Қаза тапқан орманшылардың отбасыларына 7 млн, әр балаға 2 млн теңгеден төленеді

1916
Adyrna.kz Telegram

12 маусым күні Үкіметте жедел жиын өтті.  Премьер-Министр Әлихан Смайылов және министрлер Абай облысындағы  өртті жою және одан зардап шеккен отбасыларға қажетті қолдау шараларын көрсету мәселелерін талқылады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы primeminister.kz сайтына сілтеме жасап. 

Кеңес төтенше жағдай кезінде қаза тапқандарды бір минут үнсіздікпен еске алудан басталды.

Әлихан Смайылов 10 күн ішінде оқиғаның барлық мән-жайын анықтап, тиісті қорытынды жасауды тапсырды.

Мемлекет басшысының Абай облысындағы жедел штаб отырысында берген тапсырмаларын орындау үшін қаза тапқандардың отбасыларына «Қазақстан халқына» қорынан 7 млн теңгеден, сондай-ақ кәмелетке толмаған әр балаға 2 миллион теңгеден төленетін болады. Бұдан бөлек, қаза тапқандардың отбасыларына және зардап шеккендерге қажетті қолдау шараларын көрсету мақсатында арнайы қор құрылды.

Сонымен қатар 40-тан астам қазақстандық ЖОО өрттен зардап шеккен отбасылардың студенттеріне гранттар мен жатақханадан орын беруге дайын. Оған қоса ақылы негізде оқитын студенттер мен магистранттарды грантқа ауыстыру көзделген.

Үкімет басшысы табиғатты қорғауды күшейту үшін бірқатар шараларды қолға алу қажет екендігін айтты. Атап айтқанда, бейнебақылау және мониторинг жүйелерін енгізуді, материалдық және техникалық тұрғыдан жарақтандыру қажеттігін атап өтті.

Еске сала кетейік, 8 маусым күні Абай облысындағы орман өртке оранды. Өртпен күреске түскен 14 орманшы қаза тапты. Абай облысы әкімінің орынбасары Димитрий Гариковтың айтуынша, өрт 2 рет түскен найзағайдан тұтанған.

12 маусым елімізде Аза тұту күні болып жарияланды.

Алапат өртпен күрес әлі жүріп жатыр.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер