Герат қаласында Ауғанстан бойынша Қазақстан президентінің арнайы өкілі Еркін Тұқымов бастаған ресми және іскерлік делегациялардың қатысуымен бірқатар іс-шара өтті, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, сапар аясында Еркін Тұқымов Ауғанстанның батысындағы Герат провинциясының губернаторы Нур Ахмад Исламжармен кездескен. Тараптар сауда-экономикалық және өңіраралық ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен перспективаларын талқылап, өңірлердің әлеуеті және іскер топтар арасындағы тікелей өзара іс-қимылды кеңейту мүмкіндіктері туралы ақпарат алмасқан.
«Қазақстанның мен Ауғанстанның батыс өңірлері арасында сауда, өнеркәсіптік кооперация, көлік және логистика салаларында тікелей байланыстар орнатуға бағытталған «West2West» форматын дамытуға ерекше назар аударылды. Сауда-экономикалық іс-шараларға Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстары әкімдіктерінің, сондай-ақ екі елдің іскер топтарының өкілдері қатысты»,– делінген хабарламада.
Сапар аясында «Қазақстан – Ауғанстан: өңіраралық ынтымақтастық» атты бизнес-форум өткен. Форумда өзара сауданы кеңейтудің, кәсіпкерлер арасында тікелей байланыстар орнатудың, өнеркәсіптік кооперация мен көлік-логистикалық байланыстарды дамытудың практикалық мәселелері талқыланған. Ауғанстан тарапы өнеркәсіп тауарларының, ауыл шаруашылығы өнімдері мен азық түлік көрмесін ұсынған.
Еске салайық, 2026 жылғы қаңтар-шілде айларында екі ел арасындағы тауар айналымы 581,1 млн АҚШ долларын құрап, 2,4 есеге өскен еді. Қазақстанның экспорты 572,9 млн долларды құраған, оның ішінде ұн – 215,6 млн, бидай – 122 млн, өсімдік майы – 51,1 млн доллар. Ауғанстаннан импорт 8,2 млн доллар болған. Салыстыру үшін Қазақстан мен Иран арасындағы сауда айналымы 2025 жылы 430 млн долларды құраған.
Ұлытау облысында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызметшілер күніне арналған марапаттау жиыны өтті
