Шілдеден бастап жәрдемақы өсетінін еске салған Премьер-министр баға туралы айтпады

4594
Adyrna.kz Telegram

Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында биылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енетін жаңа Әлеуметтік кодекстің нормаларын іске асыру мәселелері қаралды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Премьер-Министрдің айтуынша, жаңа Кодексте ұсынылып отырған шаралар әлеуметтік қорғау жүйесін халықаралық стандарттарға сай қайта ретке келтіруге мүмкіндік береді.

«Әлеуметтік қорғау және зейнетақымен қамтамасыз ету саласы бойынша барлық заңнама бір жүйеге келтірілді. Әлеуметтік кодексте күші жойылған 10 заңның негізгі нормалары сақталды. Сонымен қатар бірқатар жаңа ереже қарастырылған. Олардың барлығы халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған», — деді ол.

Үкімет басшысы Кодекстің маңызды жаңалығының бірі зейнетақыны кезең-кезеңмен арттыру екенін атап өтті. Мәселен, биылғы 1 қаңтардан бастап 2027 жылға дейін базалық зейнетақы мөлшері орта есеппен 51%-ға өсетін болады. Яғни, 2 млн-нан астам зейнеткер осы қолдау шараларымен қамтылмақ. Жалпы қабылданып жатқан шаралар 2025 жылға қарай жиынтық зейнетақыны орта есеппен 27%-ға арттыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар Премьер-Министр енді азаматтар өздерінің зейнетақы активтерінің 50%-ын сенімгерлік басқаруға беруге құқылы екенін айтты. Жинақтардың қалған бөлігі Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында қалады.

«1 шілдеден бастап мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы тағы 14,5%-ға ұлғаяды. Жалпы өсім 23%-ды құрайды. Мүгедектік медициналық мекемелерге міндетті түрде бармай-ақ және растау алмай-ақ, проактивті түрде белгіленетін болады. Қорытындыны тәжірибелі дәрігерлерден құралған тәуелсіз сарапшылар береді», - деді Әлихан Смайылов.

Оған қоса балалы отбасыларды қолдау үшін Алтын алқа, «Ана даңқы» және «Батыр Ана» наградаларымен марапатталған аналарға төленетін жәрдемақы мөлшері сараланды. Еліміз бойынша 90 мыңға жуық ана жоғары жәрдемақы алады.

Қорытындылай келе, Үкімет басшысы жәрдемақыларды арттыруды, олардың уақытылы әрі толық көлемде тағайындалуын қамтамасыз ету қажеттігін айтты.

Пікірлер