Алмаз Мұхаметжанов Бас Прокурор аппаратының басшысы қызметіне тағайындалды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
«Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының бұйрығымен Бас Прокурор Аппаратының басшысы қызметіне Мұхаметжанов Алмаз Оралұлы тағайындалды», - делінген ведомство таратқан ақпаратта.
Айта кетейік, Алмаз Мұхаметжанов 1972 жылы дүниеге келген. Еңбек жолын 1994 жылы бастап, Қарағанды қаласы Совет ауданы прокурорының көмекшісі, прокуратураның тергеушісі, Қарағанды облысы прокуратурасының әлеуметтік-экономикалық саладағы заңдылықты қадағалау бөлімінің прокуроры қызметтерін атқарған.
Бас прокуратурада 1998 жылдан бастап жұмыс істеген, Астана қаласы бойынша ҚСАО басшысы, Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті төрағасының орынбасары, Бас прокуратураның халықаралық қатынастар департаменті бастығының орынбасары, Бас Прокурор Аппаратының ұйымдастыру – бақылау жұмысы бөлімінің бастығы қызметтерін атқарды.
2009 жылдың сәуірінен 2012 жылдың ақпанына дейін Әділет министрлігінің НҚА тіркеу Департаментінің директоры болып жұмыс істеді.
2012 жылдан бастап қазіргі таңға дейін Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Нормашығармашылық қызметті үйлестіру басқармасының, сосын Департаментінің бастығы лауазымдарын атқарып келді.