базасының директорына қызмет көрсету саласында 3 жылға айналысу құқығынан айыра отырып, 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды», - деді ведомстводан.

Бұдан бөлек, сотталушыдан жапа шеккен екі адамның пайдасына әрқайсысына 10 000 000теңгеден, қайтыс болған адамның пайдасына-3 000 000 теңгеден моральдық зиян, келтірілген материалдық залал өндіріліп алды. Сот актісі заңды күшіне енген жоқ.

Еске салайық, былтыр 2 қаңтарда «Елікті» тау шаңғы базасында Серікзат Дүйсенғазыны 16 жастағы ұлы Әлихан ағашқа соғылып, көз жұмған еді.

Пікірлер