Әбубәкір Қайран. Пенде. (новелла)

2890
Adyrna.kz Telegram

 

Байқатпай дүние кеңін, тарлығын да,
Қайткенде қамту үшін барлығын да,
Сонан кейін шайтандар жайлап алған –
Қан секілді адамның тамырында.
Мен айтсам, көзім жеткен шынды айтам.
Қан болып тамырыңда жүр-ау шайтан!
Тартарсың қияметте сен жазаны,
Малғұнның дүниедегі тілін алсаң!
Мәшһүр Жүсіп

Алпыс үш жасқа толған Жауынбай өзінің дос-жарандары мен жолдасжораларын түгел шақырып, зейнеттойын жасаған. Осы ауылдағы ең еңселі, ең үлкен үйлердің бірінен саналатын бұның шаңырағына қырық шақты адам жиналып, ой, бір айды аспанға шығарып еді ғой, сонда! Астауша табақтарға үйемелете салынған ет атаулының ең асылдары да жартылай желінбей қалды, арақ шараптың судай аққаны сонша – еркектер тұрмақ әйелдердің өзі де бірі ықылық атып, бірі ыңырсып ән айтып, енді бірі еңіреп жылап, неше түрлі қызықтар көрсетті ғой. Бәрінен де анау Кенжебектің әйелі Әсемнің істеген қылығы тіпті ұят болды-ау! Ол Қасымханның иығына асылып тұрып, «Мен сені сүйем» деді емес пе?! Құ-да-а-й! Алпысқа таяп әже болып отырған кемпірдің сөзін қара! Абырой болғанда, бұл сөзді Кенжебек байқұс естіген  жоқ. Ол тұшталаңдап отырып, төрт-бес тостан кейін-ақ тырапай асқан.
Той бастала салысымен асабалықты өз қолына алған Тәйкеннің де жасамайтыны жоқ. Үлкен астан кейінгі үзіліс кезінде тойшыл қауымға ойын ойнатам деп, неше түрлі қызыққа да, шыжыққа да батырды-ау, сабазың! Мұндағылардың бәрінен жасы кіші, қырықтан енді ғана асқан тілмар  жігіт дастархан үстінде-ақ тойға келіп отырған ағалар мен жеңгелерін мақтау сөзге әбден тойдырып тастаған болатын. Содан ба, әлде, бәріне сонша сыйлы азамат па, оның әрбір ұсынысына түгелі «ләппәй» десіп отырған. Тәйкен асаба би билеуге арналып қойылған атшаптырым үлкен
бөлмеге барлығын шақырып алып:

– Уа, алтын ағалар, жарқын жеңгелер! Мен сіздердің жүздеріңізге қарасам, жасы келіп қалған жасамыс адамдарды емес, бойларынан нәр кетпеген жігіт ағаларын, бет-аузынан әр кетпеген жапжас жеңешелерімді көргендей боламын. Әрине, сіздердің дәл осылай қартаймай келе жатқандарыңызға бақытты өмірлеріңіз бен бақуат тұрмыстарыңыз себепкер. Дегенмен, айтыңыздаршы, бұған себеп болып тұрған ең тылсым, ең қасиетті бір құдырет бар. Ол не? Ол не екен? Қане,
айтыңыздаршы! – деп, аузына қарап қалған алқалы топқа сұраулы жүзбен сұқтана қарады, – Ол не? Қане, кім айтады? Жиналған жұрт сыбырласып, күбірлесіп кетті. Ортада тұрған жуан
қарын Жұмаш қолын көтерді. Ұлықсат сұрағаны.
– Ал, айтыңыз, – деді асаба.
– Адамгершілік! – деді Жұмаш.
– Жо-оқ! – деп асаба екі қолын қайшылап сермеледі, – Дегенмен, сәлпәл жақындадыңыз.
– Мен... Мен айтайын, – деді осы кезде шетке таман тұрған бір
қоңырқай әйел, – Ол – сыйластық!
