Әлі де грантты жеңіп алуға мүмкіндік бар - Асхат Аймағамбетов

1938
Adyrna.kz Telegram
Фото: gov.kz
Фото: gov.kz

Білім грантын жеңіп алмағандарға әлі де ақысыз оқуға түсуге болады. Бұл туралы Парламент мәжілісінің депутаты Асхат Аймағамбетов айтты, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Айта кетейік, 5 тамыз күні Ғылым және жоғары білім министрлігінің ресми сайтында және әлеуметтік желілерінде 2023-2024 оқу жылына арналған білім гранты иегерлерінің тізімі жарияланды.

Ал жоғары оқу орындарына құжаттарды тапсыру 25 тамызға дейін жүзеге асырылады.

Грантты жеңіп алмағандарға не істеуге болады? Комменттерде және жекеме де осындай сұрақ көп қойылып жатыр. Сондықтан қысқаша өз ойымды жазайын. Бастысы, әлі де грантты жеңіп алуға мүмкіндік бар. Неге? Біріншіден, игерілмеген бірнеше мың грант қайтадан үйлестіріледі. Яғни грант алған талапкерлерден кейін тұрған талапкерлерге ҰБТ-да жинаған ұпай санына сәйкес беріледі. Соны күтуге болады. Екіншіден, әкімдіктердің гранттары бар. Бірнеше мың грант жергілікті бюджеттен бөлінеді. Үшіншіден, "Қазақстан халқына" қорының гранттары тағы бар, - деп жазды А. Аймағамбетов әлеуметтік желідегі парақшасында.

Асхат Аймағамбетовтың айтуынша, кейбір талапкерлер түрлі себеп бойынша жеңіп алған гранттарынан бас тартуы мүмкін. Олардың саны да аз болмайды. Бұл гранттар да қайтадан бөлінеді.

Тіпті ештеңе болмаса, университетке ақылы түрде түсіп, кейін жақсы оқып, GPA жоғары болса, білім алу кезінде босаған бос грантты ұтып алуға болады. Сонымен қатар, "gap year" арқылы бір жыл дайындалып, қайтадан ҰБТ тапсырып, грантты жеңіп алу мүмкіндігі бар. Ол менің өз басымнан өткен оқиға. Бұл да жақсы шешім, - деді депутат.

Сондай-ақ, колледжге түсуге болатынын және онда грант көп екенін айта кетті.

Колледжге түсуге болады. Колледжде грант көп, қажет мамандықтар бойынша колледж бітіргендер нарықта тапшы. Керек болса, кейін әрі қарай ЖОО-ға түсіп, қысқа мерзімде жоғары білім алып шығуға да болады. Көріп отырғандарыңыздай мүмкіндіктер өте көп. Бәрі алда. Толық мәлімет алу үшін университеттердің қабылдау комиссиясына жолығу керек, - деді Асхат Аймағамбетов.

Пікірлер