Қазақстан «ақ жағалы» қылмыс бойынша алда келеді

2937
Adyrna.kz Telegram

Қазақстан сыбайлас жемқорлыққа қарсы «Global corruption Index 2023» рейтингісінде 196 ел ішінде 112 орында тұр, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.

Global Risk Profile коммерциялық емес ұйымы сыбайлас жемқорлықтың кезекті жаһандық индексін (Global Corruption Index 2023 – GCI) жариялады.

БІРІНШІ СУБИНДЕКС – ЖЕМҚОРЛЫҚҚА БЕЙІМДІЛІК

2023 жылғы GCI 196 мемлекеттегі корпоративті және мемлекеттік сектордағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін, сондай – ақ «ақ жағалы» қылмыстардың (қаржы мен экономикаға байланысты сыбайлас жемқорлыққа бағытталған қылмыстар - парақорлық, алаяқтық, қызметін асыра пайдалану, мүлікті иемдену немесе талан-таражға салу, қаржы жылыстату және т.б.) таралуын бағалайды.

Бірінші субиндекс шеңберінде - сыбайлас жемқорлыққа бейімділік (жалпы бағалаудың 60 пайызы) – мынадай тақырыптар қаралады:

  • Сыбайлас жемқорлыққа қарсы негізгі келісімдерді ратификациялау мәртебесі (бірінші субиндекстің 15 пайызы);
  • Қоғамдағы сыбайлас жемқорлықты қабылдау деңгейі (25,5 пайыз);
  • Мемлекеттік және жеке секторлардағы сыбайлас жемқорлықтың тіркелген тәжірибесі (17 пайыз);
  • Мемлекеттің сыбайлас жемқорлықпен тығыз байланысты сипаттары - мысалы, мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалар қызметінің ашықтығы, мемлекеттік басқарудың тиімділігі, құқықтық және саяси контекст (42,5 пайыз).

ЕКІНШІ СУБИНДЕКС – ҚАРЖЫ ЖЫЛЫСТАТУ

Екінші субиндекс шеңберінде - сыбайлас жемқорлыққа бағытталған қылмыстар (жалпы бағалаудың 30 пайызы) – Базель басқару институтының ақшалай қаражатты жылыстатуға қарсы іс-қимыл индексінің деректері, сондай-ақ өзге көздерден алынған «ақ жағалы» қылмыстар туралы көрсеткіштер жиынтығы талданған.

2023 жылы индексті есептеу үшін ашық көздерден алынған мәліметтерге негізделген 42 көрсеткіш пайдаланылған. Негізінен БҰҰ, ЭЫДҰ, Дүниежүзілік банк, Transparency International материалдары және т. б.

АЗ «ЖЕЙТІН» ЕЛДЕР

Сыбайлас жемқорлық қаупі ең төмен көшбасшы елдер (топ-10): Финляндия (1 орын, 100-ден 6.76 ұпай), Норвегия (2 орын, 8.3 ұпай), Жаңа Зеландия (3 орын, 8.38 ұпай), Швеция (4 орын, 8.44 ұпай), Дания (5 орын, 10.9 ұпай), Эстония (6 орын, 11.03 ұпай), Нидерланды (7 орын, 12.96 ұпай), Исландия (8 орын, 12.98 ұпай), Ирландия (9 орын, 14.24 ұпай), Ұлыбритания (10 орын, 14.86 ұпай).

Аймақтар бойынша жалпы рейтинг туралы, зерттеушілер Еуропа өзінің жетекші позицияларын сақтайтынын атап өтті (100-ден 29,7 ұпай); кейін Океания (40,1) және Солтүстік Америка (43,8); Оңтүстік Америка (46,1) және Азия (50,1) көрсеткіштері бойынша орташа әлемдік деңгейге жақын (45,9), ал Африка сыбайлас жемқорлық пен «ақ жағалы» қылмыстардың ең жоғары тәуекелді аймағы болып қала береді (100-ден 57,9).

ҚОЛ ЖЕТТІ МІНЕ, АҢСАҒАН КҮНГЕ...

Global Risk Profile коммерциялық емес ұйымының сыбайлас жемқорлықтың жаһандық индексінде Қазақстан Молдовадан төмен, Украинадан жоғары тұр. Қазақстанның жақын көршілерімен салыстырғандағы нәтижесі мынандай болып шыққан:

Грузия - 34.17 ұпай (43 орын)

Армения - 38.47 (61 орын)

Молдова - 47.49 (104 орын)

Қазақстан - 49.41 (112 орын)

Украина - 51.67 (126 орын)

Ресей - 51.81 (127 орын)

Беларусь - 54.33 (135 орын)

Әзірбайжан - 56.3 (143 орын)

Өзбекстан - 56.91 (145 орын)

Қырғызстан - 58.8 (152 орын)

Тәжікстан - 59.3 (155 орын)

Түрікменстан - 62.1 (163 орын).

Естеріңізге сала кетсек, жақында Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төрағалығымен Президент жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның отырысы өтті.

Кездесуде Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасын және Еуропалық Кеңес жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі мемлекеттер тобының (ГРЕКО) ұсынымдарын жүзеге асыру, сондай-ақ  шетелдік сарапшылардың ұсынымдарын пысықтап, оларды іске асырудың пәрменді тетіктерін әзірлеу мәселелері қарастырылды.

Асхат Ахмедияр, 

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер