Діни теріс ағымдарға заңмен қатаң тыйым салатын кез жетті - Қазыбек Иса

3272
Adyrna.kz Telegram
Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса діни теріс ағымдарға байланысты Премьер-министр мен Ұлттық Қауіпсіздік комитеті төрағасына депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды adyrna.kz ұлттық порталы.
“Біздің сауалымыз басқа еді, бірақ мен бүгінгі дін жайлы маңызды тақырыпта сөйлесем деймін.
Құрметті әріптестер, діни радикализмге заңмен қатаң тыйым салатын кез жетті!Өйткені олар ұлтты жою күресін қатты қарқынмен жалғастыруда.
“Ақ жол” партиясы  парламентте талай жылдан бері діни теріс ағымдарға қатаң тосқауыл қоятын заң қабылдауды ұсынып келеміз.
1.2011 жылы бұл мәселені билік те қолға алып, барлық министрлік пен Бас прокуратура мен Жоғары сот та қолдағанда, қай орган қарсы болды?!. Тек Ұлттық Қауіпсіздік комитеті қарсы шығып, осы тыйым салу заңға енбей қалды.
2.Мен мұны сол кезде Ұлттық Қауіпсіздік комитеті ұйымдастырған конференцияда  «Радикалдық теріс ағымдарға қарсы заң қабылдауға тек сіздер ғана қарсы болдыңыздар! Арамшөптің тамырын жоймаса, тек бетін ғана шапқан болса, ол қайта қаулап шыға береді. Сіздер осылай елді алдап келесіздер!» – деп, ашық айттым.
3.”Қазақ үні” газетіне: “Ұлттық қауіпсіздік комитеті - ұлтқа қауіпті комитет пе?”-деген мақала да жаздық.
Енді сол күдігіміз кешегі ҚАҢТАР қасіретінде расқа айналды.
4.Ал 2009 жылы да дін заңына өзгерістер енгізілетін болды да, біз “Қазақ үні” газетінде Діни басқармамен бірігіп, заңға діни ағымдарға тыйым салатын бап енгізу мәселесін көтердік”, - деді ол.
Қазыбек Иса сол кездегі солқылдақ билік осы тыйым салу бабын енгізе алмағанын айтады. Депутат дер кезірде заң қабылданғанда Қаңтардың қанды қасабына  айналған небір қайғылы оқиғалар болмас еді деп мәлімдеді.
“6.Кезінде академик Рахманқұл Бердібай “Қазақ үні” газетінде жазғандай, “Хазария қасіретін” ұмытпайық! 7-10 ғасырларда өмір сүрген,
1)еліне барлық діни ағымдарды кіргізген, 2)көп дінді, көп тілді ел,
3)билігінен бастап, саудагерлеріне дейін өзге тілде сөйлеген Хазариядай түркі мемлекеті  қазір қайда? Картада жоқ!-Жойылып кетті!
7.”Діні бар да, ұлты жоқ, Сақалы  бар да, мұрты жоқ, Ел түбіне сол жетер! – деп, бір ғасыр бұрын жазған Мәшһүр Жүсіп әулие шынында көреген екен.
8.Мен өзім осы жасымда кешеге дейін мұрты жоқ сақалдыларды көрген емеспін. Мұрты жоқ, тек сақалы сапсиып тұрған Хан Абылайды, Әйтеке, Төле, Қазыбек билерді, Ер Махамбет, Ұлы Абай, Жамбыл, Әлихандарды елестете аламыз ба?!. Қазіргі шет елге барып, күмәнді оқуларда бірнеше ай оқып келген теріс ағымды «ұстаздар» осы ұлыларымыздан артық, ақылы асып, білімі тасып келгендер ме?
9.Қазір  ән әлемінде, айтыста, спортта да тайраңдап жүрген жат ағымның өкілдері дінді жамылып алып, әріптестері мен әнсүйер, жанкүйерлеріне өз «салттарын» кіргізіп жатыр.
10.Өткен 30 жылдық теріс саясат қазақтың  «нұр» деген жалынды сөзін жағымсыз сөзге айналдырса, теріс діни ағымдар тіпті,  ең қымбат, ана деген аяулы атпен қатар аталатын «Шеше» деген қастерлі атауға қара күйе жағып, «ұстаз» деген ұлағатты ұғымның мәнін құртты.
11.Діни теріс ағымдағылар елді екіге бөліп, мылтықсыз-ақ мыңдаған жастарымызды қазақтың қатарынан шығарып қана қоймай, ұлтты жою үшін елге қарсы қауіпті күштерге айналдырып жатыр.
12.Дінге, тілге, жерге
қарсы елбұзар теріс ағымдардың бәріне заңмен тосқауыл қойылуы тиіс!
13.Ел үшін ең қымбат Ұлтқа, адам үшін ең аяулы - Әке-Шешеге, Қазаққа  ең адал Домбыраға қарсы харам пиғылдылардың еркін тарап  жатқан Ел түбіне жетер вирусын шұғыл заңмен тоқтататын кез жетті!
14.Ұлттық мүддеміз бен дәстүрімізге, ел бірлігіне балта шауып, Мемлекетке тағы да қатер төндіріп жатқан  Діни теріс ағымдарға заңмен қатаң тыйым салу қажет”, - деді Қазыбек Иса.
Пікірлер