«AMANAT» Партиясы Фракциясының мүшесі, депутат Ұлықбек Тұмашинов Шығыс Қазақстан облысындағы Марқакөл ауданының табиғи ерекшелігін атап, ұлттық парк етуді ұсынды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы. Депутаттық сауал ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайыловқа жолданды.
Тұмашинов өз депутаттық сауалында Шығыс Қазақстан облысында шекаралық Катон-Қарағай, Марқакөл аудандарының құрылуын атап, тұрғындардың Президент шешіміне ризашылығын білдіргенін жеткізді.
Аталмыш аудандар мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен құрылған болатын.
"Қаңтардың бірінші онкүндігінде, өңірлерді аралау кезінде осы аудандарда, яғни Қатон-Қарағай, Үлкен Нарын, Марқакөл, Күршім аймақтарында болып қайттық, сондағы қарапайым халықтың ризашылығы мен қуанышын, Президентімізге деген зор ықыласы мен алғысын көрдік!" деді ол.
Сондай-ақ, ол жаңадан құрылған аудандарға ерекше көңіл бөлу керек екенін атап өтті:
"Аталған Марқакөл ауданының аймағында «Марқакөл қорығы» орналасқан. Бұл қорық Кенес Одағының кезінде құрылған. Бүгінгі күні «Қатон- Қарағай» және «Тарбағатай» ұлттық парктерімен көршілес орналасқан. Қорық болу себебінен, заңмен туристік объектілерді салуға, дамытуға тыйым салынған. Халықпен кездесу кезінде, сайлаушыларымыздың сұрауы бойынша өңірдін экономикасын, туризмді дамыту мақсатында, тұрғындарды жұмыспен қамтамасыз ету, қосымша табыс табу және осы ауданның байырғы тұрғындарының өз өлкесіне қайтып оралуына қызығушылық тудыру үшін «Марқакөл қорығының» статусын өзгертіп, «Марқакөл ұлттық паркі» ретінде қарастыру қажет. Бұл дегеніміз - осы өлкенің ертең Қазақстан елінің інжу- маржанына айналуына қосылған үлкен үлесі болар еді" деді ол.
Депутат Ұлықбек Тұмашинов "Марқакөл қорығы" статусын "Марқакөл ұлттық паркі" статусына өзгерту арқылы өңірдің экономикалық, туризмдік тұрғыдан дамуына жол ашатынын айтып, мәселе көтерді:
"Тәжірибе көрсеткендей, Ұлттық парк статусы ауданның экономикалық тыныс-тіршілігін арттырып, туристердің санын көбейтіп, ауданға өте қажет кіші бизнесті дамытуға жан-жақты мүмкіндік береді. «AMANAT» партиясы шекаралық аудандарды дамытудың жүйелі тетіктерін жасау қажет деп есептейді!" деді ол.
Премьер-министрге Үкімет жанынан құзырлы министрлік өкілдері санатынан, мәжіліс депутаттарымен бірге осы мәселе жөнінде топ құрып, шешу тетіктерін қарастыру қажеттігін айтты.