Тынық мұхитында 51 жастағы Тим Шеддок есімді австралиялық азамат құтқарылды, деп хабарлайды “Адырна” жергілікті 9 NEWS телекомпаниясына сілтеме жасап.
Тим Шеддок итімен бірге өз кемесінде үш ай бойы ашық мұхит айдынында жүзген. Ол сәуір айында Мексиканың Ла-Пас портынан катамаранмен жолға шығады. Тынық мұхиты арқылы Француз Полинезиясына дейін 6000 шақырымды еңсеруді жоспарлаған. Жолаушы өзімен бірге иті Белланы алған.
Алайда бірнеше аптадан соң мұхитта қатты дауыл орын алып,
катамарандағы электроника мен радиобайланысты істен шығарып, катамаранды басқару мүмкін болмаған. Оларды тек 3 айдан соң ғана, 6 шілде күні тікұшақпен өтіп бара жатқандар байқаған.
3 ай бойы Белла мен оның қожайыны жаңбыр суын ішіп, мұхитта ұсталған шикі балықты жеп, күн көрген. Алыс сапарға шыққандардың балық аулайтын торы болған.
Қазір олар құтқарылып, Мексикаға қайтып бара жатыр. Теңізге жалғыз саяхаттауды жөн санаған 51 жастағы австралиялық:
"Мен теңізде өте қиын сынақтан өттім. Маған тек демалыс пен жақсы тамақ керек. Өйткені көптен бері жалғыз болдым. Әйтпесе, денсаулығымда бәрі жақсы", - дейді.
Дәрігерлер 3 ай бойы мұхитта болған саяхатшылардың қазіргі жағдайы жақсы екенін мәлімдеді.