Қазақстандағы Ұлттық бірыңғай тестілеуде тапсырмалар саны қысқарды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Маңызды өзгеріс 2024 жылы «Оқу сауаттылығы» және «Математикалық сауаттылық» міндетті пәндеріндегі тапсырмалар санын бес сұраққа қысқартуға қатысты", – делінген хабарламада.
ҰБТ-дағы пәндер саны өзгеріссіз қалады. 2024 жылғы талапкерлер тестілеуді үш міндетті пән және екі таңдау пәні бойынша тапсырады.
Сондай-ақ бейіндік пәндер бойынша сұрақтар саны артатыны айтылды.
«Бұл бейіндік пәндер бойынша сұрақтар санын 40-қа дейін арттыруға мүмкіндік берді. Сонымен қатар, тізімнен таңдауға сәйкес келетін мамандандырылған пәндер бойынша 5 тапсырма қосылды. Бұл өзгерістер тест тапсырмаларының сапасын және олардың функционалдық сауаттылық пен сыни тұрғыдан ойлау дағдыларын бағалаудың халықаралық стандарттарына сәйкестігін арттыруға бағытталған», - деп есептейді ведомство.
“Адырна” ұлттық порталы