“Қырым кімдікі?” немесе “Алхимик” Алтынбеков

2057
Adyrna.kz Telegram

Менен: “Қырым кімдікі?” деп сұраса, мен үнемі “Қырым -біздікі!” деп жауап беремін. Оның себебі - Алматыда қазақтың аты әлемге әйгілі реставратор шебері, Қазақстан Көркемөнер Академиясының академигі Қырым Алтынбеков деген ерекше досым бар. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Суретшілер одағының мүшесі, Мажарстанның рыцарьлық айқыш орденімен марапатталған.

Жақында сол Қырым досым башқұрт елінің ең жоғарғы наградасы - Салауат Юлаев орденін алды. Марапатты Уфа қаласында Башқұртстан Республикасының басшысы Радий Фаритұлы Хабиров өз қолымен салтанатты түрде табыс етті.
Білмейтіндер болса, “басқа түрік тұқымдас елдің құрметіне бөленіп, мәртебелі сыйын көріп жүрген Қырым Алтынбеков деген бұл қазақ кім?” деп сұрауы мүмкін.
Ол - Алматының бір пұшпағындағы өзінің “Қырым аралы” деп аталатын қисайған, елеусіз ескі шеберханасындағы заманауи соңғы үлгімен жабдықталған зертханасында археологиялық қазбалардан табылған, арғы атам заманнан жеткен асыл бұйымдарды, алтын киімдерді, қамқа тондарды, әбден тозып, іріп-шіріп кеткен ту-байрақтар, әбзелдер мен ер-тұрмандарды, киіздер мен мүйіздерді, қалың тот пен қына басқан қыруар қару-жарақ, сауыт-сайман, құрал-жабдықтарды өңдеп-жөндеп, қалпына келтіретін сыйқырлы өнері бар Қырым Алтынбеков деген әлденеше шет тілін білетін, тарихтың жілігін шағып, майын ішкен, химия, биология, физика, археология, этнология, т.б. ғылымдардың өз ісіне қатысты жағын шекілдеуікше шағатын ғалым, бірегей тұлға. Бейне бір осы заманның алхимигі дерсің!

Қырым Алтынбековтың қолынан - бұдан мыңдаған жыл бұрын апталып-күптеліп жерленген, кейін отаршылар әбден тонап, тұттай жалаңаштап кеткен Алтын адамдарың, сүйегі қурап қалған сақ патшаларың алтын киімін қайта киіп, жарқырап шыға келеді. Оның қолынан - ана жылы Берелден табылған мүйізді жылқыларың алтын жүгені мен құйысқан, өмілдірігін тағып, қайта ерттеліп, жалы күдірейіп, жер тарпып, ауыздығымен алысады.

Оның ғажайып зертханасына бас сұқсаң шынымен де өлі-тірі тарихпен беттесесің. Мыңдаған жылдар бойғы әбден қурап, құрып бітті-ау деген ежелгі, ескікөз, көнетоз бұйымдар реанимациядағы науқастарға ұқсап, беті бері қарап, басын көтеріп жатады.
Демек, Қырым Алтынбековтың қолынан көнені жаңарту, өшкенді жандыру келеді! Онысы - ол ісі - мыңдаған жылдарға кететін қат-қабат терең тарихы қолдан өшіріліп, зорлықпен бұрмаланған қазақ ұлты үшін өлгенді тірілткенмен тең!

Мұндай аса білімдар ғұлама ғалым, мұндай ұсынақты шебер, өте сирек реставратор маман бүкіл түрік әлемінде некен саяқ, ал дүние жүзінде саусақпен санарлық қана!

Башқұрт елі сыйлаған марапатың құтты болсын, Қырым досым!

Ұлықбек Есдәулет, ақын

Фейсбук парақшасынан

 

Пікірлер