Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Бірыңғай уақыт белдеуіне көшу туралы айтты, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
"Бұған дейін хабарлағандай, біздің мемлекеттік органдар қаулы жобасын дайындады. Жақын арада шешім қабылданады. Шешім қабылдау үстіндеміз", - деп жауап берді Арман Шаққалиев.
Оның айтуынша, азаматтар соңғы шешім туралы уәкілетті органның қаулысы жарияланған кезде, “шамамен, жақын арада” хабардар болады.
Еске салайық, өткен жылдың желтоқсан айында “Ашық НҚА” порталында 2000 жылғы “Қазақстан Республикасының аумағындағы уақытты есептеу тәртібі туралы” қаулыға өзгерістер енгізетін Үкімет қаулысының жобасы жарияланған болатын.
Құжат қолдау тапса, Астана, Алматы, Шымкент қалаларында және республиканың тағы 12 облысында сағат тілі ауыстырылады. Бұл ретте, Астана, Алматы, Шымкент, Абай, Ақмола, Алматы, Жамбыл, Жетісу, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Ұлытау, Шығыс Қазақстан облыстарының әкімдіктері 2024 жылғы 29 ақпанға қараған түні 2024 жылдың 1 наурызына дейін (сағат 00:00) жергілікті уақытты 1 сағатқа артқа қою керек.
”Адырна” ұлттық порталы