«Яндекс Такси» Ресейдің империялық саясатын насихаттап жатқан жоқ па?

1603
Adyrna.kz Telegram

Қазір еліміздегі такси нарығын ресейлік «Яндекс Такси» компаниясы тұтастай жаулап алған. Содан болар, еліміздің үлкен қалаларында «Яндекс Таксидің» қызметін тұтынатын, оның мобильді қосымшасын пайдаланатын азаматтар саны аз емес.  Бүгінгі таңда аталған мобильді қосымша Ресейдің империялық саясатын насихаттап жатқаны халықты алаңдатып отыр?

«Өткен жолы Яндекс Такси шақырттым. Алматы қаласындағы Алтынсарин көшесіне баруым керек еді.  Мобильді қосымша арқылы қазақтың бас ұстазы Алтынсарин атын теріп едім, «Бывш. улица Правды» деп шыға келді. Сосын Абылай хан көшесіне бармақ болғанымда, яндекс ол көшенің бұрынғы «Коммунистическая» көшесі болғанын есіме салды. Одан кейінгі сапарымда Әйтеке би көшесін «Бывш. Октябрьская улица», Достық даңғылын «Бывш. проспект Ленина» деп көрсетіп берді» дейді Адырна ұлттық порталына хат жазған оқырман.

«Қазақстанның тәуелсіздік алғанына отыз үш жылдан асып кетті. «Яндекс Такси» сол азат елдің аумағында кәсіп жасап жүргендерін ұмытып, ұрпақтың санасына КСРО кезіндегі атауларды сіңіруге тырысуы қаншалықты заңды?» деген сауалын да жолдапты.

Біз бұл сұрақтарды белгілі саясаттанушы Дос Көшімге қойған едік.

Дос Көшім, саясаттанушы:
- «Яндекс Такси» компаниясы Қазақстан аумағында кәсіп жүргізуге құқылы шығар. Компанияның мұның сыртында кеңестік атауларды тірілтуге күш жұмсап жатуын ақымақтықтың шыңы дер едім. Себебі, ескі атауды тірілту, оны әр тұтынушының есіне салу «Яндекс Таксидің» міндетіне кірмейді. Халқымыз тәуелсіздіктен кейінгі жылдары Алматыдағы әр көшені атауын өзгертуге аз күш жұмсаған жоқ. Меніңше, соның бәрін идеологиялық тұрғыда жоққа шығару мемлекеттің ішкі ісіне қол сұғу болып есептеледі. Ол аз болса, бұл ұлттың жаны жерін ұстап, ашық арандатуға бару деп білемін. Бұл мәселеге қала басшылығы ғана емес, барлық атқарушы билік органдары, қоғам болып қарсы тұру керек.

Соңғы жылдары Ресей президенті В.Путиннің саясаты бұрынғы КСРО-ны қайта құруға бағытталғаны байқалады. Ресейлік компанияның кеңестік кезеңдегі атаулардың жоқшысы бола бастауы сол саясатты ашық қолдау емес пе?

Ендігі қойылар сауал осы болса керек.

Қанат Бірлікұлы
Адырна ұлттық порталы

Пікірлер