Үндістаннан Ресейге бет алған әуе ұшағы апатқа ұшырады, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі Паджвак агенттігі Х әлеуметтік желісінде.
Үнді компаниясының ұшағы Ауғанстанның Бадахшан провинциясының тауларында апатқа ұшырады.
Агенттіктің хабарлауынша, ұшақ Ауғанстанның солтүстік-шығысында құлаған.
"Жексенбіде жергілікті шенеуніктер үнді жолаушылар ұшағы Бадахшанның таулы аймақтарында апатқа ұшырады деп мәлімдеді", - делінген агенттік материалында.
Бадахшан провинциясында ұшақ техникалық ақау салдарынан апатқа ұшырағаны айтылуда. Әуе кемесінің бортында қанша адамның болғаны нақты айтылмады. Алайда кей басылымдардың ақпаратына сүйенсек, бортта 6 адам болуы мүмкін: экипаждың 4 мүшесі және 2 жолаушы.
Ауғанстан аумағында жоғалған Falcon ұшағы Ресей федерациясының Азаматтық әуе кемелерінің мемлекеттік тізімінде тіркелген болып шықты.
Экипаж мүшелері Гай (Үндістан) - Ташкент - Жуковский бойынша бағыт ұстаған. Ұшақ чартерлік санитарлық рейс орындағаны анықталды.