– О-ой, сіз тіпті жақындап келесіз. Бірақ ол емес. – деді асаба жұртқа
тұнжырай қарап.
Тағы да сыбыр-күбір көбейді. Бір кезде аудандағы ет комбинатының егесі, Жауынбайдың бастығы
топ ішінен суырылып шығып, шамдал жарығымен шағылысып тұрған
жалтыр басын сипалады. Содан соң тамағын кенеп-кенеп алып:

– Уа, асаба
мырза! Тәйкеш! Бүйтіп біздің басымызды неге қатырып тұрсың? Біздің
бақытты өмір сүріп жатқанымыздың себебі біреу-ақ! Ол – денсаулық.
Денсаулық болмаса, не болады? – деді.
– Иә, иә. Дұрыс айтады! – деген жуан дауыс естілді топ арасынан.
– Жоқ! Ол емес! – деген асаба қолын бір сілтеді де, былай деді, –
Сіздерді әурелемей жауабын өзім-ақ айтайын. Мен сіздердің не себепті жапжас күйлеріңізде сақталғандарыңыздың себебін сұрап тұрмын ғой. Жауап
бере алмадыңыздар. Ендеше, біліңіздер. Бұған себепші – махаббат!
Тұрған топтың арасын «аһ», «ох», «ух» дегенге ұқсас әлдеқандай
жалынды отқа оранған бір гуіл кернеп кетті.
– Ай, Тәйкеш-ай, сен де айтасың-ау! Бізден махаббат қалғалы қашан! –
деген бір гүжілдек дауыс естілді. Бұл әлгі ет комбинатының қожайыны екен.
– Махаббат! Махаббат дейсіңдер. Сол махаббат деген не? – деді ол.
– Ойбай-ау, басеке-ау! О не дегеніңіз? «Махаббатсыз дүние бос, оны
айуанға қосындар» демей ме ұлы Абай, – деп, асаба аптығып қалғандай
болды.
Ет комбинатының қожайыны маңайына алара қарап тұрып: – Десе
деген шығар. Біз ол сияқты оқымысты емеспіз, – деді де, сұғын Тәйкенге
қадап,

– Сонда... Сонда... Айуан деп тұрғаның біз бе? – деп қарнынан төмен
түсіп кеткен шалбарының ышқырын бір көтеріп қойды.
– Сәке, қойсаңшы, – деп әйелі жеңінен тартты, – Тәйкеш дұрыс айтты.
– Не? Дұрыс дейсің бе?
– Иә... енді... Махаббат қой бәрін ұстап тұрған.
– Құрметті қауым! – деді осы кезде асаба қос қолын бірдей көтеріп, –
Біз бұл жерге дауласқалы келген жоқпыз, Жәкеңді құттықтайық, көңіл
көтерейік деп келдік. Сіздер бағанадан бері мен қойған сұраққа жауап іздеп
жалыға бастадыңыздар. Енді бір қызық ойын ойнайық. Ол ойын – бәріңіз жас
кездеріңізде көп ойнаған «бөтелке» деген ойын. Қане, араларыңыздан ең
білімді, ең ақылды деген бес ер адам, бес әйел адам шығарыңыздар. Қазір
анау тұрған орындықтарды шеңбер етіп қоямыз да, шыққан адамдарды соған
отырғызамыз. Мен ортаға шығып, еден үстінде бөтелкені шыр айналдырам.
Сонда бөтелкенің түбі жағында отырған адам аузы қараған жақтағы адамға
сұрақ қояды. Ойын болғаннан кейін қойылатын сұрақтардың өмірге жақын
болғаны, көңілге қонымды болғаны дұрыс.
