Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің елу үшінші ракеткасы Александр Недовесов Бастад ATP 250 турнирінің чемпионы атанды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
Қазақстандық теннисші эквадорлық Гонсало Эскобармен бірге финалда португалиялық Франсишку Кабраль – бразилиялық Рафаэль Матоспен бас жүлде үшін сынға түсті.
А.Недовесов пен Г.Эскобар екі сетте де 6:2, 6:2 есебімен басымдылық танытты. Олар бір сағаттан астам уақытқа созылған бәсеке барысында 1 эйс жасап, 10 брейк-пойнттың тең жартысын пайдаланды. Қарсыластары 3 эйс, 1 брейкпен (4 брейк-пойнт) шектелді.
Осылайша, А.Недовесов өз спорттық жолында алғаш рет ATP 250 жарысының жеңімпазы болды. Бұған дейін ол төрт мәрте финалға шығып, бәрінде жеңіліс тапқан еді.