Ілияс Жансүгіровтің қызы өмірден өтті

2855
Adyrna.kz Telegram

Қазақ әдебиетінің классигі, ақын, драматург Ілияс Жансүгіров пен Фатима Ғабитованың қызы, қоғам қайраткері Санжар Жандосовтың жұбайы, дарынды ұстаз, Ильфа Ілиясқызы 89 жасқа қараған шағында өмірден озды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Ильфа Ілиясқызы 1935 жылы 29-мамырда Алматыда дүниеге келген, бірақ 1937 жылы, небары 2 жасынан бастап, "халық жауы отбасының" мүшесі ретінде астанадан аластатылып, бүкіл Қазақстан даласын аралап, көшіп кетуге мәжбүр болды. Соғыс жылдарында Жамбыл облысының Меркі ауылында тұрақтады. Тек 1950-жылдардың басында ғана Алматыға қайта оралған Ильфа Жансүгірова Шет тілдері институтына оқуға түседі. Оны бітірген соң Қ.Сәтбаев атындағы политехникалық институтта, Абай атындағы Қазақ педагогикалық институында неміс тілі пәнінің оқытушысы болып, ҚазССР Педагогикалық қоғамының Ғалым хатшысы, сонымен қатар ҚазССР Ғылым академиясының шет тілдер кафедрасының оқытушысы болып жұмыс істеді.

1958 жылы Ильфа Ілиясқызы Санжар Оразұлы Жандосовқа тұрмысқа шығады, екеуі бес баланы өсірді. Ильфа Жандосова тек батыр ана, жоғары білікті ұстаз ғана емес, 34 жыл ғұмырын бірге өткізген өмірлік қосағы, 1992 жылы қайғылы қазаға ұшыраған мемлекет және қоғам қайраткері С.Жандосовтың сенімді серігі де бола білді. 1999 жылы ол Ілияс Жансүгіров қоғамдық қорын құрып, оның жұмысын өзі басқарды. Қор Ілияс пен Фатима Ғабитованың шығармашылық мұрасын жинақтап, зерделеп, аударып, басып шығарды, мектептер мен музейлерге қамқорлық көрсетіп отырды.

И.Жандосова-Жансүгірова "Тағдырымның іздері" атты естеліктер жинағын шығарды. Өмірінің соңғы сағаттарына дейін Ильфа Ілиясқызы Қазақстандағы азаматтық қозғалыстар мен олардың белсенділерін қолдаумен өтті.

“Адырна” ұлттық порталының ұжымы марқұмның туған туыстарына қайғыра  көңіл айтады.

Пікірлер