Тұрған топ бір-біріне «сен шық, сен шық» десіп, біраз уақыт ошарылып
қалса да, ақырында бес еркек, бес әйел шықты-ау, әйтеуір. Олар бір әйел, бір
еркек болып, араласып отырды. Ойын әп-әдемі жүріп жатыр еді, бәрі бір-ақ сәтте бұзылды. Шарт
бойынша кезегі келген бір еркек қарсы отырған әйелге:

– Сіздің күйеуіңіз
алғашқы махаббатыңыз ба? – деп сұрақ қойып еді, әлгі әйел бір қызарып, бір
бозарып отырды да:

– Бұндай сұрақты маған қалай қойып отырсыз? Онда
сіздің қандай шатағыңыз бар?! – деп айқайлай түрегелді. – Мен мұндай
ойынды ойнамаймын! Кетем!
Әйел жылдам басып далаға ұмтылды. Оның артынан аудан әкімінің
бірінші орынбасары жүгіріп барады. Жауынбай сонда ғана ана әйел соның
зайыбы екенін аңғарды. Ары қарап отырған соң, байқамапты. Орынбасардың
артынан Жауынбай да тұра жөнелді. Әйел мен еркек көліктеріне жетіп
қалғанда, арттарынан қуып барып, зорға тоқтатты. Тоқтатқаннан не қайыр,
әйел тым ашулы екен, күйеуін жұлқылап, көлікке итеріп отырғызды.
– Мен сізге қонаққа келгем, – деді ол сұқ саусағын Жауынбайға безеп,
– Өзімді тергетуге емес! Әлі көреміз!
Әйел отырысымен-ақ көлік қозғалып кетті.
Басы төмен салбырап тұрып қалған Жауынбайдың өне бойын әлдебір
ыза өртеп бара жатқандай. Анау орынбасарды жалынып-жалпайғандай болып
зорға дегенде шақырып алды емес пе? Мынандай пәле жолығады деп кім
ойлаған! Әлгі сұрақ қойғыш Ілияс ит не деген арам! Мектепте он жыл бірге
оқыған адамның бұған жасаған жақсылығы осы ма?! Сол... Сол бар ғой
осының бәрін әдейі жасады. Мұның әкімдіктерге жалынып, үлкен жер алғалы
жүргенін біледі ғой. Соған бекер-ақ айтқан екен! Көре алмайды бұлар!
Бара салып Ілиястың жағасынан алғысы келіп еді, онысы жәй доғы
екен, ішке кірмей тұрып-ақ ол ойынан қайтып қалды. Өйткені, Ілияс өте
мықты жігіт болған, онысын қойшы, ең бастысы – ешкімнен қорқпайды,
тіпті, әкімнен де. Қайдан қорқсын, өзі өмір бақи мұғалім болды, мектеп
директоры кезінде зейнетке шықты. Қазір өз үйінде алқып-шалқып отырған
жайы бар. Әйелі институтты өзімен бірге бітірген. Ол да зейнетте. Балалары
шетінен білімді, оқыған. Облыстағы, Астанадағы жоғары қызметтерде.
Жауынбай үйге қайта кіргенде, асаба ойын ойнатуды доғарған екен.
Жұрт екеу-үшеу, төрт-бесеуден топтасып, емен-жарқын әңгімеге көшіпті.
Әсіресе, әйелдер жағы өте көңілді. Бірі сылқылдап, бірі қиқылдап, енді бірі
шиқылдап күледі. Жауынбай өзіне жақын тұрған әйелдердің әңгімесіне
құлағын түре қойып еді, біреуі жаңа кетіп қалған орынбасардың әйелі –
Бақыттың сыбағасын беріп тұр екен. «Кісімсіп! Тұштиып! – деді тағы біреуі,
– Көзін жоғалтқаны жақсы болды ғой. Енді еркін отыратын болдық.
Қолымдағы арақты енді іше берейін десем, маған қарай қалады. Мен де
әкімдікте істеймін ғой».
Тұсында тұрған орындыққа отыра кеткен Жауынбай: «Е-е, әлгілер
кеткеннен кейін бұлардың жері кеңіп қалған екен ғой» деп ойлады. Кейінгі
кездердегі отырыстарда бір байқап жүргені – еркектерден әйелдер үстем.
