Путин өзі "сатқын" деген вагнершілерге алғыс айтып, Беларуське баруды ұсынды

2726
Adyrna.kz Telegram

Ресей президенті Владимир Путин «Вагнер» жекеменшік әскери компаниясының көтерілісі кезінде әскери ұшқыштардың қаза тапқанын мойындады, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«Қаза тапқан ұшқыштардың батылдығы елімізді құтқарып қалды», - деді басшы «Бірінші арнаның» эфирінде сөйлеген сөзінде.

Мемлекет басшысы дұрыс шешім қабылдап, кері шегінген жалдамалыларға алғысын білдірді.

«Сіздерге алғыс айтамыз. Ресей Қорғаныс министрлігімен келісімшарт жасасып, туған-туыстарыңызға немесе Беларуське баруды ұсынамыз. Мен берген уәде орындалады.Таңдау өз еріктеріңізде. Бірақ бұл өзінің қайғылы қателігін түсінген ресейлік сарбаздардың таңдауы болатынына сенімдімін»,—деді Путин.

Сондай-ақ президент қантөгісті болдырмауға бағытталған қадамдар оның тікелей нұсқауы бойынша жасалғанын атап өтті.

 

Еске салайық, 24 маусымға қараған түні Пригожин Ресейдің ресми әскери басшылығын соққы берді деп айыптап, өзі "әділет маршы" деп атаған әскери наразылық шарасын өткізген. Олар Дондағы Ростов  қаласынан Мәскеуге 200 шақырым қалғанша жүріп барған. Бүлік фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сол кезде жасаған мәлімдемесінде Путин Пригожинді "сатқын" деп айыптаған болатын. "Бұл – сатқындық. Шамадан тыс амбициялар сатқындыққа әкелді," - деген болатын Ресей басшысы. Алайда соңғцы сәтте, ресми нұсқа бойынша, Беларусь президенті Александр Лукашенконың арашалауымен Пригожин мәмілеге келіп, әскерін Мәскеуден кері қайтарды. Сондай-ақ Ресей президентінің баспасөз хатшысы қылмыстық істі тоқтату туралы шешім қабылданғанын хабарлаған.

Ал 27 маусымда «Коммерсант» газетінің дереккөзі бұл мәселе бойынша қылмыстық іс қозғау туралы шешім әлі жойылмағанын, көтеріліске қатысты тергеу жалғасып жатқанын айтқан.

 

Пікірлер