Балық, қоқыс, жағажай... Жағдайың қалай, Қапшағай?

3075
Adyrna.kz Telegram

Қазақстан аумағындағы ең үлкен су қоймасы саналатын Қапшағай бөгенінің экологиялық жағдайы назардан қалыс қала беретін мәселелердің бірі. "Адырна" тілшісі таяуда Қапшағайдағы ахуалды көзбен көріп, аралап қайтты. Қалыптасқан ахуалға байланысты сарапшылар өз ойларымен бөлісті.  

Жағасының ұзындығы 430 км, су жиналатын алабы 113 мың шаршы шақырымды құрайтын су қоймасы бүгінде түрлі кәсіптің отанына айналған. 1970 жылы су электр станциясы үшін бөгелген Іле өзені құятын Қапшағайдың экологиялық хал-ахуалы сыр беріп тұр.

Қапшағай бөгені —  Іле өзені бойында, Алматы облысында орналасқан. Аудан бойынша Талғар және облыс бойынша ең көп халық саны бар Еңбекшіқазақ аудандарын қамтып тұр.

Бұдан бөлек Қапшағай жағалауы демалыс орны ретінде елге елеулі. Іле өзенінің оң жақ жағалауындағы жартастарға салынған суреттер және сол жағалаудағы «Көшпенділер фильмінің» декорациялары туристердің қызығушылығын жыл сайын арттыруда. Су қоймасының жағалауында 150-ге жуық демалыс орны орналасқан.

Қапшағай жағалауының жаздағы көрінісі (фото: visitkazakhstan.kz)

Бұдан бөлек Қапшағайда балықтың 26 түрі (ақмарқа, мөңке, тұқы, табан балық, т.б.) кездеседі. Олардың ішінде 16 түрінің кәсіптік маңызы бар. Жылына 2 мың тоннадай балық ауланады. Қазіргі таңда бөгенде 50-ден аса адам балық шарушылығымен айналысады.

инфографика: Сабина Рысбай

ТЫЙЫМ САЛЫНҒАН ТОРДЫҢ ЖЫРЫ БІТЕ МЕ?

Әлқисса. Қапшағайдың экологиялық мәселелерінің бірі тікелей балық аулаумен айналысатын балықшылардың ісімен байланысты.

Жоғарыда атап өткендей өзге табиғи су қоймаларымен салыстырғанда жасанды Қапшағай салыстырмалы түрде шағын, бірақ мұнда балық аулау кәсібі Алматы облысы бойынша ең белсенді іс болып табылады. Жақын маңында үлкен азық-түлік нарығы бар мегаполис орналасқан. Қапшағайдың суы ағынды болғандықтан, жергілікті балық өнім ретінде жоғары сапада. Ол қалада және аудан бойынша өте жақсы сұранысқа ие.

Су қоймасы 23 балық аулау аймағына бөлінген. Мұнда барлығы 14 шаруа қожалығы балық аулаумен айналысса, 8 аумағы резервте. Барлығының лицензиясы бар, бірақ тәжірибе көрсеткендей, мұнда табиғатты қорғау заңнамасы жиі бұзылады. Көбіне бұл аймақта тыйым салынған балық аулау құрылғылары пайдалынады. Мәселен – Қытай аулары.

Қытайлық балық аулау торлары монофиламенттен жасалған. Іске жақсы жарамды болғанымен экологиялық тұрғыдан аса қауіпті. Бұлай дейтініміз мұндай синтетикалық жіп таяз суға түссе, онда балықтар, құстар, тіпті сүтқоректілер де оған шатасып кету қаупі аса жоғары. Торға іліккен тіршілік иелері тірлік кешуден лезде қалады. Сондықтан Қазақстанда мұндай ауларға тыйым салынған. Бұл шектеу Қазақстанда 2007 жылдан бастап айтыла бастады. Ал 2015 жылы оларды Еуразиялық экономикалық одақ аумағына әкелуге және сатуға тыйым салынды. Бұл туралы 2015 жылы Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ерлан Нысанбаев мәлімдеген болатын. Алайда біздің елімізде бұл заңсыз құрылғылардың саны әлі де азаймай отыр.

Тыйым салынған Қытайлық аулар (фото:bambirh_official)

Тыйым салынған Қытай торлары балық шаруашылығы инспекциясы қызметкерлерінің арнайы рейдтік жұмыстары кезінде табылады. Соңғы бес жылдың өзінде 50 мың шақырымнан аса тыйым салынған торлар анықталды.