Бұлардың жас кездерінде байларынан қатындары қатты қорқатын сияқты еді,
қазір бәрі керісінше, тіпті, көптеген еркектер қонаққа барғанда әйелдерінен
жасқанып, ащы судан ұрттай алмай отырады.
Жауынбайдың есіне нағашы атасы Бердімұрат ақсақалдың айтып
отыратын бір сөзі түсті. Ол кісі кейде терең күрсініп: «Заманақыр боларда –
еркек құл болады, сиыр пұл болады, қатын би болады, қамыс үй болады,
дария жоғалып, бұлақ болады, тымақ жоғалып, құлақ болады» деп атабабаларымыз бекер айтпаған ғой» деуші еді. Содан кейін уайымға толы
заман мен уақыт туралы әңгімесін сабақтап кететін. Жауынбай да: «Е, Алла,
өзің сақтай гөр!» деп терең күрсінді.
Қонақтарын түн ортасы ауғанда үздік-создық шығарып салған
Жауынбай сиыр сәскеде әйелінің оятуымен зорға тұрды. Жуынып-шайынып
болған соң ас үйге кірсе, дастархан басында әйелі Торғын мен қайын енесі
Дариға үн-түнсіз шай ішіп отыр екен. Сексеннің төртеуіне келіп отырған
кемпірдің қабағы тым салыңқы көрінді. Жауынбай өз орнына отыра салып:
– Апа, көңіл-күйіңіз жоқ қой. Не болды? Ауырып отырсыз ба? – деді.
Бұл кісі кешегі қонақтармен көп отырмай, өзінің тілегін айтып, батасын
бергеннен кейін, өз бөлмесіне барып жатып қалған.
– Жауынбай шырағым! – деді кейуана алдындағы кесесін төңкеріп, –
Саған бір-екі ауыз сөз айтсам, тыңдар ма екенсің?
– Неге тыңдамаймын, апа, тыңдаймын, – деген Жауынбай шынымен-ақ
сасқалақтап қалды, – Әкемнің де, шешемнің де орнында сіз отырсыз. Сізді
тыңдамай, кімді тыңдаймын?
Басынан ақ кимешегін, үстінен сұрғылт камзолын тастамайтын,
саусақтарына – күміс сақиналар, білегіне күміс білезіктер тағып жүретін
сыпа кемпір – бес уақыт намазын үзбей оқитын өте діндар адам. Өмірінде үш
қыз тауып, ұл бала көтермеген, күйеуінен де тым ерте айырылған бұл кісінің
безаттығы бір басына жетерлік еді. Үлкен қызы – Жауынбайдың әйелі, мына
отырған Үміт.
Кемпір екі қолын төңкерген кесесінің үстіне қойып, мүлгіген адамдай
тұңғиық ойға батып кетті.
– Апам саған ақыл айтқалы отыр, – деді Үміт.
– Айтыңыз, апа айтыңыз, – деді Жауынбай.
Дариға кимешегін түзеп, қалтасынан ақ жібек беторамалын алып,
жасаураған көзін сүрткіледі.
– Е, балаларым-ай! – деді сонсоң қызы мен күйеу баласының беттеріне
кезек қарап, – Сендерге ризамын. Өстіңдер, жетілдіңдер. Жалғыз
қыздарыңды қияға ұшырдыңдар, жалғыз ұлдарыңды ұяға қондырдыңдар.
Екеуі де үйлі-баранды. Немерелерің бар. Бір Аллаға мың шүкір! Қайрат
балаң үш ұл сүйіп отыр. Зәурешіңнің бір ұл, бір қызы бар. Құдай бұйыртса,
өніп-өсетін әулеттің басында өзің отырсың, Жауынбай.
Дариға осы тұста сәл аялдап, тынысын терең тартып бір күрсінді де,
Үмітке кесесін ұсынды.
– Шәйіңнен құйшы. Аузым құрғап отыр, – деді де, әңгімесін
жалғастырып кетті.
– Ол балалардың бәрі қалада. Немереңнің алды мектеп бітіргелі отыр.
