"Акцияларды қашан бересің?". Алматыдағы оқу орнын қоқан-лоқымен тартып алмақшы

1603
Adyrna.kz Telegram
Фото: 2gis.kz
Фото: 2gis.kz

Қазақ көлік және коммуникация Академиясын қоқан-лоқымен тартып алу әрекеті орын алып жатқаны айтылды, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі журналист Гүлмира Әбіқайдың желідегі жазбасына сілтеме жасап.

Қазақ көлік және коммуникация Академиясын Нұрлан Сауранбаев есімді шенеунік күштеп алмақ болған. Бұл туралы Академияның инвесторы әрі басшысы Гүлзана Серікова үндеу жолдап, дабыл қағуда. Бейне-үндеуде:

""“Мен сіздерден көмек сұрауға мәжбүрмін. Маған шенеуніктен қысым түсіп жатыр. Менде хабарламалар, қоыңраулар, кездесуде айтылған жазбалар, дәлелдер бар. Мен бәрін көрсете аламын. Жыл басында "Қазақстан темір жолының" басшысы Нұрлан Сауранбаев мені өз кеңсесіне шақырып, қорқыта бастады. Ол Академияның 51% оның айтқан адамына жазуымды айтты. Айтқанымды істемесең, абақтыға отырғызып, жеке бизнесіңді тартып аламын. Сен менің мүмкіндіктерімді білмейсің",-деп қорқытқанын айтады.

Ұсыныстан бас тартқан кәсіпкер Гүлзанаға ұлттық компания төрағасы «51 емес, 25 пайызын бер, саған менің атымнан бір кісі хабарласады» деген-мыс.

Сәйкесінше оған Ж. есімді бойжеткен хабарласып, шенеуніктің қызы екенін айтқан. Яғни, ҚТЖ басшысының қызы хабарласып, «Папам сұрап жатыр, акцияларды қашан бересің» деген сынды сауал қойған.

Танымал журналист Гүлмира Әбіқай бұл дауға қатысты арнайы тексеру жұмыстары жүріп жатқанын айтады.  Өз жазбасында:

"Кезінде мемлекет қарамағында болған әйгілі оқу орны тозығы жетіп, жемқорлыққа әбден батты. Бюджетке тиімсіз актив деп танылған мекемені Үкімет жекешелендіруге шығарады. Аукцион қорытындысы бойынша сатылды. Гүлзана ханым ҚазАТК-ға 5 жылда аттай 4 млрд. тг. аса қаржы құйыпты. Енді ғана аяғына тұрып келе жатқан оқу орнын ҚТЖ басшысының кері қайтару үшін ашық бопсалауының астарында не жатыр? Ұлттық компания басқарма төрағасының еркетотай қызы бұл мекеменің еншілес тұлғасы (афиллированное лицо) екені тағы анық. Мына бейне Үндеу 90-шы жылдардағы оқиғаларды елестетеді. Рейдерлік бопсалау деген Әлиевпен бірге кетті ма десек бар екен ғой)",-деп жазады.

Пікірлер