Бүгін Нұрсұлтан Назарбаевтың алғаш президент атанған күні, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
34 жыл бұрын (1990) Қазақ КСР-інің «Қазақ КСР Президенті қызметін бекіту және Конституцияға (Негізгі заң) өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің «Қазақ Кеңес Социалистік Республикасының Президенті туралы» Жарлығы қабылданды.
1990 жылы 24 сәуірде жоғарғы Кеңесте заң қабылдағаннан кейін, Президентті сайлауда жасырын дауыс беруге қатысқан 335 депутаттың 317-сі Н.Ә. Назарбаевты қолдап, 18-і қарсы дауыс берді. Нәтижесінде Н.Ә. Назарбаев Қазақстанның тұңғыш президенті болып сайланды. Н.Ә. Назарбаевты бұл жоғарғы лауазымдық қызметке Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің 21-пленумы бірауыздан ұсынған болатын.
1990 ж. 20 қарашада қабылданған "Қазақ КСР-нда мемлекеттік билік пен басқару құрылымдарын жетілдіру және Қазақ КСР Конституциясына өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы" Заңға сәйкес Қазақ КСР Президенті Қазақ КСР жоғары атқарушы және өкімші билік басшысы болып тағайындалды.
1991 жылы өткен президент сайлауына кандидат ретінде Нұрсұлтан Назарбаев тіркелді. Сайлау кезінде ол 98,8% дауыс жинады.
Ресми президенттік тағайындаудан 28 жылдан соң 2019 жылы 19 наурызда Нұрсұлтан Назарбаев республикалық телеарналардан халыққа үндеу жасап, президенттік өкілетін тоқтатқанын мәлімдеді.