Жастар тіл мәдениетінің сақталуына жауапкершілікпен қарауы тиіс

2542
Adyrna.kz Telegram

Тіл – қарым-қатынастың, тұлғалық коммуникацияның құралы, ұлттың байлығы, мұралық құндылық. Адамның ой-өрісін, мәдени дәрежесін, ақыл-парасатын, рухани байлығын көрсететін ажар да оның реңкінің қанық та көркем болуы тұлғаның лингвистикалық мәденинетіне байланысты.

Көптеген ғылыми-педагогикалық әдебиеттерді, мерзімді баспасөз ақпараттарын талдап-зерттей келе, бүгінгі күнгі жастарымыздың сөз саптауы көңіл аударарлық, тіпті көпшілігінің тіл мәдениеті төменгі деңгейде деген қорытынды жасау – ғылыми ізденістің нәтижесі. Зерттеу нысаны – жастар өз ойларын дұрыс, түсінікті етіп жеткізе алмайды, басы артық бос сөздерді көп қолданып, ойын шашыратып жібереді, мағынасы  жоқ  қате  қолданыстағы сөздерді жиі тілге тиек етеді.  Кейбірі шалағай, өзге тілдің детальдарын қосып, араластыра сөйлесе, бірі жаргон-диалектілермен сөйлегенді сән көреді. Бұл мәселе туралы көптеп айтылып та, жазылып та жатыр. Мысалы, педагогика ғылымының докторы И. Нұғыманов пен  Қашқынбаева:

«Оқушының жеке тұлға болып дамуы мен алған білімін іске асыруда сөйлеу тілін, әрекетін, сөйлеу мәдениетін, әдебін қалыптастыру педагогиканың қазіргі кездегі көкейтесті мәселелерінің бірі болып табылады» - дейді. Бүгінгі таңда қазақ тіл білімінің өзекті мәселелерінің бірі – тәуелсіздің ұрпақтарының тіл мәдениетін көтеру, сауатты жаза алатын, өз ойын айқын жеткізе алатын азамат тәрбиелеу. Сондықтан, тіл  мәдениетіне  аса  қажетті,   маңызды  салалардың  бірі  - құнды сөз және оның қолданыстағы  тазалығы.  Ана  тілімізге деген айрықша құрмет пен ыстық  сезімнің  лебі  таныстықта бірінші таза  сөйлеуден  байқалады. 

В. Радловтың  «Қазақтардың  тілі  жатық  та  шешен,әрі өткір,  көбінесе  іліп-қағып  сұрақпен  жауап  беруге  келгенде  таңғаңдырарлықтай  оралымды   сөйлейді. Кез  келгені,тіпті  сауатсыздардың   өзі  ана  тілінде  француздар мен  орыстардың  дәрежесінде  сөйлей  біледі »  деп тұжырымдауының өзі тегіннен емес.  Түркі тілтерінің теоретигі, ғылыми ортаға белгілі  зерттеушіні  таңдандырған  тіл өнерінің,  шешендік, сөз  байлығы мен  тазалығының  бүгінгі  күнде  өзекті  мәселеге  айналу құбылысының өзі толыққанды анализді қажет етеді.  Ал  тілші-ғалым   Р. Сыздықова: «Тіл мәдениеті дегеніміз - сөздерді дұрыс орнымен қолдану (лексикалық), дұрыс құрастыру (синтаксистік), дұрыс қиюластыру (морфологиялық), дұрыс дыбыстау (орфоэпиялық), сауатты жазу (орфографиялық), тілді әсерлі етіп жұмсау(лингвостилистикалық) нормаларын ұстану, орнықтыру, жетілдіру», - дейді. А.Байтұрсынов  болса:  сөз  ұнамды,  өңді  болуы  үшін  талғаудың  басты  шарты  -  сөз  тазалығы, сөз  дұрыстығы, тіл  анықтылығы, тіл  дәлдігі  мен  тіл  көрнектілігі,-деп  көрсетеді.    Тіл тазалығы дегенде, ойымыздың, сөзіміздің бөтен, бөгде элементтермен шұбарланбай, әуезді де жатық, табиғи қалпын сақтауын талап етеміз.

Қандай адам болмасын, ой-өрісінің, білімінің, мәдениеті мен рухани дүниесінің қаншалықты екені оның жазған жазуынан, сөйлеген сөзінен де байқалды. «Кісіге қарап сөз алма, сөзіне қарап кісіні ал», - деп ұлы Абай тегін айтпаған. Ана тілінің мол байлығын игерген, құдіретіне түсінген, күшіне тағзым етіп, бас иген адам өзіне де, өзгеге де талап қоя алады, сөзді қалай болса солай қолдануға жол бермейді. Сөз мәдениеті мен өз мәдениетін қатар ұстап, екеуін бірге әлпештеп, қамқор болса, ана        тіліне деген сүйіспеншілігі арта түсері даусыз.

 

Пікірлер