Абай облысы Абай ауданындағы Саржал ауылында Доғал би ескерткіші бой көтерді. Бұл туралы облыс әкімдігі жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
«Биыл әрі би, әрі батыр, аузы да ісі де дуалы, аса жомарт жан болған «Доғал би» бабаның туғанына 250 жыл толып отыр.
Бүгінде осынау мерейтой аясында Саржал ауылында Доғал би ескерткіші бой көтерді.
Сонымен қатар, Доғал биге арналған «Дуалы ауыз Доғал би» атты кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті.
Кейін «Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасының «Туған жерге тағзым» акциясы аясында Қанапин Берік Бейсенұлының демеушілігімен бой көтерген күрес залы ауыл халқына сыйға тартылды.
Шара барысында аудан әкімінің орынбасары Смағұлов Мейіржан шараны ұйымдастырған Доғал би ұрпақтары мен ауыл халқына алғысын білдірді»,—делінген хабарламада.
Шара соңы ұлттық ат спорты түрлерінен «Тай жарысы», «Жорға жарысы», «Топ бәйге», «Аламан бәйге» және қазақша күреспен жалғасты.
Сондай-ақ, ауыл тұрғындары мен қонақтарына «Қаламқас» ән-би ансамблінің мерекелік гала концерті ұсынылды.