Әділет министрлігі адай тұқымдас жылқының 6 түрін жаңа ұлттық бренд ретінде тіркеді. Бұл туралы Әділет министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли мәлімдеді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
«28 желтоқсанда Әділет министрлігінің «Ұлттық зияткерлік меншік институты» РМК Ауыл шаруашылығы министрлігі Апробация жөніндегі мемлекеттік комиссиясының қорытындысы негізінде селекциялық жетістікке алты патент беру туралы шешім қабылдады және селекциялық жетістіктердің мемлекеттік тізілімінде тіркеді. Осының негізінде адай жылқысының жаңа тұқымдарын Қазақстанның селекциялық жетістігі ретінде тіркеу және патент иеленушінің селекциялық жетістікті пайдалануға айрықша құқығын, оның басымдығы мен селекционердің авторлығын куәлендіретін патенттер берді»,—делінген хабарламада.
Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Маңғыстау облысына сапарының қорытындысы бойынша Үкіметке адай асыл тұқымды жылқысын ғылыми тұрғыдан дәлелдеу және өсімін молайту бойынша жедел жұмыс жүргізу туралы тапсырма берілген болатын.