КӨЗБЕН КӨРГЕН МӘСЕЛЕ МӘЙЕГІ

Журналистік зерттеу мақсатында 2-ақпан күні Қапшағай су қоймасы аймағындағы жағдайды бағдарлап қайттым. Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Көлді-Толқын ауылдарына баратын жолмен тікелей Қапшағайдың оңтүстік-шығыс аймағын көзбен көрдім. Шұрық тесік жолдарын қоя бергенде, жағалаудың қыстыгүні көзге көрініп жатқан экологиялық жағдайы мәз емес.

Аңызақ желге қарамастан анталап жеткен Қапшағайымызды жеңіл мұз басқан екен. Қатқыл мұз реңі адам салмағын көтермейтін, қайық жүрмейтін күйде. Қарауыл маңында 7-8 қайық тұрақтап тұр. 2-3 шақырым тартылған судың жерін жағамен бойлай жүріп шатасқан торлар, шыны және пластик бөтелкелер, қалбырлар тағысын-тағы түрлі қоқысты кездестірдім.

Қарауыл аймағындағы ескертпе тақтайшасы (фото: Дина Литпин)

Жағалау маңындағы қоқыс (фото: Дина Литпин)

Аймақтағы жағдайға қатысты сол маңда қайығын реттестіріп жүрген балықшылардың бірінен пікір алдым. 20 жылдан астам ата кәсіп болған іспен айналысып жүрген Еркін Сарсенбаев жағалаудағы жандардың еш жанашырлығы жоқ екенін тілге тиек етті.

 

Еркін САРСЕНБАЕВ

балықшы

 

 

«Кәсіп қылып тұрақты түрде балық шаруашылығына келуім 1999 жылдан басталды. Экологиялық мәселе Қапшағайда өте өзекті. Жиырма жылдық тәжірибемде түрлі жайттармен кезіктім. Біріншісі, су тапшылығы салдарынан көбею кезіндегі балықтардың бостан-бос қырылып қалуы. Іле өзенінен Қапшағайға құятын тұсында арнайы өткел бар. Сол жерде Қытайдағы суару уақыты басталған уақытта Қапшағайда балықтардың көбею кезеңі жүріп жатады. Суару уақытында Ілені өздеріне бұрып алғанда, су тапшылығынан бері қарай уылдырықты балықтар өтпей қалып қояды. Екінші, тоқпен балық аулайтындардың бассыздығы. Тоқпен балық аулайтындар қолына түскен балығын алады, ала алмағаны суда уылдырық шаша алмайтын күйде қалып қояды. Үшіншісі, антропогендік ахуал. Өзіңіз көріп шыққандай адамдардың жауапсыздығы. Ішіп-жегендерін жаны ашырлықсыз лақтырып кете салады. Бұл өте алаңдатарлық жайт» деді Еркін Ақұзақұлы.

Су астына тасталған шырмалған торлар (фото: Дина Литпин)

Шыны және пластмасса бөтелкелер қалдығы (фото: Дина Литпин)

Балықшылардың айтуынша мұз қатқан уақыт болғандықтан әзірге жұмыс тоқтап тұр екен. Тиісті тексерістер уақытына сай жүргізіліп отырады дейді жергілікті жұмыскерлер. Жаға маңында теңізді сағынып тұрақтап тұрған 7-8 қайықтың қарасы байқалды.

Жағадағы қайықтар (фото: Дина Литпин)

инфографика: Сабина Рысбай

САРАПШЫЛАР НЕ ДЕЙДІ?

Тимур ЕЛЕУСІЗОВ

эколог, эко-амбассадор, «BAYTAQ» жасылдар партиясының мүшесі, депутат

 

"Мәселе өте көп. Біріншіден, Қазақстан мен Қытайдан келетін еріген сулардың азаюы су тапшылығына әкеп соғады. Екінші мәселе, балықшылардың экологиялық нормаларға бағынбай жұмыс істеуі, суды ластауы. Әсіресе қысқы балық аулау кезеңінен кейін су түбінен табылатын қоқыс мөлшерін баршамыз білеміз. Сондай-ақ, іс жүзінде ешқандай жолмен су тазартылмайды. Лас күйінде қалады. Оның үстіне браконьерлік өте көп. Біз Еңбекшіқазақ прокуратурасымен бірге рейд жүргіздік. Нәтижесінде бірнеше қылмыстық істер қозғалып үлгерді, жергілікті атқарушы органдар көз жұмып отырған тұтас қылмыстық топтарды анықтадық. Балық аулауға тыйым салынған кезеңдерде (сәуір-мамыр айларындағы көбею уақыты – журналист) Іленің Қапшағайға құятын тұстарында ау салып балық аулайтындар жетіп артылады.