Азамат болды. Ал біз болсақ, міне, ошақтың үш бұтындай болып, үшеуміз
ғана шошайып қалдық, осы үйде. Мына кең сарайдай үйіңде бала-шағаның
айқай-шуы естіліп жатпаған соң, өзіңді иен тамда отырғандай сезінеді
екенсің. Әрине, сендердің жұмыстарың бар. Оны сезе бермейсіңдер.
– Сізге қиындау болып жүргенін сеземіз ғой, апа. Немерелеріңізге
барып, қыдырып қайтыңыз десек, оған да көнбейсіз, – деді Жауынбай
енесінің сөзін бөліп. Қараторы жүзі қошқылданып, кішкентай мұрны одан
сайын қусырыла бастағандай. Қысықтау көздерінде де бір салқындық бар.
– Ой, қарғам-ау сол! – деді кемпір күйеу баласына жарқырай қарап, –
Қыдырып жүруге менде күй бар ма? Сүйегім саудырап отырған түрім мынау.
Мен үшін солардың осында келіп-кеткенінің өзі – бір мейрам. Ол немелер де
жиі келіп тұруды білмейді. Жылына бір келген деген не?! Отырғаның аңсап!
Міне, сендер де жас емессіңдер. Мына Үміттің өзі алпысқа келіп қалды. Ал,
сен, Жауынбай шырағым, пайғамбар жасына жетіп отырсың. Кеше, әлгі... тос
көтеріп, сөз сөйлегенімде осы туралы айтқанымда, анау достарыңның
«пайғамбар болдың, пайғамбар болдың» деп күлгендері несі?! Пайғамбар
жасы деген ойыншық па? Мұсылман емес пе бәрі? Әрбір мұсылман өз
дұғасын оқып болған соң Алла Тағалаға мадақ айтады, пайғамбарға салауат
айтады. Ата-бабаларымыздың рухына арнап: «Иә, Алла Тағала! Ата-бабалар
рухына рақым ет, жатқан орнын пейіш ет, пайғамбардың шапағатына кенелт»
деп тілек бағыштайды.
Менің саған айтайын деп отырғаным да осы төңіректегі өтінішім.
Саған өтінішім. Бір Алланың шапағаты мен пайғамбарымыздың шарапатына
бөленсін деген тілегім.
– Иә, айтыңыз, апа, – деді Жауынбай.
– Айтсам, былай... М-м-м... Сендерді білем. Мұсылмандық жолына
оншама мойын бұра бермейсіңдер. Бірақ, жаратушы иеміз тым кешірімді ғой.
Адал жүріп, адал тұрғанның бәрін кешіреді. Бірақ біз... Қазақ деген халық
ата-бабасының аруағына сиынбай отыра алмаған. Сондықтан, олардың
рухына дұға оқудан, дұға оқытқызудан жаңылмаған. Ал, Жауынбай
шырағым, артық айтсам, көңіліңе алып қалма, мына сен осынша жасқа келіп
ата-бабаңның аруағына бағыштап бір рет құран оқытқаныңды көрмеппін де,
естімеппін де. Оның қалай?
– Енді... апа... біз... советский граждандармыз ғой. Бала кезімізден
солай оқытты. Атеист болдық. Тәуелсіздік алған соң ғана... мұсылман болып
жүрміз ғой.
– Олай деме, балам. Сен туа сала, тіпті, тумай тұрып мұсылмансың.
Өйткені сенің әкең де, шешең де мұсылман. Сүндеттелген соң нағыз
мұсылман болдың. Жаңа ғана «сіздің тіліңізді алмай, кімнің тілін аламын»
дедің ғой. Міне, мұның – нағыз мұсылмандығың. Ата-ананы ғана емес, жасы
үлкеннің бәрін сыйлау – ата-бабаңнан қалған мирас мінез.
– Апа, сонда маған не істе деп отырсыз? – деп Жауынбай енесіне көзін
тікірейтіп қарады.
