Журналист Оңғар Қабден Павлодар облысы, Баянауыл ауданы, Майқайың кенті “Майкаинзолото” -дағы апат болған жерге барып видео жолдады.
Журналистің айтуынша, апат болған жерде аршу жұмыстары күн-түн демей жүріп жатыр. Бүгін апаттың болғанына он бірінші күн. Құлаған автобус пен екі адам әлі табылмады.
“Автобус құлаған жерге жету үшін жолдың шетін арнайы қазып жатыр. Өйткені, топырақтар автобус жатқан жерге құлап кетпес үшін шетін тазалап алу керек. Күніне мыңдаған тонна тасты шығарып жатыр. Автобус біреулер айтқандай, 150 метрге емес, 66 метр тереңдікке құлаған. Ертеңдері табылып қалады деген үміт бар”, деді журналист.
Айта кетейік, бүгін автобус құлаған сәттің видеосы тарады.
Естеріңізге сала кетейік, 4 қаңтарға қараған түні «Майқайыңалтын» АҚ аумағында Майқайың шахтасының шахтасына жақын жерде төрт жолаушы мінген автобус ойыққа құлап кеткен болатын.
Ал сейсенбі күні ТЖ министрі Сырым Шәріпханов автобусқа дейін 5 метр қалғанын хабарлағанболатын.