Үшіншіден, энергия тапшылығының өте үлкен қаупі бар. Неліктен? Өйткені су қоймасында жеткілікті деңгейде су болмайды. Өзен арнасының бойынан төмен. Жеткіліксіз су салдарынан Балқашқа, егіншілердің жұмыстарына да су жетпейді.

 Бірақ тұтастай алғанда Қазақстанда су ресурстары мәселесі өте өзекті болып отыр.

Жалпы, бұл мәселелер бір уақытта туындайды, ал жақын уақытта Қапшағайды жалпы суға және көлдің экологиялық жағдайына қатысты өте үлкен проблемалар күтіп тұр.

Сондықтан көптеген мәселелер бар, қазір мемлекет тарапынан антропогендік әсерден туындайтын экологиялық жағдаяттарға тиісті шаралар қарастырылмай, нақты шешімдер қабылданбай жатыр деп есептеймін".

Талғарбай ҚОНЫСБАЕВ

«әл-Фараби» атындағы ҚазҰУ «Биология және биотехнология факультетінің» PhD докторанты, зоология институты РММ ғылыми қызметкері, ихтиолог

 

«Кәсіптік маңызы бар су қоймалары бойынша Қапшағай елімізде алдыңғы ондыққа кіреді. Мемлекеттіқ рұқсат бойынша жылына 900 тонна балық алынады. Ал ақиқатында 2000 тонна үстінде балық алынады. Іле өзенінің құюуына қатысты да мемлекетаралық келісім бар. Өзен арнасын бұрып алуды заңсыз деп айта алмаймыз. Сіз айтқан Іле өзенінің жоғары жағындағы көбейген балықтардың бері жетпеуі расымен бар дүние. Көбейген балықтар су жетіспеушілігінен сонда қалып қойып жатыр. Бұл дүниенің шешімі көп. Мәселен, қыста және көктемде жасанды ауа жіберу әдісі арқылы балықтарды аман алып қалуға болады. Яғни ол қалай? Су тапшылығы кезінде су құрамында оттегі көбейеді. Сәйкесінше, балықтардың тіршілігіне қауіп бар. Ал жасанды ауа жіберу әдісі (аэрация) арқылы оттегіні азайта аламыз. 

Қазір қытайлық ауларды (жоғарыда аталған тыйым салынған тор - журналист) заңдастыру мәселесі көтеріліп жатыр. Себебі еліміздегі 80% балықшылар қытайлық аулармен жұмыс істейді. Тыйым салынған тор болғандықтан балықшылардың көбі оны су қоймаға лақтырып кете салады. Ал заңдастырылса, сәйкесінше тыйым салынбайды. Артынша сыртқа шығарып, белгілі бір жерлерге тапсырып көзін жоюға болады. 2021 жылы 2030 жылға дейін Қазақстанда «балық шаруашылығын дамыту» бағдарламасы қабылданған болатын. Бұл жерде басым бағыт аквамәдениетке қойылған. Яғни, қолдан балық өсіру әдісі. Қолдан балық өсіру арқылы еліміздегі табиғи су қоймаларға түсетін тәуекелді азайту көзделді. Сондай-ақ, табиғи ресурсты пайдаланушылардың кәсібін қолдан балық өсіру ісіне бет бұру мақсат етілді. Одан өзге, Қапшағайға жіберілетін шабақтардың санын көбейту бастамасы да қарастырылған. Қазіргі таңда бағдарлама кезең-кезеңімен жүзеге асуда".

 

инфографика: Сабина Рысбай

Жоғарыда аталған мәселелер бірнеше бағыт бойынша қарқынды түрде қолға алынса шешімін табады. Мәселен:

