Жезкиік. Қарақалпақстанды басқарған қазақ ақыны

8733
Adyrna.kz Telegram

Бүгін - Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, көрнекті ақын Кәкімбек Салықұлының туған күні.

Біржан сал мен Ақан сері, Үкілі Ыбырайлардың жолын жалғаған бірегей дарын иесі 1932 жылы Солтүстік Қазақстан облысы Шал ақын ауданы Еңбек ауылында дүниеге келген.

1955 жылы Мәскеудің түсті металлургия және алтын институтын бітіргеннен кейін Жезқазған кенішінде кен шебері болып еңбек жолын бастаған.

КСРО Жоғарғы кеңесінің экология жөніндегі комитетінің басшысы лауазымына дейін көтерілді.

Сондай-ақ,  Одақ көлемінде түрлі жоғары лауазымдарды атқарып, Қарқалпақстанды басқарған. 1984 жылы Қарақалпақ Автономиялық Республикасы облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып сайланды.

Көп жылдар Кеңес одағы Жоғарғы кеңесінің президиум мүшесі болды Алғашқы өлеңдер жинағы «Сыр» 1977 жылы жарық көрді. Сол жылы «Жезкиік» атты жыр жинағы орыс тіліне аударылып жарияланды. 1981 жылы «Қырғызстан» баспасы оның «Нұрлы күндер» кітабын қырғыз тілінде, 1983 жылы Ғафур Ғулам баспасы «Жезкиік» жинағын өзбек тілінде шығарды.

«Бөкетовке реквием», «Эдельвейс», «Ғасырға тең бір мезет», «Че Гевара» атты поэмалары орыс тіліне аударылды.
К.Салықов - «Дала», «Қыран-дар», «Гәкку», «Жезкиік», «Еңлікгүл», «Тәттімбет», «Домбыра», «Қарақалпақ», «Кенесарының соңғы сөзі» секілді көптеген поэмалардың авторы. Соңғы жылдары оның «Ойтолғақ» (2001), «Сырғалы сонеттер» (2001), «Күзгі шуақ» (2004), «Күзгі сарын» (2005), «Сенсің ел данасы» (2006), «Әлемнің сегізінші ғаламаты» (2006), «Мағжанға тағзым» (2008) кітаптары жарық көрді. В.В.Маяковскийдің «В.И.Ленин» поэмасын, А.С.Пушкиннің өлеңмен жазылған «Евгений Онегин» романын, М.Ю.Лермонтовтың, Ю. П. Полонскийдің, Р.Ғамзатовтың, Алдан-Семеновтың, С.Норовчатовтың, В.Савельевтің, Я.Коластың, М.Львовтың, моңғол және өзбек ақындарының өлеңдерін қазақ тіліне аударды.

Б.Жұманиязов, Н.Тілендиев, Ә.Бейсеуов, Е.Хасанғалиев сияқты композиторлар ақынның көптеген өлеңдеріне ән шығарды. «Жезкиік», «Сағыныш», «Аққу әні», «Үш арыс», «Бір ауыз сөз», «Оқжетпес», «Көкшетау», «Жамбыл ата» сынды туындылары халық әніне айналып кетті.
Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне үш мәрте (IX, X, XI) депутат болып сайланған. КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты. «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағының иегері (2001), Халықаралық Қ.Сәтбаев қорының президенті, Қазақстан Республикасы «Экология» академиясының академигі болды.

Пікірлер