– Өзіңнің пайғамбар жасына аман-есен жеткеніңе шүкіршілік етіп,
немере сүйіп отырған ата екеніңді мойындап, мешітке барып, пітір-садақа
бер. Ата-бабаларыңның аруағына бағыштап құран оқыт. Өзің де байқарсың,
сол сәтте-ақ бойың жеңілдеп, ойың тазарып қалады. Бұл іс – атқаруға тиіс
міндетің емес, алдымен сенімің, содан кейін ата-баба аруағының алдындағы
перзенттік парызың.
– Жарайды, апа, қолым тигенде барам ғой, – деген Жауынбай кесесінің
бетін басып, тұруға айналды.
– Жоқ, сен өйтпе. Баратың болсаң, шын ниетіңмен, таза жүрегіңмен
арнайы бар. Мешітке барып құран оқыту дегенің – жүрдім-бардым жасай
салатын жай бір шаруа емес. Сен менің тілімді алсаң, жұма күні таңертең
бар. Жұма – қасиетті күн. Ал менің айтарым – осы, шырағым. Қой, мен
тұрайын. Аллауәкбар! – деп бетін сипаған Дариға кемпір орнынан тұрып кеткен.
Жауынбай да өз бөлмесіне барып, креслосына жайғасқан соң, арқасынан ауыр бір жүк түскендей, тынысын терең тартып, шалқалай отырды. «Кемпір де көки береді» деп күбірледі сонсоң. Екі көзін төбеге қадап, шетсіз, шексіз бір ойға батып кеткендей болып отырды да, бір кезде қалта телефонына жармасты. Мақсаты – әкімнің бірінші орынбасарымен хабарласпақ. Бүгін – жексенбі, ертең – дүйсенбі. Сол ертеңгі күннің қай уақытында мұны қабылдай алады екен, соны білмек. Орынбасар телефонын тез көтеріп, Жауынбаймен өте салқын сөйлесті.
«Қандай шаруамен?» деген сұрағына сасып қалған Жауынбай:
– Мәке, келін кеше қатты ренжіп кетті ғой. Сол үшін кешірім сұрайын
деп едім, – деп шындығын айтып қойды.
Орынбасар:
– Кешірімді сіз емес, ана Ілияс сұрасын, – деді де, телефонын қоя
салды.
Орынбасардың Ілиясқа ғана емес, өзіне де қатты кек тұтып қалғанын дауысынан-ақ танып қойғандай болған Жауынбай өзіне-өзі симай барады. Терезенің алдына барып, екі қолын артына ұстап, басын кекжитіп тұрған ол тісін шақыр-шұқыр қайрайды. Қазір Ілиясты да, орынбасарды да, оның
қатынын да иттің етінен жек көріп тұр. Ол ендігі жерде не істеу керек екендігін жарты сағаттай ойланып, ең ақырында бір амалын тапқандай болды.
Осы Жауынбай ана ит сыныптасы Ілиясқа неге өзі бармайды? Барғанда да жай бармай, бір-екі жарты араға мен қазы-қартасын көтеріп, өзінен бір жас үлкен болса да бала күннен бірге өскенін тілге тие кетіп, жарқылдап, қарқылдап күліп бармай ма? Егер сөйтсе, мінезі тік, өркеуде болса да, ақжарқын, кеңпейіл Ілияс қуанып-ақ қалатын шығар. Әңгіме-дүкен үстінде буы бұрқырап, буыны босай бастағанда бұл да барған бұйымтайын майдан қыл суырғандай етіп жеткізе қоймай ма? Ол көнер ме екен? Әкімнің орынбасарынан кешірім сұрай салса, несі кетеді. Анау орынбасар ит те
«Ілияс менен кешірім сұрады» деп жұртқа жаймайтын шығар. Жайса да несі
бар? Қайта, жұрт Ілиястың мәдениеттілігі мен кішіпейілділігіне тәнті болар.
Ой үстіндегі Жауынбай: «Қалайда көндіру керек! Қалайда көндіру
керек!» деп күбірлеп отыр.