  1. Экологиялық сауаттылықты қалай арттырамыз? Сарапшылардың болжауынша, 2048 жылға қарай әлемде балық қалмайды, өйткені тұтынушылардың теңіз өнімдеріне сұранысы планетаның мүмкіндігінен 2-3 есе жоғары. Қапшағайдың өзінде балықтың 26 түрі мекендейді. Осы құндылықтарды сақтап, балық тапшылығы және судың ластануының алдын алу үшін әлемдік тәжірибені пайдаланғанымыз жөн. Әлемдік тәжірибеде Take 3 for the Sea әдісі бар. Бұл – қоршаған ортаны пластикалық ластанудан тазартуға ұмтылатын және ысыраптың алдын алу шараларын қолдайтын дүниежүзілік қозғалыс. Оның миссиясы қарапайым: зиянды қалдықтардың теңіздерге түсіп, теңіз өміріне қауіп төндірмеу үшін теңізге келген адамдарды қоғамдық орыннан шыққан сайын өздерімен бірге кемі 3 қоқыс алуға шақырады. 2009 жылы Австралияда ойлап табылған бастаманы қазір АҚШ, Канада, Ұлыбритания, Жаңа Зеландия, Жапония, Корея, Индонезия, Филипиин елдері өз елдеріне енгізіп үлгерді. Бастамадан кейін мемлекеттерде едәуір экологиялық үдеріс байқалды. Бұл әдістен кейін елдегі эко-сауат артып, теңіз маңының ластануы, су тіршілік иелерінің жойылу статистикасы азайды. Қапшағайға сапарымда көрген демалушы адамдардың тастап кеткен сансыз қоқысын көргенде жүрегім ауырды. Яғни, бізге де аталмыш үрдісті енгізу керек. Мәдениетке, эко-сауатқа дағдылансақ біздегі экология мәселесі өз шешімін табады.
  2. Су тапшылығы салдарынан қырылып қалып жатқан балықтарды құтқаруымыз үшін, шетелде өте белсенді қолданыс тапқан, қазіргі таңда елімізде де тәжірибеге ұсынылып жатқан жасанды ауа жіберу (аэрация) әдісі бар. Қазіргі таңда бұл әдіс АҚШ, Қытай, Үндістан, Бразилия, Жапония, Германия елдерінде белсенді пайдаланылады. Суға оттегін жіберетін аэрация әдісі бірнеше артықшылықтарға ие:

Біріншіден, су тапшылығы салдарынан көбейген оттегі құрамын азайтады, бұл балықтардың және басқа су ағзаларының тіршілігін жалғастыруға ықпал етеді.

Екіншіден, аммиак пен басқа да зиянды заттарды кетіру арқылы судың сапасын жақсартады.

Үшіншіден, дезинфекция сияқты суды тазарту процестерінің тиімділігін арттырады.

Төртіншіден, органикалық заттардың тотығуын жоғарылату арқылы жаман иіс пен балдырлардың пайда болуының алдын алады. Қапшағайдағы су тапшылығы салдарынан мезгілсіз, бостан-бос көбеюсіз қалып жатқан уылдырықтар мен тіршілігін тоқтатқан балықтардың аман қалуы үшін аэрация әдісін белсенді пайдалануды ұсынамын. Сонда аталған төрт артықшылыққа ие болып, мәселе шешімін табамыз.

  1. Ал антропогендік ахуалдан туындайтын мәселелерге биліктің шектеу енгізуі әсер етеді. Әрине, бұл тұста бірінші пунктты, яғни экологиялық сауатты нығайту қажеттігі тағы бар. Дей тұрғанмен, енгізілген қатал заңнаманы қадағалауды қатайту керек. Мәселен елімізде балықшыларға салынатын салық пен балық шаруашылығындағы заңсыздыққа қойылған жаза күші шетелдердегідей ауыр деңгейде. Балық аулау кезінде жарылғыш заттарды, химиялық реагенттерді, электр тогын және т.б. пайдалануға тыйым салынған. Яғни, балықтардың, су жануарлары мен өсімдіктерінің жаппай жойылуына әкелетін барлық зиянды әрекет заңмен қудаланады. Мұндай бұзушылық үшін айыппұл мөлшері: 3 000 АЕК-ке дейін – 8 334 000 теңге, немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстары, яки 800 сағат қоғамдық жұмыстарға тарту, не үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады. Бұл жағдайда мүлкі тәркіленіп, бес жылға дейін аңшылық пен кейбір еңбек лауазымдарын атқаруға тыйым салынады. Ал сирек кездесетін және тыйым салынған жануарларды заңсыз аулағаны үшін айыппұл екі есе өседі – 6 000 АЕК немесе 16 668 000 теңге. Түрме мерзімі де алты жыл болады. Міне осындай қатаң заң нормасы  болғанымен, сол дүниені анықтау, тінту жұмыстарына ден қойылу керек. Анықталған күннің өзінде «Бәке, Сәке», «өзіміз ғой» деген слогандарсыз бар дүние бардай тиісті шара қолданылу тиіс деп білемін.

Дисклеймер: Бұл материал шешім журналистикасы жанрында Solutions Journalism Lab жобасы аясында дайындалған және автордың жеке көзқарасын білдіреді.

 

Дина ЛИТПИН,

Алматы облысы

 

Пікірлер