Бүгін – Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ғарифолла Құрманғалиевтің туғанына - 115 жыл.
Ғарифолла Құрманғалиев - Қазақстанның мәдениетіне еңбек сіңірген қайраткер, әнші (тенор), Қазақ КСР халық әртісі.
1934 жылы Алматыда өткен халық көркемөнерпаздарының бірінші Бүкіл Қазақстандық слетіне қатысты. Сол жылы Қазақтың музыкалық драма театрының (қазір Қазақтың опера және балет театры аталады) құрамына қабылданды.
1967 жылдан бастап Республикалық өнер және цирк студиясында сабақ берді. Құрманғалиев Е.Брусиловскийдің "Ер Тарғын", "Айман-Шолпан", "Қыз Жібек", Мұқан Төлебаевтың "Біржан-Сара", А.Жұбанов пен Л.Хамидидің "Абай" операларында күрделі партиялар мен рөлдерді ойнады.
Сондай-ақ, кемеліне келтіре орындаған «Айнамкөз», «Үлкен айдай», «Ақ кербез», «Ісмет», «Боз жорға», «Он алты кыз» т. б. халық әндері жұртшылық көңілінен берік орын алды. Ол орындаушылық өнерімен катар, өзі де көптеген әндер («Ақ Жайық», «Сүйген жар», «Нұржамал», «Жан еркем», «Аққу», «Сүйемін туған өлкемді») шығарды.