***
Ілияс Жауынбайдың жетіп келгеніне түк таң қалмай, күтіп отырған
қонағындай етіп, құшақ жая қарсы алды.
– Оу, Жәкешжан, келгенің қандай керемет болды! Кеше көбірек тартып
жіберіп, басым ауырып отыр еді, дәл келдің ғой, – деп арсалаңдап жүр.
– Мен де соны сезіп, кластас досыммен оңаша отырып, бір
әңгімелесейінші деп келдім, – деді Жауынбай төрге барып жайғасқан соң, –
Жамал қайда?
– Ол әлгі Жақыптың кішкентай немересін қырқынан шығаруға кетті.
Кетсе де қазанын көтеріп кеткен жоқ қой. Қазір өзім-ақ ет салып қоям.
– Жоқ. Ет салма, – деп Жауынбай шыр ете түсті, – Бәрін өзім алып
келдім. Міне!
Жауынбай үлкен пакетіндегі арақ-шараптар мен қазы-қартаны үстел
үстіне қойды.
– Жәкешжаным-ау, жан-жақты дайындалып келіпсің ғой.
– Осы сен, Ілияс дос, өзің пенсияға шыққалы мені «Жәкешжан» деп
еркелетіп атайтын болып алдың. «Пенсиянермен байқап сөйлес, бала!» деп
қоятының да бар. Енді, міне, мен де сенімен бірдеймін. Давай, адамды
кішірейтпей сөйле!
– Қойдық. Тек сенен бес көйлекті бұрын тоздырғанымды ұмытпа...
Екі сыныптас екі сағаттай отырғаннан кейін нағыз баптарына келді.
Жауынбай қыза-қыза көп сөйлеп, елдің бәрін «ит», «шошқа» деп жамандай
бастады. Тыңдаудан жалығып кеткен Ілияс бір кезде Жауынбайдың сөзін
бөліп:
– Осы сен біреуді ит, біреуді шошқа дейсің. Жарайды, иттің қандай
екенін білесің, ал шошқаны қайдан білесің? – деді.
– Шошқаны кім білмейді. Шошқа деген – шошқа! – деп Жауынбай
Ілиясқа тандана қарады.
– Ал, білсең, айтшы. Шошқа неге арам болған?
– Оны кім біледі дейсің. Құдай солай жаратты да.
– Білмесең, тыңда! – деді Ілияс салауатты қалыпқа түсіп, – Аты аңызға айналған Дәуіт деген пайғамбар болған. Сол кісі бір күні өте бұзылған, күнәһар дінбасы туралы естіпті. Әлгі азғын дінбасы жұрттан жасырынып, неше түрлі күнәларға батады екен. Түн болысымен әйелі екеуі өздерінің көңілдестерін жинап алып, зинақорлықтың алуан түрлі әрекеттерімен айналысады дейді. Дәуіт пайғамбар соларға бір батырын жібереді. Батыр барған кезде кісі көргісіз сауық-сайранның үстінен түсіп, әлгілердің бірін қалдырмай қаққа бөліп шауып тастапты. Сонда, дінбасының екіге бөлінген денесінен екі шошқа пайда болыпты. Батыр екеуін де шапқанда, екеуінен төрт шошқа өніп шығыпты. Төртеуін шапқанда, сегізге көбейіпті. Қанша бөлшектесе де, сонша көбейе беріпті.
Амалы құрыған батыр Дәуіт пайғамбарға келіп, болған жайды айтады.  Сонда Дәуіт: «Дінбасы құдайдың қаһарына ұшырады. Азғындықпен шошқаға айналды. Енді Қияметке дейін шошқа болып өмір сүреді, шошқа болып орталарыңда жүреді. Оны жолатпаңдар, аулақ жүріңдер» депті. Міне, көрдің бе? Мұсылмандар шошқаны ең арам хайуан деп біледі. Ал, сен болсаң, елдің бәрін шошқа деп иянаттап отырсың. Айтпақшы, Абай атамыздың бір өлеңінде «Өзі шошқа өзгені ит деп ойлар» деген сөз бар. Сенің шошқаларың сені де ит деп ойлайтын шығар.
