Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Әлихан Смайылов «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің ұжымына жаңа басшы Нұрлан Байбазаровты таныстырды. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз хатшысы мәлімдеді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
Премьер-министр Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында «Бәйтерек» холдингінің қызметін трансформациялау және ауқымды цифрландыру бойынша міндет қойғанын еске салды.
Нәтижесінде бюрократиялық кедергілер жойылып, өтінімдерді қарау мерзімі қысқарып, бизнес қауымдастығының қолдау шаралары туралы хабардар болу деңгейі артуы қажет. Жаңа басшы алдағы жоспарлардың орындалуын қамтамасыз етуі тиіс, — деді Премьер-Министр.
Одан бөлек, ол «Бәйтерек» бәсекеге қабілетті бизнесті дамыту, халықты қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету және республиканың азық-түлік қауіпсіздігін нығайту бойынша жұмыстарды күшейтуі қажет екенін де атап өтті.
Сондай-ақ, Әлихан Смайылов холдинг ұжымына жүктелген барлық міндеттерді шешуде табысты жұмыс тіледі.