– Кім білсін! Десе дейтін шығар. Бәріміз пендеміз ғой, – деді
Жауынбай келген шаруасының ауылы алыстап бара жатқанын байқап.
– Міне, мұның дұрыс. «Пенде» деген сөздің өзі парсылардан келген. «Құл» деген сөз. Бірақ кейіннен мағынасы кеңейіп, «Алланың құлы» дегенге жақындаса да, «құлқынның құлы» деген ұғым тым тереңдеп кеткен. Өйткені, адамзаттың ар-иманы азып-тозған сайын бар ой-арманы тойып тамақ ішу, жақсы өмір сүру, жоғары лауазым иесі болу сияқты жеке бастың қамымен астасып, былғанып, кірлеп бітті. Мұны өздері де түсінетіндер жасаған жамандықтарын, айтқан өтіріктерін, жасаған қылмыстарын «пендешілік қой» дей салады. Жаңағы сенің «бәріміз пендеміз ғой» дегенің сияқты... Қой, кел, пенде! Мынаны алып қояйық, – деді Ілияс алдындағы стақанын жоғары көтеріп. Екеуі қағыстырып, түбіне дейін ішіп тастады. Жауынбай өз бұйымтайын жеткізетін сәттің жақындап қалғанын жақсы сезініп, қазының бір тілімін шанышқысымен іліп алып, Ілиястың аузына жақындатты.
– Қане, Ілеке! Өз қолыммен! Асап жібер!
Ілияс асап жіберді. Ол да бір тілім қазыны Жауынбайға асатып,
жадыраған үстіне жадырай түсті.
– Ілеке! – деді Жауынбай аузындағысын шайнап болған соң, – Ілеке, кешегі «бөтелке» ойыны бізге бір пәле боп тұрған сияқты. Бағана әлгі орынбасарға «ертең қабылдайсыз ба?» деп звондап едім, отказ берді, шошқа. «Не боп қалды?» десең, саған ренжіп отырғанын айтты. Әйелінің әлдебір жанды жеріне тиіп кеткенсің бе, қатты ашулы дейді.
– Ашуланса қайтем? Сезікті секіре берсін.
– Жалпы... сыйласып жүрген адам болған соң, жанына тимеген жақсы
ғой. Өкпесін өршітпей, кешірім сұрай салсаң қайтеді?! Нең кетеді одан?
– Осы сен не деп оттап отырсың? – Ілиястың сілеусін көздері шоқтай
боп қызарып барады, – Оның қатынына қалжың аралас бір сұрақ қойдым
екен деп, байынан барып кешірім сұраймын ба?
– Сұрағаның жақсы болар еді.
– Не? Ей! Сен подлец қандай адамсың өзі?! Мен сені адам деп, кластас
деп сыйлап отырсам, ойың мүлде басқада екен ғой. Бәсе! Бұл маған не ғып
жабыса қалды десем. Мә саған! Ілияс орнынан атып тұрып, Жауынбайдың жағынан тартып жіберді. Онымен де тоқтамай, білегінен тартып тік тұрғызды да, есікке қарай сүйрей жөнелді. Далаға шығарып, құйрығынан бір тепті де:

– Енді менің көзіме көрінуші болма! – деп, аңқайып ашық қалған есігін сарт еткізіп ішінен жауып
алды. Көлігіне сүйретіліп зорға жеткен Жауынбай жұдырығымен көзін сүртіп, жылап отыр. «Ит! Шошқа!» деп қояды өксік аралас булығыңқы дауыспен. Әрі ызалы, әрі назалы жасқа малшынған сұрғылт көздерімен маңайына қараса, сағымдай бұлдырлаған бір дүние. Тек қана қайдағы бір шошқалар мен иттер елестей беретіндей. Екі аяқты пенде ретінде солардың барлығын бақылап отырған тек өзі ғана сияқты.

Пікірлер